ТӨРТ ИМПЕРИЯНЫҢ АСТАНАСЫ БОЛҒАН СТАНБҰЛ

ТӨРТ ИМПЕРИЯНЫҢ АСТАНАСЫ БОЛҒАН СТАНБҰЛ

ТӨРТ ИМПЕРИЯНЫҢ АСТАНАСЫ БОЛҒАН СТАНБҰЛ
ашық дереккөзі
«...Сол қаланы мұсылмандардың  қаласына айналдыратын басшы қандай жақсы басшы және  оның әскері қандай жақсы әскер!»

Мұхаммед пайғамбар (с.а.с)

Бұл шаһардың жөні бөлек. Оның тағдыры сонау жетінші ғасырда айтылып кеткен. Талай жаужүрек қолбасшыға оны жаулау арман болған. Бұл шаһар Исламның жеңімпаз рухын асқақтатқан. Төрт ғасыр бойы Еуропаны билеп-төстеген қала саяси шешімдерді қабылдау орталығы болған. Қазіргі Түркияны Азиялық клубтан ажыратып, Еуропалық санатқа кіргізген қақпа. Иә, сөз Станбұл шаһары туралы.

Әрі еуропалық, әрі азиялық...

Бір өзі екі құрлықта – Еуропа мен Азияда орналасқан, яғни жағрапиялық орналасуы өзгеше. Әлемде дәл осындай екі құрлыққа қанат жайған екі қала ғана бар: бірі –  осы Станбұл болса, екіншісі – Ресейдің Магнитогорск қаласы. Қаланы Босфор шығанағы екіге жарып тұр, екі жағалау бірнеше көпір, жер астындағы тоннельмен жалғасқан. Үш жағынан бірдей су қоршап жатыр. Екі қапталдан – Босфор шығанағы, ал оңтүстіктен – Мәрмәр теңізі. Бір өзі тарихында төрт бірдей империяның – Рим, Византия, Латын және Осман империяларының астанасы болған. Әлі күнге дейін өткен күндердің, күні озған жұрттардың ізі сайрап жатыр. «Википедияның» дерегі бойынша, бұл шаһар кезінде 10 рим императорының, 82 византиялық билеушінің, 30 османдық сұлтанның тұрағы болған екен. 324 жылы Рим императоры Константин сол кездегі Византий қаласын кеңейтіп, үлкен құрылыс жұмыстарын бастаған екен. 330 жылы Рим астанасын осы қалаға көшіреді, бұдан соң шаһар Константинополь, яғни Константиннің қаласы деп аталып кеткен. Рим империясы ыдыраған соң, Византия империясының астанасы болған. 1204 жылы кресшілер қаланы басып алып, оны Латын империясының астанасы етіп таңдайды. Осыдан соң 1453 жылы Сұлтан Мехмед ІІ бастаған түрік армиясы Константинопольды басып алып, оны Осман империясының астанасы деп жариялайды. Әр замандарда әр түрлі халықтың «Жиделі-Байсыны» болған шаһар бүгінде тоғыз мәдениетті бойына сіңірген. Мұнда грек, рим, араб, османлы түрік, парсы өркениеттерінің белгісін әлі де тамашалауға болады. Бұл шаһардағы тарихи орындарға қатысты ресми деректерді келтірелік. Стамбулда 70 мұражай бар. Оның ішінде ең көрнекілері – Топқапы сарайының мұражайы мен Айя София мешіті. Бұдан басқа 17 сарай, 64 мешіт, 49 тарихи шіркеу бар. Тарихи кешендердің көбісі Станбұлдың орталығы – Сұлтанахмет ауданында оналасқан. Ал жер астындағы қоймалар, су қоймасы, ежелгі дәуірден сақталған колонналар мен қамалдар толып жатыр. Алты театр, төрт мемлекеттік университет және бірнеше жекеменшік жоғары оқу орны орналасқан. Сегіз саябақ, алты көпір, бес алаң бар. Алаңдардың ішінде Түркиядағы ең атақтысы – талай саяси оқиғалардың куәсі болған Таксим алаңы. Станбұлдың аспаны үнемі азанмен күмбірлеп тұрады. Қадам басқан сайын – бір мешіт, ресми деректерге қарағанда, бұл шаһарда 64 мешіт бар. Оның ішінде ең көнесі – Айя София мешіті. Айя София – Рим императоры Юстинианның көзін көрген, яғни он бес ғасырлық шежіресі бар тарихи кешен. Әу баста кірпіші қаланған кезде шіркеу, кейін собор болған, Осман әскері жаулап алғаннан кейін мешітке айналған. Ал оның қарсысында бой түзеген Сұлтан Ахмет мешіті («Көк мешіт» деп те аталады) бір жағынан жамағат құлшылық жасайтын орын ретінде сақталса, екінші жағынан туристер көп келетін тарихи кесене.

