Тараз талай жұртқа үлгі

Қазақ халқы тарихының темірқазығы саналатын Тараз шаһарының бүгінде әлеуметтік һәм экономикалық әлеуеті артып келеді. Жамбыл облысының орталығы саналатын қала экономикасының ілгері басуына бизнес пен әлеуметтік сала әсер етіп отыр.

 Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында Тараздағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 120 млрд 535 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 17 млрд 361 млн теңгеге артық өнім өндірілген. Өңірдегі өнеркәсіп саласының негізгі көзі – химия саласы. Бұл сала бойынша «Қазфосфат» ЖШС-ның Жаңа Жамбыл фосфор және минералды тыңайтқыштар зауытын қоса алғанда 52 млрд 684 млн теңгенің өнімі өндіріліпті. Бұл облыс бойынша өнеркәсіптегі шығарылған өнімнің 43,7 пайызын құрайды. Саладағы салық түсімдері мен басқа міндетті төлемдердің мемлекеттік бюджеттегі үлесі 4 млрд 196 млн теңгеге жетті.

Сонымен бірге, аймақта «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл жалпы құны 4 млрд 897 млн теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл ретте жобалық құны 1 миллиард 870 миллион теңге, жылдық қуаттылығы 24 мың тонна болатын «KISC» ЖШС – болат, шойын балқыту цехын қайта жаңғырту, құны 2 миллиард 177 миллион теңге болатын «Тараз арматура зауыты» ЖШС – құрылыс арматурасын шығаруға арналған жаңа цехтың құрылысын салу және құны 850 миллион теңге, жылдық қуаттылығы 4,5 мың тоннаны құрайтын «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС өндіріс орнының 2-ші кезеңі құрылысын жүргізу қолға алынбақ. Бағдарламадан тыс жалпы құны 9 млрд 277 млн теңгені құрайтын тағы екі инвестициялық жоба іске қосылады. Атап айтар болсақ, «Қазфосфат» ЖШС-ның «Минералды тыңайтқыштар зауыты» аммофос 10:46 маркасы өндірісінің технологиялық жүйесін кеңейту және «GOODLOOK» ЖШС-ның күнбағыс пістесінен май өндіру зауытының құрылысын жүргізу жобалары.

Тараз шаһарындағы сауда айналымы, кәсіпкерлік салалары да қарқын алуда. Бұған соңғы статистикалық деректер дәлел. Мысалы, қаладағы бөлшек сауда тауар айналымының көрсеткіші 97 млрд 150 млн теңгеге жетсе, көтерме сауда тауар айналымының көлемі 61 млрд 651 млн теңгені құрап отыр. Одан бөлек, кәсіпкерлік субъектілерінің де саны арту үстінде. Бүгінге дейін шаһарда 31 829 кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде 25 648 жеке кәсіпкер, 6041 шағын, 31 орта және 109 шаруа қожалығы табысты жұмыс жүргізіп келеді. Ресми деректерге сүйенсек, шағын, орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемінің үлесі 19 млрд 454 млн теңгеге жетті. Алғашқы жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де айтарлықтай деңгейге жетіп, 30 млрд 725 млн теңгені құрады.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сай 2018 жылға инфляция өсімі 5-7 пайыз деп белгіленген. Ал Тараз қаласында инфляция деңгейін тұрақтандыру үшін маңызды азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын негізсіз өсіруге жол бермеудің жолдары қарастырылған. Тіпті, бұл мәселені жеке қадағалауына алған арнайы жұмыс тобы құрылып, бақылау жүргізеді. Жыл басынан бері өңірде бағаны төмендету мақсатында өнім өндіруші және сауда мекемелерімен 12 меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Жамбыл облысының тұрақтандыру қорынан шаһардағы 6 ірі супермаркетке әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмен бағамен жеткізіледі.

Қалада құрылыс саласы да қарқынды даму үстінде. Үстіміздегі жылдың жартыжылдығы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 11 млрд  946 млн теңгені құрайды. Биыл Тараз қаласында бюджет есебінен жалпы сомасы 15 млрд 325 млн теңгеге 47 нысанның құрылысын жүргізу қарастырылған. Жоспардағы 6 нысанның құрылысы келер жылға қалдырылады.

Аймақтағы әлеуметтік және экономикалық жағдайды жақсартудың басты бағыттарының бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту. Бұл мәселе де шаһар басшылығының басты назарында. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те өңір халқын жұмыспен қамтудың тиімді жолдарын қарастыру туралы үнемі тілге тиек етеді. Бұл ретте жыл басынан бері Тараздағы уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа тұру үшін 3351 адам өтініш білдірген. Соның 2022-сі жұмыспен қамтылды. Тарқатып айтар болсақ, әлеуметтік жұмыс орындарына – 28, жастар тәжірибесі бойынша – 173, кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бойынша – 693 адам жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, жоспар бойынша биыл қалада 891 адам қоғамдық жұмыстарға тартылуы тиіс. қазірге дейін олардың 518-і тиісті жұмыс орындарына жөнелтілді.

2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы көңіл көншітеді. Жамбыл өңірі мұндай жемісті жұмыстарын жыл соңына дейін жалғастыруға ниетті.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button