Жаһан ғалымдары Жайыққа алаңдаулы

Жаһан ғалымдары Жайыққа алаңдаулы

Жаһан ғалымдары Жайыққа алаңдаулы
ашық дереккөзі
23 шілде Жайық өзенінің күні болып белгіленді. Себебі осыдан 21 жыл бұрын 1997 жылдың 23 шілдесінде халықаралық тарихи-мәдени әрі экологиялық экспедиция алғаш рет өзен бойымен жолға шыққан. Оралда бас қосқан отандық және ресейлік, өзбекстандық, австриялық ғалымдар дарияның экожүйесін сақтаудағы жалпы стратегияны талқылаған. Трансшекаралық Жайық өзені – ұзындығы жөнінен Еуропада үшінші орын алады, Каспий бассейніндегі бекіре балығының баға жетпес қоры әзірше сарқылмаған бірден-бір су көзі. Алайда табиғаттың осынау таңғажайып байлығы жылдан-жылға жұтаң тартуда. Өзеннің арнасы тайыздап, балықтың уылдырық шашар шұңқырлары бітеліп, жағасындағы тал-теректер қурап жатыр. Экспедицияның мақсаты – Жайықтың экожүйесін сақтау. Алайда жыл сайын жиылып, өзен бойымен әрлі-берлі жүзгеннен, әзірше нәтиже болмай тұр. Мұны қатысушылар да мойындайды. – Бекіре балығымен әйгілі, алабындағы орман-тоғайымен, жануарлар дүниесімен дараланатын дарияның өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалу өте маңызды. Егер біз өзеннің түбін тереңдете берсек, ол су өтетін каналға айналып шығады. Мұның барлығы өзеннің табиғатына, болмысына қайшы келеді, – дейді Ресей ғылым академиясының академигі Александр Чибилёв. Ресейден келетін судың азайып кетуін Жайық бойындағы тұрғындарға, олардың шаруашылық жүргізуіне, басқа да экологиялық мәселелерге үлкен әсер ететіні айқын. Жайық өзенінің күнін белгілеу дарияның табиғи байлығын сақтау жұмыстарының жаңа кезеңі басталғанын әйгілейді. Барлық гидротехникалық құрылыстарды түгендеп, олардың жұмыс жүйесін реттеу, өсімдік әлемін қалпына келтіру – келешектің ісі.