ҚУЫРШАҚТА ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ ҚАРБАЛАС

ҚУЫРШАҚТА ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ ҚАРБАЛАС

ҚУЫРШАҚТА ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ ҚАРБАЛАС
ашық дереккөзі
 Ересектердің жыл бойы талмай істеген жұмыстарынан еңбек демалысына шығып, балалардың оқу жылы аяқталып, жұртшылық асыға күтетін жаймашуақ жаз мезгілі де келіп жетті. Бұл мезетте жаның қалап, көңіліңе жаққан жерден сая табуға асығып тұрасың. Көрікті мекендер сәт санап көбейіп, сан түрлі демалыс орындарының саны артқанымен, санаңды сергітіп, рухани азық беретін құнды орындар саусақпен санарлық. Әсіресе, бала тәрбиесіне септігін тигізіп, оның еркін, жан-жақты дамуына оң ықпал ететін өнер ордаларына көбірек бас сұғуына баса назар аударылғаны құба-құп. «Ел боламын десең бесігіңді түзе», – дейді ғұлама Әуезов. Иә, расымен, өскелең ұрпақ – елдің келісті болашағының кепілі, ұлт болмысының биіктігін көресететін келбеті, бейбіт мекеннің атын әлемге әйгілі ететін тұтас халықтың айнасы. Сондықтан, тектілігі тереңге тамырлаған ұлы алаштың жалғасы ретінде бала тәрбиесін жақсартуда аянып қалмауымыз керек.  width=   Осы ретте, 83 жылдық терең тарихы бар киелі қуыршақ театрының атқарып жатқан тағылымды дүниелері тілге оралады. Бәрінен де көңілді қымбат санап, көрерменіне қуаныш сыйлауды мақсат тұтқан мәдениет ордасы – әрбір қойылым алдында театрға келген қонақтарының көңілдерін көтеріп, бойларын сергітіп, түрлі ойындар ойнатып алуды әдетке айналдырған. Аталмыш өнер ордасының басқа театрлардан тағы бір ерекшелігі жаз бойына тынымсыз еңбек етіп, өз көрермендерінің уақыттарын тиімді өткізулеріне ықпал жасауында. Мемлекеттік қуыршақ театры патша көңілді көрермендеріне жұмыс күндері айлық репертуар бойынша жоспарланған қойылымдарын театр төрінде сахналаса, сенбі-жексенбі күндері өнер сүйер қауымның уақытын тиімді өтуін негізге ала отыра, Алматы Мемлекеттік хайуанаттар бағына қыдыра барған көпшілікке таңдаулы туындыларын ұсынады.  width=Кең көлемді байқаулардың бәйгесін қанжығасына байлап, Қазақстанның түкпір-түкпіріне гастрольдік сапарға шығып жүрген қуыршақ театрының қоржынында тек балдырған бөбектерге ғана емес, ақыл тоқтатқан ересектерге де арналған қойылымдардың қатары толығып келеді. Осылайша жаз бойына театр ұжымы талмай, үздіксіз еңбек етіп, күздің алғашқы айында көне трагедияның атасы Еврипидтің кең құлашты эпикалық жанрындағы «Медея» шығармасымен 84 маусымының шымылдығын ашпақ. Махаббатқа құл болған Медеяның мұңы мен тауқыметке толы тағдыры қуыршақ кейпіне еніп, көрермендерін тағы да бір таңдандырғалы тұр. Аталмыш туындыны қайта тірілту ШҚО «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Айдын Салбанға бұйырса, тың дүниені тамашалап, төрелігін беру сіздің еншіңізде, қымбатты көрермен. Кез-келген жастағы көрермен көңілінің сарайын рахатқа бөлеп, бақытты сәт сыйлайтын өнер ордасында уақыттарыңызды тиімді өткізіп, рухани байлыққа кенелуге асығыңыздар.

Айжан ЕСЕНГЕЛДІ