Өмір. Өкініш. Жалғыздық
Өмір. Өкініш. Жалғыздық
Өмірдің соңы – өлім. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Адам өз өмірінің қашан аяқталатынын білмейтіні Жаратқанның оған жасаған үлкен сыйы. Егер адам алдын ала қашан өлетінін болжап, ертеден бастап біліп отырса, одан асқан трагедия, одан артық қасірет болмас еді. Қазақ «Өмір бар жерде, өлім бар» дейді. Өлімнен қашып құтылу ешкімнің қолынан келмегені жайлы халық арасында талай аңыз, әпсаналар бар.
Аңызға сенсек, Қорқыт баба Желмаяға мініп, өлімнен қашып құтылмақ болған. Бірақ қайда бармасын, бәрібір өлімнің құрығына ілігіпті. Өмірдің ерте ме, кеш пе өліммен аяқталатынын саналы пенде мойындайды. Мәселен, ертедегі египеттіктер адамның пәнилік ғұмырын бақилық ғұмырға барар алдындағы дайындық қана деп ұққан. Олардың өліп қалған перғауындарға ерекше құлшылық жасап, оларға арнап алып пирамидалар салып, денелерін бұзылмайтындай етіп бальзамдаулары сондықтан. Ал ертедегі жапондықтар адам өлгеннен кейін оның жаны ұрпақтарының тәніне еніп, әрі қарай өмір сүре береді деп сенген… Сондай-ақ, буддизм, зороастризм, иудаизм және басқа діни ілімдер де өлім табиғатын өздерінше түсіндіріп бағады. Бірақ бұл діни ілімдердің бәрі де бір мәселеде – өлімді қорқынышты, жат құбылыс етіп көрсетуде бір-бірімен үндес болып келеді. Ал өлімді заңды табиғи құбылыс деп пікір айтқан Сократ, Платон, Аристотель ілімі болғаны аян. Бұл ілім бойынша, өлім деген – тәннен жанның бөлініп шығуы. Яғни, тән ғана өледі, ал жан мәңгілік. Өлімнің қайғылы әрі ауыр қасіретін жеңілдететін осы ілімді данышпан Абай қатты сезініп, терең ұғынған.
Ұлы Абайдың ұғымынша, адам баласы өлімнен үрейі ұшып қорықпауы керек, өлім деген де өмір сияқты заңды құбылыс.
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қандайсың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ, – деп ғұламалық ой түйеді. Сондықтан да Абай «тұла бойы ұят пен ар», «жасқа жас, ойға кәрі» сүйікті ұлы Әбдірахман өлген кезде жазған бірнеше өлеңін «сабырлық қылсақ керек-ті» деп, туған-туыстары мен өзіне басу айтумен аяқтайды. Сондықтан да Абай өзінің ең жақсы көретін інісі Оспан өлгенде «Жан біткенге жалынбай, жақсы өліпсің, апырмай», – дейді. Егер Абай өлім табиғатын соншалықты терең түсінбесе, жастай қайтыс болған ең жақсы көретін інісіне «жақсы өліпсің, апырмай» деп айтар ма еді? Данышпан Абай өлімді адам баласын зорлық пен зомбылықтан, қорлықтан құтқарушы деп ұғады: «Мен – мақтанның құлы емес, Шын ақылға зорлық жоқ. Антұрған көп пұл емес, Өлім барда қорлық жоқ». Жалпы, Абайды дүниетанымдық көзқарасы жағынан исламды насихаттаушы деп атауға болады. Басты көзқарасы қарапайым: Алла – дүниені жаратушы, адамды жасаушы, ол имандылықтың негізі. Абай исламды қазақ халқын имандылыққа тәрбиелеу құралына айналдырмақшы болды. Ол өз туыстарын адам өмірінің бағасын оның рухани дүниесінің қасиетінен көре білуі керек дейді (6-сөзі). «Өлім барда қорлық жоқ» – бұл ежелгі ойшылдар Сократ, Платон, Аристотель философиясының Абай арқылы одан әрі тереңдеуі, жаңа мәнінің тосын мағынаға ие болуы. Ой таразысына салсақ, адам өмірінің мәні – философиядағы ескірмейтін мәңгілік тақырыптардың бірі екен. Бұл тақырып төңірегінде кезінде талай қазақ жазушылары сыр шерткен, ақындар жыр жазған. Мысалы, халық аузында сақталған, өлімді өнердің құдіретімен тежеген Қорқыт ата ұлағатын ерекше атауға болады. Ол туралы қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев кезінде «Қорқыт» атты поэма жазып, философиядағы өмір мен өлім тақырыбын өзінше қозғайды:Әншейін өмір деген ермек үшін,
Күні ертең соғар жүрек өлмек үшін.
