Жаңалықтар

ӘҢГІМЕСІ РОМАН ЖҮГІН АРҚАЛАП...

ашық дереккөзі

ӘҢГІМЕСІ РОМАН ЖҮГІН АРҚАЛАП...

Мархабат Байғұт. Бұл есім әдеби-рухани ортада ғана емес, қалың жұртшылыққа көптен бері белгілі. Көркем әңгімелері мен эсселері, өткір публицистикалық дүниелері газет-журналдарда жиі жарияланады. Жазушы қаламынан дүниеге келген кітаптардың өзі бір шоғыр. Сонымен қатар халық сүйіспеншілігіне риясыз бөленген талантты жазушы жайында жарық көрген «Сөз мүсіні», «Махаббат мақам Мархабат», «Марғасқа» атты кітаптардың да жөні бөлек. Д.Исабеков атап көрсеткендей: «Әдебиетте өз жолын, өз қолтаңбасын, өз стилін тапқан жазушы». Профессор, әдебиеттанушы-ғалым Керімбек Сыздықұлының пайымдауынша: «М.Байғұт өзінің алғашқы туындыларымен-ақ оқырман жұртшылықтың, әдеби қауымның ықылас-пейілін бірден аудара білді». Иә, қалың оқырман қауым «Интернаттың баласы», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Жоғалған Жұрнақ» десе, елең ете қалатыны жасырын емес. Бүгінгі күннің әңгіме реті сәл бөлектеу, жазушы Байғұттың жаңа заман тақырыбындағы шығармалары жайында ғана. Оған себеп болып отырған – «Әпкемнің ауылы» атты әңгімелер жинағы. Көлемі 444 бет, 27,5 баспа табақты құрайтын, ұзын-ырғасы 35 әңгімеден құралған кітап 2015 жылы «Жебе» баспасынан жарық көрген. «Әңгіме – әулие жанр» деген қағидатты биік ұстайтын жазушының бұл жинағында бүгінгі заманның, бүгінгі қоғамның, бүгінгі адамның нағыз шынайы бейнелері көркем кестеленген. Бұл – құптарлық әрі қуанарлық құбылыс. Ендеше біз де Мархабат Байғұт шығармашылығының кешегісін емес, бүгінгісін айтуды жөн санадық. Жазушы қоғам тынысына сергек қарайды, ұдайы үн қатып отырады, ойтолғақ арқылы оянуға шақырады, сол себепті де ол жайында жазылған «Егемен Қазақстандағы» төмендегі пікір біздің бұл ойымызды айғақтай түседі: «Мархабат Байғұт өткір де өзекті публицистикасымен, толғақты ойларды арқау еткен мақалаларымен, бүгінгі күннің тақырыбын көтерген көркем кестелі әңгімелерімен оқырмандарға жақсы таныс». Міне, шығармалары орыс, түрік, украин, өзбек, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған қаламгер, әңгіме жанрының әйгілі шебері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған көрінеді. Шын қуандық. Қазіргі қоғам мен өркениет көшіне ұмтылған тәуелсіз еліміздің бет-бағдарын айқындайтын жайттың бірі сайлау екені аян. Жазушының дәл бүгінгі күннің ең өзекті, ең бір жан ауыртатын тақырыптарының бірі – сайлауды «Кандидаттың имиджі» атты әңгімесі арқылы бейнелеуі өте шынайы. Партия, сайлау жайында айтылған әңгімелердің төркіні тереңде жатқаны аян. Ұлы Абай «Болды да партия, ел іші бүлінді» деп күйінсе, өткен ғасырдың басында өмір сүрген Молда Мұса (Мұсабек Байзақов) «Сайлау деген елге бір бүлік шықты» деп тіпті ащы айтады. Әрине, кешегі сайлау мен бүгінгі сайлаудың айырмашылықтары көп екені түсінікті. Ең бастысы, кешегі қасіреттер бүгін қайталанбауға тиісті. Сондықтан да жазушының осындай аса күрделі, ұлт мүддесін, халық қамын ойлап жазған шығармасының мәні мен маңызы зор. Шығармадағы ерекшелік кейіпкерлер әрекеттерінің иланымдылығында, бүгінгі заманның, қоғамның талаптарына сай өзгерген психологиялық