Жаңалықтар

Мектепке 300 метр жақын орналасқан мешіттер сүріледі деген ақпарат жалған

ашық дереккөзі

Мектепке 300 метр жақын орналасқан мешіттер сүріледі деген ақпарат жалған

ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті (бұдан әрі – Комитет) 2018 жылғы 2 тамызда БАҚ беттерінде жарық көрген Қазақстанда мектепке жақын орналасқан мешіттер сүріледі деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Өйткені елімізде 2018 жылғы сәуір айында 300 метр аумақта орналасқан барлық мешіттерді бұзатын ереже немесе діни ғимараттардың құрылысын регламенттейтін жаңа нормалар қабылданған жоқ. Осы жерде түсініспеушіліктің туындағаны анық. Қазіргі уақытта, қолданыстағы зағнамаларға мұқият үңіліп қарайтын болсақ БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттың бір-бірінен алшақ кетіп жатқанын анықтауға болады. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 9 маусымдағы № 89 бұйрығымен бекітілген «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі» Нұсқаулықтың 7-тармағына сәйкес, діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жай темір жол және автовокзалдарды, әуежайлар мен порттарды қоспағанда, осы Нұсқаулықтың 5-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген аумақтар мен ғимараттардан (оларға іргелес аумақтар болмаған жағдайда) 300 метрден кем емес қашықтықта орналастырылады деп көрсетілген. Бұл талап сауда орталықтарының ішінде, әуежай, сапаржай және темір жол вокзалдарында орналасқан, діни құлшылықты орындауға арналған ғибадат ету бөлмелеріне қатысты. Ал, мешіттер немесе басқа да діни бірлестіктерге тиеслі діни ғимараттар үшін жоғарыдағы талаптар қойылмайды. Бұл жағдай басқа нормалармен реттеледі. Атап айтқанда, ғибадат үйлерін салу  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 147 бұйрығымен бекітілген «Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартымен реттеледі және осы стандартта  300 метрге қатысты ешқандай талап қойылмаған. Жоғарыда бекітілген стандартқа сәйкес талап етілетін қажетті құжаттар тізбесі: 1) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш; 2) жеке тұлғалар үшiн – жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi немесе заңды тұлғалар үшiн – салыстырып тексеру мақсатында құжаттардың түпнұсқасын міндетті түрде ұсына отырып, діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшiрмесi; 3) тіркелген діни бірлестіктің басшысы қол қойған ғибадат үйін (ғимаратын) салу туралы еркін нысандағы негіздеме (ғибадат үйінің (ғимаратының) атауы және діни бірлестікке тиесілі құрылыстың мақсаты, аталған әкімшілік-аумақтықта тұратын (ауыл, елдімекен, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс) діни қажеттілігін қанағаттандыруға мұқтаж адамдардың саны мен діни ғимаратта қызмет беретін діни қызметкерінің кандидатурасы; 4) ғибадат үйін (ғимаратын) салу жоспарланып отырған аумақта жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) ғибадат үйін (ғимаратын) салуға (жақын маңда ғибадат үйі (ғимараты) аумағымен шектесетін (сонымен қатар, шекара аралығында сервитут, автомобиль жолы өтетін болса) тұрғын үйлер болған жағдайда ұсынылады) келісетіні туралы шешімінің көшірмесі. Осы орайда, 300 метрден кем емес қашықтықта орналасу шарты тек қана діни заттарды сататын дүкендер және ғибадат үйлерінен (мысалы, мешіттер) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған орындарға ғана қолданылады. Сондықтан қоғамның мешіттер немесе басқа дін өкілдерінің діни ғимараттары сүріледі деп дүрлігуіне ешқандай негіз жоқ деп сендіре аламын.

ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім Комитеті төрағасының орынбасары м.а. Балғабек Мырзаев