Жаңалықтар

9 қазанда III халықаралық «Еуразия Барысы» турнирі өтеді

ашық дереккөзі

9 қазанда III халықаралық «Еуразия Барысы» турнирі өтеді

«Еуразия Барысы» халықаралық турнирі 9 қазанда үшінші мәрте шымылдығын түреді. Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында өтетін додада 8 елдің палуандары күш сынасады. Бұл жолғы сайыс Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналмақ. Боз кілемге Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан палуандары шығады. Әр команда бапкер мен жеті палуаннан тұрады. Қара күш иелері 7 салмақ санаты бойынша белдеседі: 55 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін, 100 келіге дейін, +100 келі. Турнирдің телевизиялық көрсетілімі әлемнің 126 елінде миллондаған көрермендер алдында 7 сағат бойы көрсетіледі. «Еуразия Барысын»халықаралық «ТРТ Аваз» (Түркия) және «Боец» (Ресей) арналары трансляциялайды. Қазақстандық жанкүйерлер «Қазақстан» және «Қазспорт» арналарынан тамашалай алады. Өткен жылы өткен ІІ халықаралық «Еуразия Барысы» турнирінің финалында Қазақстан мен Моңғолия құрамалары кездесіп, 4:1 есебімен Моңғолия спортшылары жеңіске жеткен болатын. Үшінші орын Грузия құрамасына бұйырды. Ал 2013 жылы өткен І халықаралық «Еуразия Барысы» турнирінің ақтық сынында Қазақстан палуандары моңғолиялықтардан басым түскен еді. Биыл кімнің бабы, кімнің бағы шабатынын 9 қазан күні білетін боламыз.