Жаңалықтар

Дональд Трамп Ақ үй басшысы атанса, жалақыдан бас тартуға әзір

ашық дереккөзі

Дональд Трамп Ақ үй басшысы атанса, жалақыдан бас тартуға әзір

2016 жылы АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Сайлауға  Республикашылар партиясының атынан ұсынылған кәсіпкер Дональд Трамп президент тағына жайғасса, жалақысыз жұмыс істейтіндігін айтты.

Дональд Трамп: «Мен президент болып сайлансам, ең алдымен, жалақы  алудан бас тартамын. Бұл мен үшін ешқандай қиындық туғызбайды. Жылдық  табысым онсыз да 400 млн. долларға жақын, жалақыға мұқтаж емеспін», –  деді. Forbes журналының мәліметтеріне көз жүгіртсек, өз құрылыс империясы бар миллиардер Трамптың байлығы 4,1 млрд. долларға жуықтап қалыпты. Ал Дональд Трамп өзінің сұхбатында капиталының 10 млрд. доллардан асатынын ашық айтқан.

Бұған дейін Трамп өзінің сайлауалды науқанына 1 млрд. доллар жұмсауға әзір екенін айтқан. Егер Дональд Трамп Ақ үйге басшы болса, жалақыдан бас тартқан үшінші АҚШ президенті атанады. Айта кетейік, тау-кен саласында кәсібін дөңгелетіп, 1929-1933 жылдар аралығында Ақ үйдің 31-басшысы болған Герберт Гувер және ауқатты жанұядан шыққан 1961-1963 жылдары президент тағында отырған 35-ші президент Джон Кеннеди жалақыларын қайырымдылыққа жұмсап отырған еді.