Жаңалықтар

ОҚО оқушылары шекара бұзушыларды ұстап берді

ашық дереккөзі

ОҚО оқушылары шекара бұзушыларды ұстап берді

ОҚО, Сарыағаш ауданының оқушылары шекарашыларға қылмыскерлерді ұстауға көмектесті. Жасөспірімдердің арқасында шекара бұзған екі өзбекстандық азамат тиісті жазаларын алды.

ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан Сарыағаш шекара заставасының күзетіндегі Мемлекеттік шекара аумағында (Қазақстан - Өзбекстан шекарасы), шекарада жүріп-тұру режімін бұзған екі Өзбекстан азаматы ұсталды. Аталмыш аудандағы Ақниет ауылында пайда болған екі адамның түр-түсінен, жүріс-тұрысынан секем алған осы ауылдың Ұлықбек атындағы орта мектебінің 5 және 7 «А» сыныптарында оқитын екі оқушы, Нұрдәулет пен Ернұр суыт жүрген бейтаныс адамдарды бақылап, тоқтаған жерлерін естерінде сақтап алған. Сөйтіп оларды іздестіріп жүрген шекарашыларға жөн сілтеген. Әрі қарай шекарашылар өздерінің үйреншікті ісі бойынша Мемлекеттік шекараны бұзушыларды қолға түсірді. Ұсталғандардың бірі көрші мемлекет аумағында жасаған қылмыстары үшін Өзбекстан тарапынан күдікті ретінде танылып, 2014 жылдың желтоқсанынан бері халықаралық іздеуде жүрген азамат екені белгілі болды. Біздің еліміздің аумағында да қылмыстық істерін мұқият жоспарлап, өз қандастарын Мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізудің «қалтарыс» жолдарын қарастырып қойғандығы әшкереленді. Оқушылар көмектеспегенде қылмыскерлер сытылып кетуі әбден мүмкін еді. Сондықтан Сарыағаш шекара отрядының басшылығы Ұлықбек атындағы орта мектепке арнайы келіп, мектеп ұжымына алғыс айтты. Шекарашылар Нұрдәулет Хасанов пен Елнұр Ілеске сый-сыяпат жасауды да ұмытқан жоқ.