Жаңалықтар

Қазақстанда мектеп маңындағы мешіттер сүрілмейді

ашық дереккөзі

Қазақстанда мектеп маңындағы мешіттер сүрілмейді

Қазақстанның қоғамдық даму министрлігі білім беру мекемелеріне жақын орналасқан "мешіттер бұзылады" деген мәліметті теріске шығарды, деп хабарлайды centralasian.org. Өткен аптада жергілікті ақпарат құралдары "мектепке 300 метр жерде орналасқан барлық мешіттерді сүру туралы" жаңа ереже қабылданды деп таратқан. Қоғамдық даму министрлігі тамыздың 7-сі күні Азаттыққа бұл мәселеге қатысты қоғамда “түсініспеушілік туындағанын” хабарлады. Азаттыққа берген ресми жауабында министрлік жұмыс істеп тұрған діни ғимараттарды сүру туралы талаптардың заңда көрсетілмегенін айтып, олардың бұзылмайтынын меңзеген. Әйткенмен, министрлік 2017 жылы 9 маусымда дін істері және азаматтық қоғам министрінің бұйрығымен қабылданған нұсқаулықтың 7-ші пунктіне сілтеме жасайды. Оған сәйкес, "діни шараларды өткізуге арналған ғимарат білім мекемелерінен (діни білім беру мекемелерін айтпағанда) кемінде 300 метр қашықтықта орналасады". “Ал мешіттер немесе басқа діни бірлестіктерге тиесілі діни ғимараттарға жоғарыдағы талаптар қойылмайды. Бұл жағдай басқа нормалармен реттеледі” делінген министрлік жауабында.