Тұрғындар тегіс жолмен жүреді

Тұрғындар тегіс жолмен жүреді

Тұрғындар тегіс жолмен жүреді
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының Ақмола облысындағы Ақкөл аумақтық филиалының қоғамдық қабылдауына келген тұрғындар Ақкөл қаласындағы Мельничная көшесінің жолына қатысты шағым айтты. Ақкөл қаласы, Мельничная көшесінің жолын қыста қар басып қалса, көктем мен күзде лай батпаққа айналады екен. Осы жағдайдан әбден мезі болған тұрғындар «нұротандықтардан» көмек сұрай келіпті. Аталмыш көшенің тұрғыны, зейнет жасындағы Екатерина Бондарьдың айтуынша, қала орталығымен байланыстырып тұрған жолдың жағдайы мәз емес. «Күз бен көктем айларында тұрғындар толарсақтан саз кешуге мәжбүр. Тротуар деген мүлдем жоқ. Ал қариялар, мүгедектер мен балалар не істейді? Резеңке етікпен батпақ жолда жүруге мәжбүрміз», – дейді Екатерина Бондарь. Тұрғындардың шағымын тыңдап, мәселенің мән-жайына қаныққан аудандық мәслихат депутаты Николай Пигнастеев өзінің әріптесі, «ДЭУ-86» мекемесінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Жаңбырбай Әбдинге хабарласып, бірлесіп жол жөндеуді ұсынады. Ұсынысты қабыл алған халық қалаулысы сол күні қажетті техниканы ұйымдастырып, орталық пен Мельничная көшесін жалғап тұрған көшенің жолын жөндеуді бастап кетті. Бүгінде көше тұрғындары әкімдік есігін тоздырумен өткізген талай жылғы шағымдарының оң шешім тапқандығына қуануда. Енді бұқара халықтың  кең, таза әрі асфальтталған көшемен жүріп-тұруына барлық жағдай жасалды.