Ежелгі дүниеден  тартылған желі

Түркия ежелгі грек, рим мәдениетінің жәдігерлерін әлі күнге көздің қарашығындай сақтап отыр. Сақтап қана отырған жоқ, туристерді кең тартатын көрнекі әрі тарихи орындар ретінде ұдайы жөндеуден өткізіп, барынша әрлеп, насихаттайды. Сондай ежелгі дүниеден тылсым сыр шертетін орынның бірі – Станбұлдың орталығындағы Сұлтанахмет ауданында орналасқан Базилик су қоймасы. Рим императоры Константиннің пәрменімен салынған цистерна жер астындағы патшалыққа ұқсайды. Аумағы ат шаптырымдай жертөленің іші қаракөлеңке. Қаз-қатар тұрғызылған алып тірек-бағаналар, төбесі биік етіп салынған цистернаның құрылысы сарайды елестетеді. 336 тірек-бағананың әрқайсысының биіктігі 8 метрге жетеді, бір-бірінен 4-5 метр қашықтықта орналасқан су қоймасының көлемін шамалап көріңіз. Жалпы, қазіргі кезде Станбұлдың астынан 40 шақты тарихи су қоймасының орны табылған. Соның ішіндегі ең көрнектісі әрі ең жақсы сақталғаны – осы Базилик. Бұл цистернадағы туристер үшін ең таңсық дүние – Медуза Горгонаның басына қойылған екі колонна. Былайғы жұрт төртінші ғасырдағы су қоймасын емес, «Медузаның басын» көруге келеді. Медуза – ежелгі грек мифологиясындағы шашының орнына жыландар ширатылған, бір қараған адамды сеспей қатыратын жалмауыз екенін білмейтін адам сирек шығар. Жер астындағы цистернаны қазғанда, оның тірек-бағаналарын цилиндр пішіндес колонна етіп тұрғызған. 336 шақты колонналардың бәрі бірдей көрінгенімен, олардың ішінде екеуі өзгелерінен ерек. Цистернаның солтүстік-батыс жағында төменірек орналасқан екі колоннаның басты айырмашылығы – олардың іргетасы ретінде Медузаның басы қаланған. Алып екі бастың бірі төңкеріліп, екіншісі бір жағына жатқызылыпты. Бұл екі бастың қайдан келгені, не мақсатпен салынғаны мәлім емес. Тек зерттеушілердің пікірі бойынша, ежелгі заманда, ірі құрылыс, ғимараттардың ұзақ тұруы үшін Горгонаның бейнесі қорғаныс мақсатында пайдаланылатын болған. Екі Медузаның басы цистернаның құрылысында осы қорғаныс мақсатында пайдаланылған деген пікір бар. Бұл ақпаратты қаракөлеңкеде әр тұста тұрған тақтайшалардан оқып-білдік. Бірақ Медуза бастарының шежіресін оқып-түсініп жатқан турист сирек. Әр түрлі елдерден келген шетелдіктер екі Медуза Горгонаның ар жағына бір, бер жағына бір шығып, суретке түсіп әлек.