құбылыстарды көркем бейнелей білуінде. Өзінің қабілет-қарымына, айналасына сүйенген кандидат қыза келе халықаралық деңгейге дейін ұмтылып, инвестиция тартуға да қол жеткізеді. Сайлауалды доданың өзінде орасан зор жетістікке жеткен кандидатымызды шетелге соңғы сапары, сол сапар барысындағы кездейсоқ жағдайда қызымен кездесуі мүлдем өзгертіп жіберді. «Кандидатыңызға енді бүкіл дүние, жалпы әлем, күллі тіршілік мәнсізденіп, дәмсізденіп кеткен еді. Депутат бола ма, болмай ма? Сайлана ма, сайланбай ма? Нәніпәтір». Бұл не құдірет? «Вариант» кафесіндегі мәжіліс шайдан басталып, тау ішіндегі бұлақ бастауындағы сан-алуан кездесулер, ай емес, күн санап көтеріліп келе жатқан имидждің бәрін жиып қойып, мұндай күйге түсірген құдіреттің жауабын табу оңай емес. Кеңесші, менеджер, журналистер, т.б. көмекшілер жасаған еңбек зая кеткені ме? Кандидат кешегі кеңестік қоғамның кезінде талай жауапты қызметтер атқарған, азат елінің аудан әкімі дәрежесіне дейін жеткен. Кешегі күндеріне деген аңсары, сағынышы да бар, аяулысы да бар, сол сезімге толы күндердің, «махаббат, қызық мол жылдардың» тірі куәгері ретінде кездейсоқ кездескен қызы бәрі-бәрін «нәніпәтір» етіп жіберді. Болашақта мықты депутат болатын-ақ кандидат кенеттен өзгерді. Оның өзгергеніне оқырман ретінде әрі қиналасың, әрі қызығасың. Бұл – жазушының тосын да тың шешімі. Жазушы үшін басқа да шешімдер мол еді ғой, алайда ол осы жолды таңдаған. Адамзат баласына мына дүниедегі мансап, қызмет, билік, т.б. адам қызығатын биіктердің бәрінен де сезім, махаббат, ұрпақ қызығы қастерлі деген аса қасиетті қағиданы астарлай ұсынып отыр. Өкініштісі, алдамшы дүниенің жалғандығына бой ұрып, ұрын жүретін жағдайымыз жетіп-артылады. «Крест» әңгімесінің атауы да, оқиғасы да қызғылықты. Жетім көрсе жебей жүретін қазақтың кеңпейіл азаматы Бісмілләнің образы аса сәтті шыққан. Тула жерінің жетімегі Андрейге тіл үйретіп, жарапазан айтқызып, уақыт өте сүндеттеп дегендей, мұсылманшылық жолдың бәрінен өткізеді. Стансадағы теміржол бойында тұрған әлдебір бейәдеп, байшыкештеу топ балаға жазылмастай соққы берді. Ауыр дерттен айыға алмаған бозбала Андрей мерт болды. Бұл әңгіменің де аңғартар астарлары қат-қабат. Ақырында ақыл-есі ауысқандай күйде жүріп қайтыс болған Андрейдің уысынан, яғни тастай жұмулы жұдырығының ішінен крест шығады. Шынында да қазақы ауылға келіп, бейкүнә жанына көп дауа тапқан, өз еркімен сүндеттелген баланың о дүниеге өз кресімен кетіп бара жатқаны оқырманды қайран қалдырады. Қатты ойлантады. Андрей баланың алақанындағы крест арқылы бәрімізге ой салып тұр. Өз дінінің шын жанашыры болып, бодан елінің имани қасиеті мен рухани бостандығын сақтап қалу үшін күрескен Науан хазіретті патша үкіметі жер аударып жіберген және діндарымыз сол сапарында мерт болып кеткен. Бүгінгімізге не жорық? Ел аман, жұрт тынышта өз дінімізден өзіміз жеритін халге жеттік. Ойлы жанның жанына сәуле үмітін жаққысы келген жазушыны тереңірек түсінуге тиістіміз. Тіліміз кәлимада, жүрегіміз иманда жүрсе ғана Жәннатқа жететін жағдай болады. Мархабат Байғұт шығармаларының кез келгені көркемдіктің көкжиегіне көз салдырады, ойсыз, түйсіксіздің