Тал түсте қиылған өмір
Тал түсте қиылған өмір
Өткен аптада қазақ спорты ауыр қазаға ұшырады. Ай мен күннің аманында, тапа тал түсте, Алматының қақ ортасында еліміздің мақтанышына айналған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қарақшылар қолынан ажал құшты. Осылайша, небәрі 25 жасында белгілі спортшы қыршынынан қиылды.
Көліктің айнасын ұрламақ болғандар қылмысының үстінен түскен Дениске бірнеше жерден пышақ сұғыпты. Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған қанды оқиғаны құқық қорғау мамандары да кеш білген.
Суыт хабар тез арада тарап үлгерді. Аяқастынан болған оқиға талайды есеңгіретіп тастады. Спорттың ішіндегі ең қиын әрі жанкешті түрі – мәнерлеп сырғанау бойынша еліміздің абыройын асқақтатып, көк туын желбіретіп жүрген спортшының орны ойсырап қалды. Сочиде өткен олимпиадада қола жүлдеге ие болып, Қазақстанда да мәнерлеп сырғанау мектебінің қалыптасып келе жатқанын дәлелдеген Денис Тен өзінен кейінгі қаншама жас өренге үлгі еді.
Жақында ғана Астанада «Денис және оның достары» атты жоба арқылы әлемнің үздік спортшыларының басын қосып, мерекелік көңіл-күй сыйлағаны да көрермен жадында. Ол мұз айдынына бойын қорқыныш пен үрей билеп шыққан талай шәкіртке құштарлық пен махаббат сыйлады. Жас жеткіншектермен өткен кездесулерде адам діттеген мақсатына жету үшін әркез тәуекелге бару керектігін де жиі айтып, санаға сіңіріп жүрді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында білген-түйгенін балаларға үйреткісі келгенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Кішкентайынан спортты да, өнерді де серік еткен Денис Тен көптің есінде тек жақсы қырынан қалды. Бірақ әлі талай биік белесті бағындыратын спортшының қыршын кеткені өзекті өртейді.
Таланттарды неге қорғай алмаймыз?
Шын мәнінде, бәрі де Жаратушының қолында болғанымен біз Денис Тенді қорғай, оның өмірін сақтай алмадық. Қазір көп жұрттың біреуді пышақтаған немесе пышақталған танысы бар. Ауылдан қалаға келіп, бәзбір қандықолдардың қолынан қаза тапқан азаматтар жайлы да ақпаратқа ет үйренген. Осының бәрі, қанды оқиғалар біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналып кеткенін аңғартады. Алайда Елбасы пәрмен берген соң ба, ертесіне-ақ қылмыстық іске қатысы бар делінген екі күдікті ұсталды. Жамбыл облысының тумасы, 24 жастағы Нұралы Қиясов бетпе-бет кездесу барысында спортшыға пышақ сұққанын мойындаса, ал оның сыбайласы, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы, бұған дейін сотты болған Арман Құдайбергенов те кінәсін мойындады. Екеуі де жап-жас. Жеңіл жолмен ақша табуды кәсіпке айналдырған екі жігіт өзінің өмірін қор қылғаны былай тұрсын, ел спорты тарихының маңдайына біткен жастың бүкіл арман-мұратын табанға таптады. Елдің атын шығарып, даңқын асырып жүрген азаматтар, тұлғалардың өміріне, жеке бастарының қауіпсіздіктеріне мемлекеттік тұрғыдан назар аударатын кез келді. Әрі-беріден соң бұған дейін де талай саңлақтан көз жазып қалдық. Оларды кім көрінген соққыға жығып, бауыздап кете беретін болса, қарапайым адамдардың қауіпсіздігі туралы қалай айтамыз? Өйткені қазір қоғамдық қауіпсіздік мәселесі өте осал жеріміз. Неге Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ спортының саңлағы, ұлттық құраманы басқарған Әбдісалан Нұрмахановты, жасындай жарқ еткен боксшы, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты, бокстан үш дүркін Азия чемпионы Ермек Серіков сияқты топ жарған таланттарды қорғай алмадық? 