Ойланып қалай ғана уланбассың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін.
Жалпы, адам – жер бетінің қонағы. Сондықтан адам өлмек үшін өмір сүрмей, айналасына жақсылық нұр-сәулесін, ізгі іс-тіршілік шуағын шашу үшін жаралғаны жөн деп ұққанымыз орынды. Шығыстың ғұлама шайыры Рудаки «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деп ізгілік туралы кесіп айтқан. Адам үмітпен өмір сүреді. Әр таңнан жақсылық күтеді. Келешекке сеніммен қарайды.Ой-хой, дүние серуен!
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Кірсе лебіз – шықса жоқ,
Қауіп етіңдер өлімнен, –
деп жырлаған Жамбыл Жабаев та 100-ге жақындап өмірден озды. Өмір – шолақ! Өмір мен өлім қатар жүретіні хақ. Өмірдің мәңгілік емесі де хақ. Кім қашан, неден, қайтіп өледі, ол тірі пендеге белгісіз. «Батпан-батпан байлық тек жер көкірегінде ғана емес, ел көкірегінде де тұнып тұр. Сүйінерге жарайтын жақсы мен жайсаңдар тек жер астында жатқан жоқ, жер үстінде де жүр» деп жазыпты жазушы Әбіш Кекілбаев. Жер бетінде де жағымды жарқын істерімен, жүрген ортасына жақсылық сыйлап жүрген адамдардың барлығына «тәубе» дейік, оларды бағалап, құрметтейік. Австралиялық медбике Бронни Вэр көп жылдар бойы өлім алдында жатқан ауыр науқастарды күтумен айналысып, олармен пікірлесіп, ой бөліскен. Өмірмен қоштасып жатқан кісінің өлім алдындағы өкініштерін жинақтап, оларды бес топқа бөлген: «Мен өмірімді біреудің айтуымен емес, өз қалауыммен сүргім келеді». Бұл басым көпшіліктің өзекжарды өкініші болыпты. Өлер алдында артта қалған өмірін сараптай келіп олар: «Көп істі өз кінәмнен орындай алмадым, батылсыздығымнан, қателіктерімнен мақсатыма қол жеткізбедім. Дені сау, жас шағында жігерлі адам көп нәрсеге жете алады. Әттең, оны кеш ұқтым, уақытты уысымнан шағарып алдым», – дейді екен. «Өкінішке қарай, өмірімдегі көп уақытымды жұмысқа, қызметке жұмсаппын». Әсіресе, бұл ойды отбасына, балаларына, әйеліне көбірек көңіл бөлмеген, олармен бірге аз уақыт өткізген ер азаматтар жиі айтыпты. «Отбасымды лайықты қамтамасыз етем деп уақытымның басым көпшілігі жұмыспен өтіпті. Отбасыммен, балаларыммен көбірек бірге болмағаныма өкінемін», – депті көпшілігі. «Сезімімді ашық айтуға батылым жетпепті». Мұндай жалтақ мінез көп кісілердің бақытқа қол жеткізе алмауына себепкер болыпты. Сондықтан сезімге де сергек қараған орынды. Кезінде жіберіп алған мүмкінішіліктеріне көптеген жандар уақыт келе өкінеді екен. «Сенімді, нағыз достарыңызбен байланысыңызды үзбеңіз». Достықтың қадірін көпшілігіміз жете, терең біле бермейміз, тіпті, жөнді бағаламаймыз. Жұмысбастылық пен күйбең тірліктің әуресімен достарымызбен хабарласуға, әңгімелесуге, ой бөлісуге уақыт таба бермейміз. Сөйтіп, уақыт өте келе достарымыздың тым селдіреп қалғанын байқамай қаламыз. Уақыт тауып достар, туыстар, жекжаттарыңмен хабарласып тұрыңдар. Әйтпесе, ертең қартайғанда жападан жалғыз қаласыз деп ой тастайды. «Бақытты болу әркімнің өз қолында». Көп