Жаңалықтар

Ustudy: Жемқорлық жойылса, білім сапасы артады

ашық дереккөзі

Ustudy: Жемқорлық жойылса, білім сапасы артады

Оқу жылы таяп қалғанда мектеп түлектерінен маза қаша бастайды. Алда күтіп тұрған түрлі сынақ та бойдағы үрейді еселей түсетіні рас. Оның арғы жағында «жоғары оқу орнына, қалаған мамандыққа қабылдана алам ба?» деген ең ұлы мақсат тұр. Осы баспалдақтардан оңай әрі сүрінбей өтудің жолы қайсы? Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына дайындықты әр мектеп өз деңгейінде жүргізеді. Тіпті, кейбір ата-ана баласының барынша жоғары балл алуын қамтамасыз етуге тырысады. Бұл тұрғыда осы салада тәжірибесі бар, жұмыс істеу бағдарламасы анық, сондай-ақ, көрсеткіштері жоғары орталықтың көмегіне жүгінген дұрыс. Соның бірі – білім жинақтаған әрі дайындықтан өткен түлектері тестілеу сынағынан үздік нәтиже көрсеткен UStudy аймақтық тестілеу орталығы. 2009 жылы ашылған орталықтың Қазақстан бойынша 21 білім беретін бөлімшесіне арнайы келіп, артынша алғысын жаудырып жатқан түлектер де, ата-ана да көп. Бұл орталықтың мақсаты – жаңа технология, білім өнімі мен сервис арқылы жаңа тестілеу мәдениетін құру. Аймақтық тестілеу орталықтарында, оқушылар әр уақытта өз білімін тексеріп, ҰБТ-ға дайындала алады. Орталық 150 қондырмалы орыны бар заманауи техника және соңғы үлгідегі дәрісханамен жабдықталған. Дерекқорда Ұлттық тестілеу орталығында келісімнен өткен 43 мыңнан астам сұрақ пен тестілеу тапсырмасы бар. Тестілеу біткен соң, компьютер экранына оқушының алған ұпайы шығарылып, қатемен жұмыс істеуге уақыт беріледі. Сол сияқты оқушы өзінің жауабы мен шешімдерін тексере алады, ал гуманитарлық пәндерге жеке түсініктеме беріледі. Бұл мұғалімге арналған. Яғни, әр оқушының білімі жайында қорытынды жазылып, қай сұрақтан немесе тақырыптан білімді жетілдіре түсу керектігі көрсетіледі. 2011-2013 жылдары тест өткізудің тұғырнамасын қалыптастырған орталықта 2016-2017 жылдары 3 млн тест өткізілді. ҰБТ мен Кешенді тестілеу сынағына дайындау қызметін қоса атқарып жүрген орталық мамандары осы уақытқа дейін 5,5 млн тест жүргізілгенін айтады. Яғни, осы орталықтан 2017-2018 жылдары – 3500, 2016-2017 жылдары – 2500 оқушы дайындықтан өтсе, ал 2018-2019 жылдары 4500 оқушы білімін жетілдіреді деген жоспар бар. Ustudy-дің ҰБТ-дан бөлек, НЗМ, БИЛ-ға дайындайтын орталығы жұмыс істейді. 2017-2018 оқу жылдары нәтижесіне сүйенсек, 21 орталықта осыдан екі жыл бұрын 850 оқушы дайындықтан өтсе, биыл 5 мың 882 түлек білім алды. Орталық әр оқушының жан-жақты дамуына және еліміздегі білім сапасын жақсарту үшін жаңа жоба бойынша іс-шаралар өткізіп, Еуропа елдерінің жоғары оқу орындары, оның ішінде Финляндия елімен қоян-қолтық тәжірибе алмасуға кірісіп кеткен. Демек, еліміз бойынша оқушыларға нақты білім беруді көздейтін орталықтың мақсаты айқын. Ол – нәтижелі білім – жарқын болашақтың бастауы. Бұл үшін орталық басшылары білім саласында белең алған жемқорлыққа тұсау салып, жолын кесуге ұмтылуға тырысып келеді. UStudy аймақтық тестілеу орталығы бас директоры Жанат Рахмани мырзаның айтуынша, білім саласында жемқорлық азаймай, еліміз армандап жүрген биік белестерді бағындыру мүмкін емес. «ҰБТ – білімді нақты анықтайтын сынақ болады дедік. Алайда сол үдеден шықты ма? Еліміздегі білім жүйесіне имандай сенген түлек өз білімімен сынақ тапсырды делік. Ал оның жанында басқа талапкер көзді бақырайтып қойып, «шпаргалкадан» көшіріп отыр. Есесіне, әлгі білімді жас төмен балл алып, арманына қол жеткізе алмады. Ал көшірген талапкер жоғары балл жинап, белді оқу орнының студенті атанып шыға келді. Бұдан кейін білім жүйесіне сенім азаймай ма? Біздің мақсатымыз – елімізде сынақ түрі ашық әрі шынайы болуы керек. Орталыққа келіп, дайындалатын оқушылар алғашқы жұмысты өзінен бастайды. Осы бастан өзіне деген сенімділік қасиетін арттыруға күш салады. Тіпті, біз сынақ тапсыратын компьютер үстіне бейнекамера орнаттық. Сынақ тапсыруға кірген оқушы осы уақытқа дейін жиған-терген біліміне ғана сенеді. Соның нәтижесін көріп те жатыр. Мәселен, биыл біздің орталықта сынаққа дайындалған оқушылардың алды 138 балл алды. Айта кетерлігі, орталықта дайындықтан өткен немесе білімін жетілдірген оқушылардың 85 пайызы жоғары оқу орнына түсе алады», – дейді UStudy аймақтық тестілеу орталығы бас директоры Жанат Рахмани. Тағы бір ескеретін жайт, UStudy аймақтық тестілеу орталығы әрбір оқушыға асқан жанашырлықпен қарайтын көрінеді. Бұл тұрғыда орталық бас директоры Жанат Рахмани: «Балалар әрқалай дайындалады. Тіпті, екі айда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Тіпті, ауыл балаларына да жағдай жасалған. Оларға жатын орын беріп,  оқуға түсуге көмек беріп, жол сілтейміз. Мәселен, қазір еліміздің солтүстік, батыс өңірлеріне беріліп жатқан грант саны көп. Оны көбі біле бермейді. Біз орталыққа келген оқушыларды ақпараттандырып, қайда, қай мамандыққа орын барын зерттеп, айтып береміз. Бұл да ой сан-сақта жүрген ата-ана мен талапкерге үлкен көмек» дегенді жеткізді. Шын мәнінде, білім ұялары көрсеткішке емес, нақты нәтижелі білім беруді көздесе, әңгіме басқаша болар ма еді, кім білсін?! Алайда әзірге білім саласындағы ахуал осыны айғақтап отыр. Ал UStudy аймақтық тестілеу орталығы бас директоры Жанат Рахмани: «Біз 2016 жылдың ақпан айында министрлікпен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орнатып, тапсырыс бердік. ҰБТ, кешенді тестілеу сынағын әділ әрі шынайы түрде өткізуге ұсыныс жасадық. Содан бері келісімшартқа қол қойылған жоқ. Ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Егер министрлік біздің орталық атқарып отырған шаруаға мойын бұрып, бірлесіп жұмыс істеуге келісім берсе, жастардың білім сапасы сөзсіз артар еді», – дейді.