Теміржолда түйткіл көп

Ұзақ жолға шыққан кез келген адам ең алдымен сапарының сәтті болуын, діттеген жеріне аман-есен жетуін тілейді. Бұрындары алыс сапарға шығу үшін пойызды ең қауіпсіз әрі арзан көлік түрі санайтын еді жұрт. Бірақ теміржол бойындағы апаттардың жиілеуі көпшілікті осы ойдан айныта бастаған сыңайлы. Бұл теміржол қауіпсіздігіне деген жолаушылардың сенімін де азайтты. Ал пойыздардың апатқа жиі ұшырауы теміржол қызметіне жүгінетін жолаушылардың азаюына ықпал етпей қоймайтыны бесенеден белгілі.

Теміржол апаты неге көбейді?

Қазақстандықтардың басым бөлігі теміржол тасымалы қызметін пайдаланады. Өйткені пойыз қауіпсіз көлік, маршруты мен жүріп-тұру кестесі ыңғайлы және билет құны қолжетімді. Бірақ соңғы оқиғалар пойыздың қауіпсіз көлік екендігіне сенімді азайтқан сияқты. Яғни, елімізде жолаушылар пойызының апатқа ұшырауы жылдан жылға жиілеп барады. Әсіресе, таяуда Жамбыл облысының Шу ауданындағы апат жұртты беймаза күйге түсіргені жасырын емес. Маусым айының 17-сі күні «Астана-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының 8 вагоны рельстен шығып кетті. Пойыз ішінде 829 жолаушы болған. Апат кезінде 12 жастағы жас­өспірім көз жұмып, тағы 14 адам медициналық көмекке жүгінді. Алдын ала деректер бойынша, машинист теміржолдың майысқан тұсын көріп, тежегішті басқан. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы апатқа ұшыраған вагондардың 2012-2014 жылдары Крюковск пен Твердің вагон құрастыру зауытында жасалғанын мәлімдеді. Ұлттық компанияның сендіруінше, вагондар барлық техникалық талаптарға сай. Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы Жамбыл облысында болған жолаушылар пойызы апатына байланысты Қылмыстық кодекстің «Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғады.

Бұл – биыл елімізде тіркелген алғашқы пойыз апаты емес. Тек аталмыш оқиғада адам шығыны болғаны көпшілікті қатты мазалауда. Әйтпесе, бұған дейін адам шығыны болмағандықтан, теміржолдағы апаттарды жеңіл дүниеге балайтындай көрінетін. Мәселен, қаңтар айында астық тиеген 5 вагон апатқа ұшырады. Төтенше жағдай Құлсары стансасы аумағында орын алған. Қостанай облысында тиелген астық теміржол арқылы Ақтауға жеткізіліп, ары қарай экспортқа жіберілуі тиіс болатын. Әрине, мұндай жүк пойыздарының апатқа ұшырағанына ешкім онша назар аудара қоймағаны анық. Ресми деректерге жүгінсек, 2012-2015 жылдар аралығында елімізде 18 жүк және жолаушылар пойызы рельстен шығып кетсе, ал 2016 жылы 14 төтенше оқиға тіркелген.

Теміржолда вагондардың жолдан шығып кетуі ғана қауіп тудырмайды. Шойын жолдың уақтылы тазалануы, жолдағы артық қоқысты тазарту, уақтылы жөндеу жұмыстарын жүргізу де қауіпсіздіктің басты шарттарының бірі. Соңғы 5 жыл ішінде теміржолды жөндеу жұмыстарына 245 млрд теңге бөлінгені баршаға белгілі. Осы қомақты қаржы қалай жұмсалуда? Теміржол қауіпсіздігі неге қамтамасыз етілмей тұр?

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, соңғы 6 жылда 7 мың шақырым жол қайта жаңғыртылып, 4 мың шақырым жол күрделі жөндеуден өтіпті. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында 397 локомотив, 24 858 жүк және 1089 жолаушылар вагоны сатып алынды. Соған қарамастан теміржол бойындағы апатты оқиғалар көбеймесе, азайған жоқ. Оның үстіне, әлі күнге дейін тым ескі жолаушы тасымалдайтын пойыздар теміржол бойымен жүйткіп жүр. Көне вагондардағы санитарлық талаптар жайында сөз айтудың тіпті де қажеті жоқ. Бұл жағдай жолаушылардың наразылығын туындатқанымен, нәтижесі шамалы.

