Сарыппен ауыратын қойлар базарда саудаланды

Сарыппен ауыратын қойлар базарда саудаланды

Сарыппен ауыратын қойлар базарда саудаланды
ашық дереккөзі

Ауру малдың етін саудалаған жамбылдық қойшының әрекеті жаппай қарсылық тудырды. Меркі ауданындағы ең ірі серіктестіктің қойшысы Сәкен Мәутенов отардағы 330-ға жуық қойдың сарып (бруцеллез) ауруын жұқтырған. Жұқпалы дертке шалдыққан қойлар отардан аластатылудың орнына базарға шығарылған. Алайда мал дәрігерлері шағым айтқан шопанның сөзін жоққа шығаруда, деп хабарлайды «КТК»

Сәкен Мәутенов біраз уақыттан бері «Жылыбұлақ-Меркі» серіктестігінің қойларын бағады. Шопан өзін мал дәрігері тақырға отырғызды деп шағымданып отыр. Айтуынша, тексеріс жүргізген маман отардың жартысынан көбін бруцеллез деп тапқан. 330-ға жуық ауру малдың көзін жоямын деп алып кетіпті. Ал кейіннен сол тәркіленген Шопан ата тұқымдарының құны шопанның мойнына ілінген.

«Бұл кісілер сотқа берді 326 қой, сосын Керімбаев Болат 111 бас қойын менен алып кеткен. Алматыда қызым үй салып жатыр деді. Сонымен 450 бас менің мойныма ілінгелі тұр», – дейді Меркі ауданының тұрғыны Сәкен Мәутенов. Қойшының сөзінше, сарып ауруына шалдыққан ұсақ мал серіктестік жұмысшыларына жалақы есебіне таратылып кеткен. Тіпті дертті жұқтырған қойлардың базарда саудаға түсіп жатқанын көріп аң-таң болыпты. Ал ауру малды таңбасынан жазбай таныса керек.

Ал мал дәрігерінің айтуынша, шопан ұжымшардың 450 бас қойын талан-таражға салған. «Жазадан құтылу үшін қойшы қулыққа көшті» деп шопанның өзіне айып тағуда. Отардың тең жарымынан бруцеллез шықты дегені де бекер екен. Тек 48 қойдан сарып ауруы анықталыпты. Әрі сол үшін мемлекеттен өтемақы төленген. «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС мал дәрігері Нәріпбай Батырбековтың сөзіне сүйенсек, бөлінген қаржы шопан қалтасында кеткен.

         Бір-біріне айыпты үйіп-төккен шопан мен дәрігердің дауында кімнің ақ, кімнің қара екені шешіле жатар. Ең бастысы, ауру малдың еті жазықсыз жандардың қазанына түспесе болғаны.