өзі ойлануға тиісті мәселелерді ұсынады. «Банктің иттері» де осы тұрғыдан келгенде тағылымға толы. Болар-болмас мекеменің белгісіз қызметкері мен ала күшіктің арасындағы қарым-қатынасты, бір-біріне деген қамқорлық, түсіністікті әлдекімдер ойда жоқта жермен-жексен етіп жіберді. Ұлпакентте саябақ дегенің аз емес-ті. Кейінгі кездері оларды да олигархиялық топтардың озғындары бөлісіп ала бастаған. Озғындардың осындай әрекетінің салдарынан биік банк ғимараты саябақта салынды. Ал баяғы ала күшік алмағайып күндердің бәрінен аман қалып, көп-көп серіктестерімен бірге ғимаратты күзетуге бел шешіп кіріскен. Бір кездері жарты нанды бөліп жескен тозғын туысына пысқырып та қарамайтын, шабалана үретін жағдайға жеткен. Итжемеде қалғандай қорланған, иттепкі күйге түскен тозғын кейіпкерді аяйсың. Саябаққа дейін ауыз салған алпауыттарды, қанағатсыздарды әшкерелеген әңгімені қайталап оқығың келе береді. Сан ғасырлық құлдық қамытты мойнына таққан халқымыз ХХ ғасырдың соңында, дәлірек айтқанда, егемендікке жетер алдында және тәуелсіздіктің алғашқы тұсында – өтпелі кезеңде өмір сүрді. Ғасыр ауысқан, қоғамдық формация өзгерген, құндылықтар құлдыраған қиын кезеңге тап болғанымыз рас. Тығырыққа тірелген заман. Былай жүрсең – өгіз өледі, олай жүрсең – арба сынады. Тек қазақ қана емес, жалпы адамзат қауымы өтпелі кезеңнің дағдарысына ұшырады. Тек экономикалық дағдарыс емес, саяси дағдарыс, рухани дағдарыс, тіпті, адамзат физикалық тұрғыда да, физиологиялық тұрғыда да қиындықтарға ұрынды. Жазушы М.Байғұт шығармашылығына мұқият зер салып қараған жан шын мәнінде халқымыздың басынан өткен осы өтпелі кезең шежіресін шынайы бейнелегенін байқайды. Павлодар мемлекеттік университетінің доценті Б.Ысқақ М.Байғұт шығармалары өтпелі кезеңді көркем бейнелеуімен бөлекше дейді. Дәл осы тақырыптағы шығармалар қатарында «Ауыл клубының аукционы», «Гамбургтегі қазақтар», «Тоқсабаның тоқалы», «Өлімнен қашқан респондент», т.б. әңгімелерін айырықша атап көрсетуге болады. «Әпкемнің ауылы» кітабындағы әуелгі әңгімелерінде жазушы елдің егемендік алар алдындағы ақжүрек, адал еңбек иелерін, қарапайым тіршілік кешіп жүрген жандарды тек өзіне ғана тән стиль ерекшеліктерімен суреттеп, алдан әлдебір үміт күтіп, армандар аңсап, жан-жүректері сыздайтын характерлерді сомдаған. Осындай күрделі, көркем әңгімелерінің қатарында «Бір дорба диплом», «Жалбыздының жағасында», «Ақ орамалды қыз», «Көрпесайдың кітапханасы», «Таскекіре», «Ақсақ кемпір», т.б. дүниелерін атауға болады. «Ауыл клубының аукционында» қарапайым қазақ ауылының тіршілігі, өмір сүру ортасы шынайы бейнеленеді. «Өтпелі кезең» ауыл клубтарын да айналып өтпеді. Республикалық газеттің үшінші бетінде жарияланған аукцион туралы хабарламаға назар аударайық: «Ауылдық клубтың ғимараты. 