адамдар қалай бақытты болу мәселесі төңірегінде еш ойланбайды. Көңілге алған ісіңізге қол жеткізу үшін жан-жағыңызға алаңдамай, қажет болса, тіпті, өміріңізді өзгертуге батыл қадам жасау керек. Шынында да, көптеген адамдар алға қойған мақсатына жету үшін барынша талпынып, еңбектенуді артық санайды. Америкалықтардың «Лимоннан лимонад жасай білейік!», яғни «Ащыдан тәтті жасай білейік!» деген сөзін есте ұстамайды. Біле білсек, жоқтан бар жасау да өнер. Осы сәтте сонау балалық шақта оқыған осы бір орыс ертегісі еске түседі: Екі еріккен құрбақа таңғы шыққа малынған шөптерді аралап келе жатып, жерге көмілген, жартылай сүт құйылған құмыраға абайсызда түсіп кетеді. Сонда біреуі уайымға беріліп: «Е, досым, біттік, мына құмырадан шығу бізге енді жоқ. Өлді деген осы...», – деп қимылдамай сүтке батып, жоқ болады. Екіншісі: «Жоқ, тірі қалуым керек, тірі қалам...», – деп сирақтарымен сүтті тынымсыз ұрғылай береді. Бірте-бірте сүттің бетіне қалың қаймақ пайда болады. Қаймаққа аяқтарын тіреген құрбақа «Әу-пірім!» деп, секіріп сыртқа шығады. Міне, көріп отырсыздар, талап пен еңбек неге жеткізетінін! Байқасақ, өмір сүрудің өзі бақыт емес пе?! Өмірді қалай өткіземіз – әркімнің өз қолында. Тағдыр желкенін дұрыс ұстап, барар бағытымызды дұрыс анықтап, алға қойған мақсаттарымызға жету үшін барынша талпынып, аянбай еңбектенсек, шықпайтын шың, алынбайтын қамал жоқ екен. Тек, пейіліміздің түзу, ойымыз таза, санамыздың сергек болғанын тілейік. «Өмір – өзен» деп жиі айтамыз. Шынында да, адамның өмірін өзен ағысымен салыстыруға болатын шығар. Біреудің өмірі жұлқынып, асығып, асып-тасып, ақкөбік болып аққан тау өзені Таласқа ұқсаса, енді біреудің өмір-өзені кең, жазық даладағы ағысы біліне бермейтін момын өзенге ұқсайды. Бірақ әр өзеннің өз «тағдыры» бар. Біреуі таулы өңірден кең далаға асыға жетіп, шағын көлдерге құйып, құмға сіңіп, құрдымға кетіп, аяқсыз қалады. Ал тағы біреуі жай ағысымен-ақ өзендерге қосылып, соңынан теңіздерге, шалқыған мұхиттарға құйып жатады. Қарап тұрсақ, адамның өмірі мен өзендердің өзара ұқсастығы бар сияқты. Сарапшылардың айтуынша, адам адамдармен қатар жүріп, жүздесіп, пікір алмаспаса психикасы өзгеруі әбден мүмкін. Loneliness Study-дің мәліметіне қарағанда, бүгіндері 45 жастан асқан 42,6 миллион америкалықтар әртүрлі себептерден жалғыздықтың қасіретін шегуде. 2014 жылдың санағы бойынша әлем тұрғындарының 4/1, яғни 25 пайызы жалғыздыққа душар болған. Олардың басым көпшілігі жалғызбасты, отбасында жалғыз, жалқы тұрып жатқан жандар. 300-ден астам жалғызбастыларды зерттеген ғылыми топ жалғызбастылардың 50 пайызы ерте қартайғандарын анықтады. Солтүстік Америка, Еуропа, Азия және Австралияның 3,4 миллион тұрғындарын зерттеуден өткізген 70 ғылыми-зерттеу тобының мәліметіне сенсек, бұл күндері жалғыздық адам өміріне ең қауіпті факторлар қатарына еніп, тіпті, семіздіктен де қауіпті болып тұр екен.Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор