Баукеспелер шайтан арбаға құмар
Баукеспелер шайтан арбаға құмар
Астаналық полицейлер өткен аптадан рейдтік шараларды бастады. Өйткені бас қалада велосипед ұрлығы өршіп тұр. Жыл басынан бері Астанада 271 велосипед қолды болған.
Полицейлердің айтуынша, велосипед ұрлығы жазда өршиді. Баукеспелер көп жағдайда үй ауласы мен кіреберісіндегі шайтан арбаларды ұрлайды екен. Астаналық құқық қорғаушылар жарты жыл ішінде ұрланған 271 велосипедтің 42-сін ғана тауып, иелеріне қайтарған. Ұрылардың бұл іске машықтанғаны сонша, арнайы кодпен байланып тұрған велосипедтерді де шешіп әкетеді. 35 адам қоғамдық орынға қойылған велосипедінен айырылған. Осы жағдайларды ескеріп, қазір полицейлер рейд жүргізуде. «Астана қаласында шілде айында 14 велосипед ұрлығының жолы кесілді. Баукеспелер ұрлауға әрекет жасап жатқан жерінен ұсталды. Егер де велосипедтеріңіз ұрланған жағдайда дереу полиция қызметкерлеріне хабарласу керек. Сонымен қатар, велосипедтің рамасында идентификациялық нөмірі болады, соны бір жерге жазып қойсаңыз, ол да жақсы көмек болады», – дейді Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.
Жазғы маусым кезінде өзгенің велосипедін қолды ету оқиғалары өрши түседі. Құқық қорғау органдары кәдімгі жеңіл көлік секілді енді велосипедтің де кітапшасын бірге алып жүру керектігін ескертеді. Ал дүкен сатушыларының айтуынша, биыл велосипед сатылымы артқан. Бұл Астанадағы веложолдардың жақсаруымен де байланысты болар. Сондай-ақ, жақында автобус билетінің бағасы қымбаттауы да шайтан арбаны ерттеп мінгендердің көбеюіне әсер еткен сыңайлы.