2000 жылы Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов жол апатынан көз жұмса, 2002 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан ұлттық құраманы 4 жыл басқарған Әбдісалан Нұрмахановты үйінде әлдебіреулер атып кеткен еді. Сол жылы Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбраимовты бұзақылар соққыға жықты. 2009 жылы бокстан үш дүркін Азия чемпионы Ермек Серіковты белгісіз біреу атып, өлтіріп кетті. Сол жылы зілтемірші Илья Ильинді пышақтады деген әңгіме желдей есті. 2013 жылы «Ақтөбе» клубының ойыншысы Эмиль Кенжесариевті соққыға жығылып, жарақат салдарынан футболшы спортпен қош айтысты. Айта берсеңіз, мұндай жағдайлар өте көп. Әсіресе, Мәскеу олимпиадасының чемпионы, теңдессіз балуан, 33 жасында ажал құшқан Шәмiл Серiков жайлы бұл күнде бiр ауыз сөз айтылмайды. Өмiрден озғанына 20 жылға жуықтаған арыс жайлы әлi де ақиқат ашылған жоқ, құр сыпсың сөз, жанама долбар, әншейiн «ұзынқұлақ». Ал шындыққа үңiлсек, Серiков әлемiнiң өзiндiк тұңғиығы бар екенін, онда түрлi қуаныштар мен өкiнiштер, жабығу мен торығулар кезектескенін аңғару қиын емес. Дәл осылай қазақ даласын күңірентіп кеткен Бекзат Саттархановтың өлімі де түрлі қауесет күйде қалды. «Қастандық жасалды» деген күдікпен сот-сараптамалық ісі де жүргізілді. Ең бастысы, 20 жасында Олимп шыңын бағындырған спортшының қазасы қазақ еліне аса ауыр тиіп, көңілде ауыр нала қалды. Тіпті, жыл сайын Бекзатты еске алуға орай өтетін турнирге де келетіндердің саны да азайыпты бұл күнде. Спортшының әкесі Сейілхан Саттарханов: «2016 жылы өткен турнирге елге сыйлы ешкім келген жоқ. Тек атақты боксшы Ермахан Ыбырайымов қана келді. Басқа басшылар жоқ, тіпті, Түркістанның әкімі де келмеді. Ал ұлымның құрметіне өткізілген алғашқы турнирлерде қала былай тұрсын, облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі келген. Ал қазір Бекзатты тек Түркістан ғана біледі. Ел ұмытып бара жатқандай...» деген өкінішін жеткізді. Денис Тен өлімінің ауыр тигені – оның әлемдік деңгейдегі жұлдыз болуымен, халықтың сүйіспеншілігіне бөленуімен тығыз байланысты. Ұлты кәріс болса да, көк туыңды көтерді ме – ол сенің ұлың! Иман – бүкіл адамзатқа ортақ. Кімнің жүрегінде ізгілік оты, кімнің ар-ұяты бар, кім туған Отанына адал қызмет етті – сол иманды адам! Әттең, осындай талантты, дарынды жампоздарды сақтай алмай соңынан бармақ шайнаймыз. Бұдан былай да сүт бетіндегі қаймақтарды бақилық сапарға аттандыра береміз бе?Көлік айнасы – табыс көзіне айналған заман
Жасырары жоқ, күн сайын қаншама адам көлік тонаушылардан жапа шегіп жүр. Мұның кәдуілгі бизнес екенін де Денис Теннің өлімінен кейін анық білді жұрт. Әсіресе, алматылық тұрғындар автобөлшек ұрылары аулалардағы, тұрақтағы автокөліктерді қорасындағы қойдай таңдайтынын айтып жыларман. Маңдайдан шертіп жүріп қажетін алады. Шын мәнінде, олар ұрланған заттарын қайда өткізеді? Әрине, ұрылар Алматының іргесіндегі автобөлшек сататын қарабазарға арзан бағаға өткізетінін полиция жақсы білуге тиіс. Өкінішке қарай, қоғам да, құқық қорғау мекемелері де бұл бизнеске көзжұмбайлықпен қарап келді. Қала, аудан, ауыл деңгейінде жасалынатын барлық қылмыстың 80 пайызы ұрлық болса, ашылмайтын қылмыстардың ішінде де 80 пайыздан астамы осы ұрлық. Денис Теннің өлімінен соң қаладағы автобөлшектер саудасы бойынша брифинг өткізген Алматы қалалық ІІД мамандары: «Ұсталған бөлшектер көбінесе Carcity, Тұлпар базарларында сатылады. Көпшілік жағдайларда Lexus Toyota көліктерінің айнасына сұраныс жоғары. Полиция ұрланған бөлшектер сатылатын каналдарды тексеріп отырады. Автобөлшек орындарының тізімі бар. Бірақ жеке территорияларды прокурордың санкциясынсыз тексеруге қақымыз жоқ», – деді. Биыл Алматыда 1688 көлік тонау дерегі тіркелсе, былтыр 2310 қылмыс қаралған. 