Жаңалықтар

Білім беру саласының  сапалы баспалдақтары

ашық дереккөзі

Білім беру саласының  сапалы баспалдақтары

Кез келген мемлекет үшін білім мен ғылымды дамыту аса маңызды. Қазақстан үшін де бұл саланы ілгерілету – мемлекеттік саясаттың басты тетіктерінің бірі. Сондықтан елімізде білім беру және ғылым саласын дамыту үшін қолға алынып жатқан шаралар көп. Соның бірі – «Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру мәселесіне жыл сайынғы Жолдауларында міндетті түрде назар аударады. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да білім берудің жаңа сапасына тоқталды. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – деді Елбасы. Елімізде екі жыл бұрын қолға алынған «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» осы күнге дейін өз нәтижесін беріп үлгерді. Жалпы, мемлекеттік бағдарламада 8 нысаналы индикатор, 51 нәтижелі көрсеткіш және 166 іс-шара қарастырылған. Аталмыш бағдарлама балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен білім берумен қамту, жалпы орта білім беру, қосымша білім беру, инклюзивті білім беру, техникалық және кәсіби білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ғылымды дамытуды міндет етеді. Қазақстан Республикасының білім саласындағы бүгінгі басты міндеттерінің бірі – жастарға терең білім беру. Ал оның негізі техникалық және кәсіптік білім берудің оқыту үрдісін жақсартуға жаңа технологияларды енгізу болып табылады. Оқу-тәрбие үрдісіне жаңа инновациялық әдіс -тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып, өз бетімен ізденуге шығармашылық еңбек етуге жол салады. 2018 жылдың сәуір айындағы деректерге сүйенсек, бағдарламада қарастырылған нысаналы индикаторлар бойынша атқарылған шаруалар 75 пайызды құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарлама 90 пайызға орындалыпты. Ал іс-шаралардың орындалу деңгейі 96 пайызға жетіп отыр. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бөлінген 445,3 млрд теңге де толықтай игерілген. Сонымен қатар, қазіргі таңда, Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында және Президенттің «бес әлеуметтік бастамасында» берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде, оқытудың жаңартылған бағдарламасын енгізу, гранттар санын көбейту және студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары бар. Осыған орай, Мемлекеттік бағдарламада Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды шешуге бағытталған тиісті индикаторларды және іс-шараларды қарастыру қажет. Білім беру мен ғылымды дамыту бағдарламасы іске асырыла бастаған уақыттан 2017 жылдың соңына дейін елімізде 1 309 мектепке дейінгі мекеме ашылып, 155 мектеп салынды. Мектепке дейінгі ұйымдардың арнайы білімі бар педагогикалық қызметкерлерінің сапалы құрамы 1 500 педагогқа артты. Жоғары және бірінші санатты педагогика қызметкерлерінің саны 145 мың адамды құрайды. Мектепке дейінгі және мектепте білім беру мазмұны ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес жаңартылды, колледждер мен жоғары оқу орындарында халықаралық сарапшылар мен жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленген 92 жаңа бағдарлама енгізілді. Сондай-ақ, балаларды балабақшаға бөлу процесі пилоттық режимде автоматтандырылуда. 2018 жылдың соңына дейін жүйені тұтастай енгізу көзделіп отыр. Мектепке дейінгі білім беруде балабақшаларға автоматты түрде орналастыру жүйесі 14 қалада енгізілді. Балабақшаларға кезекке тұру және жолдама беру кезегін автоматтандырудың жаңа стандарты бекітілді. Процесті автоматтандыру құжат тапсырған адаммен тікелей байланысты жояды және коррупцияға жол бермейді, процедура ашық болып, сапасын жақсартады. Мектептерге қабылдау, өзара ауысу электронды режимде іске асырыла бастады. Шымкент, Алматы қалаларында пилоттық жоба жүзеге асырылды. Енді бұл бағдарлама барлық аймақтарға таратылып, енгізілетін болады. Балабақша ашу рәсімін жеңілдету мақсатында жаңа санитарлық нормалар мен ережелер қабылданды. 2017 жылдың 1 қыркүйегінде 52 мектеп пайдалануға берілсе, 318 колледжде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылуда. 421 колледжде 80 мамандықтың 160 біліктілігі бойынша 27 193 студентті қамту арқылы, 2 433 кәсіпорынның қатысуымен қосарлы білім беру жүйесі енгізілді. Жоғары оқу орындарында бақылау кеңестері арқылы ректорды таңдау тетігі енгізілген, корпоративтік хатшылар мен ішкі аудит қызметтері құрылуда. Қазақстанның 8 жоғары оқу орны 2017 жылы QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтингісінде аталып өткенін айта кетейік. Бүгінге дейін әрбір мектепте төрт жыл сайын кітап жаңартылатын. Ендігі кезекте оқулықтар Білім стандарттарына, оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізілген жағдайда, оқушы санына байланысты сатылып алынатын болады. Бүгінгі таңда келесі оқу жылына дайындық барысында 3,6,8-сыныптарға арналған оқулықтар дайындалып жатыр. Оқулық макеттері республикалық «Оқулық» орталығының арнайы сайтында қоғамдық бағалауға жүктелген. Кітаптың сапасын кез келген адам көріп, өз пікірін білдіре алады. Оқулықтарды әзірлеу, сараптамадан, апробациядан өткізу жұмыстарына да оқулық сапасын жақсартуға байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. 2019 жылдың қыркүйегіне дейін 10-11- сынып оқушылары физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытыла бастамақ. Бүгінде бұл сұрақ педагогикалық қауымдастықта, қоғамда қызу талқыланып жатыр. Содан кейін нақты шешім белгілі болады. Тілді меңгеру деңгейін көтеру үшін мұғалімдер: «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Ustaz professional development centre» оқу орталығы және «Өрлеу» базасы сияқты бірнеше оқу орталықтарында бір емес, бірнеше рет дәріс алды. Белгілі нәтижеге қол жеткізген соң, діттеген мақсатты жүзеге асыруға кіріседі. Қорыта айтқанда, білім саласында енгізіліп жатқан жаңа жүйелер өз жемісін беріп келеді. Алдағы уақытта білім саласының көкжиегі бұдан әрі кеңейе түсетіні сөзсіз.  Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын  қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық  кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет. Білім берудің барлық  деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын  күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың  маңызды шарты. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан