Оңтүстік аймақтың қатысушылары да осал емес

Оңтүстік аймақтың қатысушылары да осал емес

Оңтүстік аймақтың қатысушылары да осал емес
ашық дереккөзі
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Астананың туған күніне орай ұйымдастырылған «Ұлы дала рухы» атты фестивальдің ашылу салтанаты өтті. «Қазмедиа» орталығының «Киноконцерт» залында ұйымдастырылған іс-шараға ұлттық спорттың тарландары, ресми орындардың өкілдері қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында ұлттық спорт түрлерін дамыту, рухани жаңғыруға бет алу. Еліміздің төрт аймағын қамтитын фестивальге барлық өңірлердегі спортшылар қатыспақ. Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлері – көкпар, бәйге, аудрыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және асық атудан жарыстар өткізіледі. Екі кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы турында әр аймақ мықты спортшыларды іріктесе, екінші кезеңде жеңімпаздар Астанада өтетін республикалық сайыста бақ сынайды. Жалпы, үш ай бойы республика көлемінде өтетін жарыстарға 700 спортшы қатысатыны да белгілі. «Ұлы дала рухы» фестиваліне қатысушылар батыс, шығыс, оңтүстік және солтүстік аймақтарға бөлінген. Соның ішінде оңтүстік аймақтың іріктеу жарыстары туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте республикалық «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» директоры Нұрсұлтан Ибрагимов мәлімдеді. Оның айтуынша, фестивальдің алғашқы жарыстары оңтүстік аймақта өтеді. Фестивальдің ашылу салтанатында Оңтүстік аймақтың жеребесі тайқазан ішіне салынған теңге орамалдар арқылы анықталған еді. Жеребені бокстан әлем чемпионы, «Астана арландары» кәсіби бокс клубының бас директоры Бақтияр Артаев тартқан болатын. «Айтулы шараның ашылу салтанаты кезінде оңтүстік аймақтың жеребесі тайқазан ішіне салынған теңге орамалдар арқылы анықталғанын айта кеткен жөн. Оңтүстік аймағына Қызылорда облысы, Жамбыл мен Түркістан облысы және Алматы қаласының командалары іріктелді. Осы төрт өңірдің спортшылары Шымкент қаласында көкпар, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық атудан жарысқа қатысады. Әуелі «Құлагер» атшабарында 48 спортшы қатысып, көкпардан жеңімпаз команда анықталады. Ал Ә. Юсупова атындағы көркем гимнастика залында қазақ күресінен 8 салмақ бойынша 32 балуан бақ сынаса, асық атудан 12 мерген өзара жүйрікті анықтайды. Сондай-ақ, Шымкент қонақүйінде тоғызқұмалақшылар арасында жарыс өтеді. Жалпы, оңтүстік аймақтағы іріктеу жарысына 160 спортшы қатыспақшы», – деді Нұрсұлтан Ибрагимов. Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының командалары оңтүстік аймаққа шоғырланған. Жеребе қорытындысы бойынша көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық атудан жарыстар Шымкент қаласындағы түрлі спорт мекемелерінде өтсе, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуден жарыстар Астана қаласындағы «Қазанат» атшабарында өтеді. Құралайды көзге атқан мергендер, аударыспақ алыптары, балуандар, желден жүйрік теңге ілушілер, ұлттық спорттың басқа да мықты спортшылары арасында айтулы бәсеке өтіп, ең мықтылары екінші кезеңге жолдама алады. Түркістан облысынан оза шапқан спортшылар ұлттық спорттың 4 түрінен ақтық кезеңге жолдама алды. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы кубогы мен медальдары табыс етілді. Республикалық фестивальдың екінші кезеңі еліміздің бас қаласы – Астанада қыркүйектің 11-іне өтетін болады. Ал аймақтардағы іріктеу жарыстары 31 тамызда мәреге жетеді. Еліміздегі 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздік шыққандары фестивальдің 2-кезеңіне өтеді.  Астана қаласында 11-16 қыркүйек күндері аралығында өтетін 2-кезеңге 250-ге жуық спортшы қатысады. Фестивальдің 2-кезеңінде жартылай финал мен финалдық бәсекелер өтетінін айта кету керек.