Көк жүзінде күміс лайнерлер
Көк жүзінде күміс лайнерлер
2018 жылдың алты айында Қазақстанда әуе кемелерімен 3,8 млн адам тасымалданған.
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында атап өткендей, азаматтық авиация саласында жолаушылар ағынының тұрақты өсім қарқыны сақталуда.
– Ағымдағы жылғы алты айда тасымалданған әуе жолаушыларының өсімі 19 пайыз немесе 3,8 млн адамды құрады (2017 жылы 3,2 млн адам), – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, Қазақстанның халықаралық бағыттарға ұшу географиясы жыл санап кеңейе түсуде. «Былтыр жаңадан 10 халықаралық әуе қатынасы ашылды. Биыл жыл басынан бері 12 халықаралық маршрут іске қосылды. Оның ішінде қазақстандық әуе тасымалдаушылар Атырау-Франкфурт, Астана-Қазан, Астана-Түмен, Астана-Вильнюс, Астана-Челябі, Астана-Краснодар, Астана-Томск, Астана-Сочи бағыттарын орындайды. Сондай-ақ, шетелдік тасымалдаушылар орындайтын Рига-Алматы («AirBaltic»), Новосибирск-Павлодар («Сибирь»), Красноярск-Алматы («Ангара»), Мәскеу-Қызылорда («Аэрофлот») жаңа әуе маршруттары ашылған. Министрліктің мәліметінше, сонымен қатар еліміздің көлік саласы да өсім динамикасын көрсетіп отыр. Бұған дәлел өткен жылы жүк тасымалдау көлемі 6,4 пайызға өсіп, 1,8 млрд тоннаны құрады. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша транзиттің жалпы көлемі 8,5 млн тоннаға жетті. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен анағұрлым артық.