165-і ұсталса, оның 99 пайызы жұмыссыздар екен. Негізінен Алмалы, Әуезов, Бостандық аудандарында көлік тонау оқиғалары жиі кездеседі. «165 адамның ішінен 73 адам – Алматыға сырттан келгендер. Бұл жалпы алғанда қылмыскерлердің 44 пайызы. Қалған адамдар да Алматыға сырттан келіп, уақытша тіркелген адамдар болуы мүмкін. Негізінен мұндай қылмысты көбінесе сырттан келгендер жасайды», – деді ІІД өкілі А. Стрельцов. Тағы бір ресми емес деректерге сенсек, Алматы қаласында күніне кемінде 1000 машинаның заты ұрланады. Әр зат орта есеппен 100 доллардан сатылады екен. Бір күндік айналым 100 мың доллар. Бір айда ұры топқа 1 миллиард теңгелік пайда әкеледі екен. Көлік тонау қылмысы дегенде, журналист Мұхит Ықыластың мына жазбасы естен кетпей қойды. «10 жылдай бұрын, «Мерседес» көлігімнің айнасын қайта-қайта ұрлай берген кезде, айнаның сыртына лакпен қолымды (подпись) қойдым. Сол айнаны да ұрлап кетті. Ертеңіне, қолым қойылған сол айнамды автобөлшек базарынан қайтадан сатып алдым, ешнәрсе дәлелдей алмай... Түнде ұрланған айна таңертең базар сатушыларының қолына түсетін, жолға қойылған бизнес екенін сонда байқап едім. Ешнәрсе өзгермеген екен, тек айна ұрлығы тапа-тал түске ауысыпты. Жағдайымыз соншалықты жаман ба, қазақ елі?!», – дейді журналист. P.S. Белгілі жазушы, публицист Марат Қабанбай «Талант тас жарады... бас жаруы да ықтимал» («Ана тілі» №44, 4 қараша) атты мақаласында: «Талантты төбеге көтерудің орнына, көбіне, көпе-көрнеу төбеден түйеміз. Ерте замандарда Грекия Сократқа у берді, біздің ата-бабаларымыз «Бұдан гөрі жақсы өмір бар!» дегені үшін Анахарсисті жебе ұшына байлап жіберді, әзірбайжандар ұлы ақыны Насимидің терісін тірідей сыпырып алды, өзбектер астроном-математик Ұлықбекті шоқпарлап өлтірді. Қазақ та қалыса қоймаған. Тек өткен ғасырда Махамбеттің басын шапты. Біржанды «жынды» деп байлап-матап өлтірді, Ақан серінің Құлагерін мертіктірді, иесін көлге қуып тастады, тәмам халық алдында масқаралап, Абайдың басын жардық, Үкілі Ыбырайды теңізге тоғытып жібердік. Ит қоспаған талантымыз жоқтың қасы. Таланттардың жазығы не? Жазығы, айыбы – бойындағы бары мен сөлін туған халқына соңғы грамына дейін сығып бергендігі. Екіншіден, бізден, яғни халықтың 99 пайызын құрап отырған қара тобырдан артық туды. Артықтығымен біздің туасы арықтығымыз бен ақымақтығымызды, жүдеулігімізді тарих алдында тайға таңба басқандай дәлелдеп келді, дәлелдеп те жатыр. Талантсыз ұлт – қараң қалған ұлт. Тарихты гегемон емес, талант жасайды. Талант шіркін ұлт таңдамайды. Ол – бүкіл адамзатқа ортақ қазына...» деген мәтін жолдары көзге жылы ұшырасты. Біздің әу бастағы айтпақ түйін де осы. Иә, талантты адам бар жағынан талантты. Қаны басқа болса да, «қазақ елін алтынға айырбастамаймын» деген талантты ұлды қаскөйлердің алақандай айнаға айырбастап кеткені өкінішті. Айтпақшы, жұртшылық Алматыдағы екі мұз айдынының біреуіне Денис Теннің атын беруді ұсынуда. Және жақын арада Медеуде спортшының құрметіне ескерткіш орнатылмақ.Динара Мыңжасарқызы