Отырарға газ келмек

Отырарға газ келмек

Отырарға газ келмек
ашық дереккөзі
Биыл Отырар ауданындағы 22 елді мекенге көгілдір отын тартылады. Нәтижесінде 2 мың отбасы, яғни аудан халқының шамамен 80 пайызы табиғи газбен қамтылмақ.  Келесі жылы тағы 7 ауыл от жағып, күл шығарудан арылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осы ауданға жасаған сапары кезінде айтып берді. Бүгінгі күнге дейін Отырар ауданында табиғи газ болмаған. Осы мәселені шешу үшін қыруар жұмыстар атқарылыпты. Қазір Шәуілдір және Темір ауылдарында құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек Ш.Қалдаяқов, Ескі Шілік, Жаңа Шілік және Ақтөбе елді мекендерін газдандыру жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жақын күндері басталғалы тұр. Аудан тұрғындарымен кездескен облыс әкімі газдандыру мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасына жан-жақты көңіл бөлініп отырғанын және көп ұзамай аудан тұрғындары толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Қазіргі таңда Сырдарияның сол жағалауындағы 12 елді мекенді дәл осылайша көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін  жобалық сметалық құжаттары дайындалып, ол облыстық бюджетке ұсынылған.  

Сейітхан Зеберханұлы

Түркістан облысы