Қытайда жүлде алған «Алтынемел»

Қытайда жүлде алған «Алтынемел»

Қытайда жүлде алған «Алтынемел»
ашық дереккөзі
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Алтынемел» деректі фильмі ҚХР-дың Тайчжоу қаласында өткен Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығында «Шетелдің үздік деректі фильмі» жүлдесімен марапатталды. «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық саябағының бай табиғаты туралы баяндайтын деректі фильмнің авторы танымал фотограф-натуралист Олег Белялов. Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығының ұйымдастырушылары: Қытайдың телевизиялық суретшілер қауымдастығы, Чжэцзян баспа, радио, кино және телевизия әкімшілігі және Тайчжоу үкіметі. Мәдени іс-шара Азия елдерінде туризмнің және кинематография саласының дамуына бағытталған. Биыл аталған шараға Франция, Ресей, Қазақстан және Жапония сынды 23 мемлекеттен мыңнан астам кино және телебағдарламалар қатысты. «Алтынемел» – Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан ұлттық табиғи саябақ. Жер көлемі – 520 мың гектар. Саябақ аумағында туристерді қатты қызықтыратын бірегей табиғи құрылымдар және байырғы тарих ескерткіштері орналасқан. Шатқалдарында ежелгі адамдардың тасқа қашап салған суреттерін көруге болады.