Жаңалықтар

ШЕТЕЛ ТАЛАПКЕРЛЕРІНІҢ ТАҢДАУЫ – ҚАЗҰУ

ашық дереккөзі

ШЕТЕЛ ТАЛАПКЕРЛЕРІНІҢ ТАҢДАУЫ – ҚАЗҰУ

85 жылға жуық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алуға соңғы жылдары шетелдік талапкерлердің де қызығушылықтары артып отыр. Қазақстандағы жетекші ЖОО-ның әлем университеттері арасындағы беделі мен рейтингі, білім берудің үш тілді болуы, сонымен қатар, шетелдік серіктес университеттермен 70-тен астам қосдипломды бағдарламаның жүзеге асырылуы оқуға түсуге үмітті талапкерлер арасындағы бәсекелестікті нығайтты. Алыс және жақын шетелден 150-ден астам талапкер 2018-2019 оқу жылында ҚазҰУ-ға оқуға түсу үшін университеттің онлайн жүйесі арқылы тіркеліп, құжаттарын тапсырған. Бұл өз кезегінде уақыт пен қаржылай шығындарды азайтады. Аталған талапкерлер университет тарапынан растау алды, ендігі кезекте ЖОО-ға қашықтықтан қабылдана алады. Қызметтің бұл түрін Бразилия, АҚШ, Франция, Германия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан және тағы басқа мемлекеттердің азаматтары  қолданып үлгерді. ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов атап өткендей, биылғы жылы шетелдік студенттердің үлкен легі, нақты айтсақ 600-ден астам талапкер келмек. Сырттан келетін білім ізденушілердің көбісі, Қазақ ұлттық университетіндегі жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін білім беру бағдарламаларын, ағылшын тілінде оқу мүмкіндігі және заманауи кітапхана, студенттерге қызмет көрсету орталығы, спорт кешені және жайлы жатақханалар орналасқан бірегей кампусқа қызығушылық танытады. ҚазҰУ-да олар сапалы білім ғана алып қоймай, өздерінің ғылыми және шығармашылық әлеуетін шыңдайды. Шетелдік студенттер тарапынан жалпы медицина, ақпараттық жүйелер, халықаралық қатынастар, менеджмент, биотехнология, қазақ және орыс тілдерін оқуға деген сұраныс өте жоғары.