1958 жылы іске қосылған. Жалпы алаңы – 260 шаршы метр. Бастапқы бағасы 156 мың теңге. Ең төменгі бағасы 8700 теңге». Бұл − Қапсағай ауылындағы 60 жыл бұрын іске қосылған ғимараттың Шымкент шаһарында саудаға түсіп, сатылымға шығып жатқан жағдайы. Бас кейіпкеріміз Еңсегей – осы клубтың 30 жыл бойы шырақшысы, яғни меңгерушісі болып еңбек етіп келе жатқан мәдениет саласының қызметкері. Еңсегейдің «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп қалмасын деп жүрген клубы аукционға түсті, клубтың иесі, жанашыры саналатын ол сол саудаға қатысты. Біршама уақыт бұрын Қапсағай ауылынан көшіп кеткен, үлкен қалада алғашқы байшыкештердің бірі болып өмір сүріп жатқан «Теңсегейұлы... Теңсегейұлы...» жеңімпаз болып шығады. Ең өкініштісі, қырық жыл бойы халыққа қалтқысыз қызмет еткен клуб жермен-жексен болып бұзылды. «Ертеңіне Еңсегей клуб орнындағы қоқыс атаулыны жиып-теріп, от қойды», – дейді автор. Бұл бір ғана Қапсағай ауылындағы ауыл клубының басынан өткен жағдай десек, қателесеміз. Кең-байтақ қазақ елінің әр түкпірінде осындай оқиғалар орын алды, қаншама мектеп, клуб, балабақша, т.б. ғимараттар бүлінді. Жазушының жанайқайы – енді абайлайықшы дегенге саяды. Еңсегей де жаңа тірлікке икемделіп, Ақансері мен Кененсері дейтін ұлдарымен басқа бейнетке кірісті. «Төмпешіктегі қызыл тікеннің буындары сыздайды», – дейді автор. Бәлкім, қызыл маталарға ұран жазатын клубты кекеткені шығар... «Әпкемнің ауылы» әңгімесі де романға бергісіз. «Үшінші мыңжылдық басталар тұста біздің жақтағы бірталай ауылдың тозыңқырап кеткені рас. Ал Үрисән әпкемнің ауылы тозудың орнына озды десетін» деп басталатын әңгіме оқиғасы бас кейіпкер баяндауында, терең психологиялық толғаныспен жеткізілген. Адамзат баласының арасындағы, оның ішінде қайран қазақтың туыстық қарым-қатынасына сызат түсірген, сына қаққан жағдаяттардан берілген детальдар күрсінтеді. Оқырманды. «Күншуақтай шаһардағы күнім ғой» деп мақтан тұтатын інісінің Айкөрік ауылында тұратын әпкесінің ауылына ат ізін салуды сиретіп, тіпті, бірнеше жыл бойы бармай кетуіне қосыла қиналасың. «Дос-дұшпанға көрініңкіреп, оқта-текте келіңкіреп тұрсаң қайтеді, қарашығым?!» деген әпке аманатын орындай алмаған іні-кейіпкердің көрген-білгені, жан азабы, түсінік-түйсігі қат-қабат, өзгеше өріліп отырады. Шебер психология, терең философия, талайлы тағдырлар, ирониялық сарказммен суарылған ойлар, қаламгер стиліне ғана тән таныс-бейтаныс мінез-құлық иелері, әсіресе, әпкенің жан дүниесіндегі қазіргі уақыт салған уайым мен үзілмейтін үміт, қанша қиналса-дағы жүрегінде жүдей қоймаған мейірімділік пен қайырымдылық, мұңды сағыныш пен жалынышқа толы өтініш, өзгелерде өзімшілдіктің өлерменденіп бара жатқанына деген өкініш − міне, осылардың баршасы қазақ әңгімесінде қазақ қамшысындай өрілген. «Кафедегі құдалық» − дала мен қаланың өркениет көшіне қатар ұмтылып, қатар жетіп келе жатқанын баяндайтын, ирония мен юмор жарыса, жараса көрінетін дүние. Әсіресе, сән-салтанат пен дәулетке қолы жеткендердің арасындағы бәсеке, кешегі ұлттық үрдістің бүгінгі күнге икемделіп, жаңа бір сапамен өріс алуы әңгімеге мықты арқау етілген. Бидайбек пен Тоқсұлу, Несіпқұл мен Ерменкүл бейнелері, олардың құдалықтағы сайысы қазіргі қоғамның көп ақиқатын бүкпесіз-ақ жеткізеді. Әрине, бұл әңгімедегі оқиғалардың дені қазіргі тұрмыс-тіршілікте күнделікті кездесетін типтік жағдайлардан алынған. «Кафедегі құдалықтан» қайтқан достар жолай аты-жөні толық айтылмайтын, Құйысқан ауылындағы бір «жекжаттың» үйіне түнделетіп соғады. Ол үйдің иесі болса «жарлауытқа жармаса тырмысып, кетпенді құлаштай сермеп, сары топырақ шауып жатыр». Бидайбек, Тоқсұлулардың жекжатпен арадағы болған әңгімесінен аңдағанымыз «сары топырақ шапқан» ағайынның бір ұл, бір қызы қалада жұмыс таппай жүр, базарда арба айдау сияқты әлденені кәсіп еткен жайлары бар. Ал ендігі ауыр тағдыр жекжаттың жарына түскен, он ай шамасында онкологиялық ауруханада, айықпас дертпен арпалысып жатыр. Бірақ түн ортасынан әлдеқашан ауып кеткенде топырақ қазып азаптанған жан келген туыстарын дастарқанға шақырып, ақкөңілділік танытады. Таным-талғамы, түйсігі тым жоғары. «Қайырылғандарыңа қайранмын, бұрылғандарыңа бек рақмет» деп бәйек болатын ол: «Құндылықтар хақындағы көзқарас, қоғамның психологиясы мұқым басқа ғой бүгінде» деп салмақты ой айтады. Қанша қиналыста жүрсе де, келешектен күдер үзбейді. Оптимист. Патриот. Тойдан тойып қайтқан Тоқсұлу: «Батпақ ішінде жүрген сасықтың пәлсапашылын қарашы» – деп, сыбырлайды. Аталған шығарма аяғындағы Кеденшоқының басына шығып, түске дейін сотыбимен сөйлесетін ағайындардың әңгіме ауаны да асқақ. Осы әңгіменің түйінді сөзінде де философиялық байлам бар. Автор: «Өмілдірік ауылының аспанында өркениеттің өркеш-өркеш, кей тұстары қорғасындай ауыр, базбір жерлері боз ұлпадай жеңіл, бұйра-бұйра бұлттары шудалана қалқып бара жатты», деп аяқтайды. Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» атты кітабындағы әңгімелерінің денін түгелдей талдап, баға беру мүмкін емес. Бір нәрсе анық – жазушының қай әңгімесі болса да бүгінгі күннің күрделі сұрағына жауап іздейді, бүгінгі күннің сан-алуан сауалдарына жауап табуға ұмтылдырады. Мархабат аға шығармаларының көбін газеттерден, басқа да баспасөз беттерінен алғаш шыққан кезінің өзінде-ақ оқып қоятындар көп. Қазіргі заманда оқырманы едәуір қалың қаламгерлердің қатарындағы жазушымыз туралы аз ғана айтарымыз осы. «Біздікі – әдебиет дейтін ұлы мұхитқа кішкене ғана бұлақ боп қосылсақ деген мақсат» (М.Байғұт) дейтін қарапайым мінез иесінің әр әңгімесі роман жүгін арқалайтыны анық. Қаламгер жайында жазылған зерттеулер аз емес, сол айтылған кемел ойлардың ішінде жазушы Ж.Шаштайұлының бір пікірі біздің назарымызды ерекше аударды: «Мархабат қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде жаңаша өзгерістерді көргіш. Оның кейіпкерлері – Донкихоттық әпенделіктен арыла алмаған, сөйтсе де барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар. Бұл жағынан ол Бейімбет Майлиннің тікелей мұрагерлік жорасына жүре алады». «Әпкемнің ауылы» кітабы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. Азаттық кемесінің айдынына шыққан халқымыздың рухани кемелденуі жолында аянбай қалам тербеп, ұлтының өткені мен бүгіні жайында ақиқаттан аттамай, қалам қуатымен ерен еңбек етіп келе жатқан жазушыға тек сәттілік тілейміз. Жақында ғана М.Байғұттың «Әпкемнің ауылы» әңгімелер жинағының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын естіген бір ақын досымыз: «Әңгімесі роман жүгін арқалап, Абыройға ие болғай Мархабат», – деп еді. Осы тілекке қосыламыз.  

Нариман Нұрпейісов,

әдебиеттанушы, филология

ғылымдарының кандидаты