Негізінен, Қазақстан теміржолы жақсы дамыған елдердің қатарында. 2017 жылдың маусым айында Бүкіләлемдік экономикалық форум арнайы зерттеу жариялап, онда Қазақстанның теміржол инфрақұрылымы бойынша әлемде 26-орында тұрғанын көрсетті. Санға ғана емес, сапаға назар аударатын мезгіл жетті емес пе? Алысқа сапар шеккен жолаушылар «Бәрекелді» деп пойыздан риза кейіппен түсер уақыт жеткен жоқ па?

Немқұрайлылық – қауіптің басы

Еліміздің теміржол торабында қауіпсіздік шараларының сақталмауынан түрлі оқиғалар орын алады. Бұған бірде адами фактор ықпал етсе, енді бірде қарапайым белгілердің жоқтығы да опық жегізеді. Теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес, 2017 жылы тасымалдау процесінің барлық қатысушылары қауіпсіздік ережелерін 881 рет бұзған. Жолдар мен құрылыс шаруашылығында 146 заңбұзушылық жасалған. Басты себептері – жолдардың жоғарғы құрылыстарында ақаулардың болуы (жылжымалы составтың 9 рет жолдан шығуына әкелген), адам өтетін жерлерде қоршаудың болмауы. Өкінішке қарай, теміржол бойындағы елді мекен балалары станция маңын ойын алаңына айналдыратын оқиғалар да аз емес. Ата-анасының қарауынсыз қалған бала теміржол бойында ойнап жүріп, кез келген затты рельстің саңлауына тығып кетуі де мүмкін. Ол мұны қылмыс деп ойламайды. Өйткені ойын баласына қызық керек. Немесе темір жолдың үстіне тас, құм, темір, көлденең бір затты қойып, пойыздың қалай өтетінін көріп қызықтағысы келеді. Әрине, мұның барлығы қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. Мұны әрбір ата-ана, үлкендер, мұғалімдер, әсіресе болат жолдың маңына жақын орналасқан елді мекендегі оқушыларға жиі түсіндіріп отыру керек. Қала берді, жаз айларында күндіз-түні күнкөріс қамымен вокзалдарда көкөніс, сусын, күнделікті тұрмыстық заттар саудалап жүрген ата-аналарына көмектесетін жасөспірімдер қауіпсіздігі де алаңдарлық жайт.

Сонымен қатар, елімізде теміржол маңында қауіпсіздік шараларын сақтауға да назар салмайтындар көп. Осының салдарынан теміржол аумақтарында орын алатын оқыс оқиғалар көп. Мәселен, өткен жылы Шымкентте 12 адамды пойыз қағып кетті. Оның ішінде 10 адам оқиға орнында көз жұмған. Қайтыс болғандардың арасында 2 және 4 жастағы балалар да бар. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы 3 айында 3 адамды пойыз қағып кеткен. Мұндай қайғылы оқиғалардың көбеюіне тұрғындардың қауіпсіздік талаптарына бағынбайтыны себеп. Тұрғындардың басым көпшілігі шойын жолдың бойындағы қауіпсіздік белгілері болса да, ережені елей бермейді. Бұған қоса, үй жануарларын теміржол бекеті маңында қараусыз қалдырып кету оқиғалары да тыйылмай отыр. Теміржолға жақын жерден мал жиі өтетіндіктен, 2014 жылы үй жануарларының жолға шығып кетуінің алдын алу мақсатында қоршау қойылған. Дегенмен тұрғындар қоршаудың сымын қиып, малды теміржол бойына жақын жерде жаюды және белгіленбеген жерлерден айдап өтуді азайтар емес. Мамандар тұрғындарды теміржол аумағында жүріп-тұрудың қауіпсіздік ережелерімен таныстырғанымен, бұған көз жұма қарайтындар көп. Осындай немқұрайлылықтың салдарынан оқыс оқиғалардың жиілейтінін ескермейтіні өкінішті-ақ. Қалай десек те, теміржол бойында түйткіл көп. Сондықтан теміржолдағы қауіпсіздік көп көңіл бөлуді қажет етеді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button