Көненің көзі – Жылан колонна

Станбұлдың тарихи орталығындағы тағы бір көне жәдігер – «Жылан колонна» деп аталатын, қоладан құйылған бағаналар. Рим империясы кезінен сақталып қалған бірден-бір ескерткіш. Оны көру үшін Станбұлдың Фатих ауданындағы Сұлтанахмет алаңына бару керек. Осы алаңның бір жағында Айя София және Сұлтан Ахмет мешіті орналасса, екінші басында Византия заманындағы Ипподромнан қалған жәдігерлер сақталған. Бұл Ипподромға кезінде жүз мың адам сыйып кететін болған деседі. Рим империясы тұсында мұнда аттылы бір адамдық арбамен жарыс өткізілетін болған. Осман империясы мұндай жарыстарды тоқтатып, тек халық сейіл құратын, кейбір мерекелер өткізетін орын ретінде пайдаланған. Бірақ кейін қазылған археологиялық қазбалар осы алаңның астынан Топқапы сарайы мен Ибрагим пашаның сарайына апаратын жер асты құпия дәлізінің болғанын анықтады. Ипподромнан қалған белгі – колонналар сол тұста Рим ипподромының басты тірегі болған деседі. Оның бірі «Мысыр обелискі» деп аталады, осы шаһардағы ең көне ескерткіш саналады. Бастапқы кезде оның биіктігі 32,5 метр болса, қазір соның жартысынан сәл асады. Екінші колонна – Грекиядан жеткізілген «Жылан колоннасы». Биіктігі 8 метрлік бағананың басында үш жаққа қараған үш жыланның мүсіні болған екен, бірақ 16 ғасырда олар жоғалып кеткен. 19 ғасырда біреуі ғана табылған, қазір ол Археологиялық мұражайда сақтаулы. Қазіргі кезде бағананың биікті – 5,5 метр ғана. Төменгі тұсы жерге кіріп, оның айналасы дөңгелене қазылып, қоршалған. Одан әрі «Константин обелискі» деп аталатын, тастан қаланған колонна тұр. Бұл да Рим империясының көзіндей болған ескерткіш, бір кезде 32 метр болса, қазір оның 21 метрі ғана жер бетінде тұр.

Сегіз ғасыр бұрын  сүйіншіленген шайқас

Станбұлға жол түссе, әлбетте, «Панорама» мұражайына соқпай кетуге болмайды. Бұл қазіргі Станбұлдың, мұсылман болған қаланың тарихын шертетін ерекше кешен. 1453 жылы Сұлтан Мехмед ІІ әскері Константинополь шаһарын 53 күн бойы қоршап, ақыры басып алған. Бір жағынан, сол кездегі Византия империясының күні батуға таяу болғаны, әбден әлсіреген кезі, екінші жағынан түрік әскері сол замандағы ең жойқын қару – ірі зеңбіректерді қолданған. «Панорама» – дәл осы кескілескен, от пен отқа оранған шайқасты көз алдыңызда «тірілтетін» экспозиция. Ұзыннан-ұзақ созылған дәліздерден өтіп, баспалдақпен жоғары көтерілген соң, дөңгеленген алып күмбездің астына тап боласыз. Осы күмбездің асты – айнала қоршаған майдан даласының көріністері. Қазіргі тілмен айтқанда 3D форматындағы көрініске ұқсайды. Диаметрі 38 метрге жететін панорамалық көріністің биіктігі 20 метр. Жалпы алғанда, он мың адамның соғысып жатқан сәтін бейнелейді. Айнала – атылған оқ, лаулаған от, ауада – гүрсілдеген зеңбірек үні. Осыдан соң Станбұлды дүниеге келтірген ең маңызды шайқасты өз көзіңізбен көргендей әсер алатыныңыз анық. Дәл осы шайқас сол 1453 жылдан сегіз ғасыр бұрын айтылып, алдын ала мұсылман жамағатын сүйіншілеген тарихи әрі идеологиялық маңызы зор оқиға. Имам Ахмед жеткізген хадисте былай делінген: Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) сонау 7 ғасырда былай деген: «Константинополь мұсылмандардың қаласына айналады. Сол қаланы мұсылмандардың қаласына айналдыратын басшы қандай жақсы басшы және оның әскері қандай жақсы әскер!». Бұл шаһарды кезінде македониялық патша Филипп ІІ үш жыл қоршап, жаулай алмаған. Жарты әлемді билеген Александр Македонскийдің өзі бұл қаланы қанша шабуылдаса да, ала алмады. Ал араб түбегінде Ислам діні орнығып, Константинопольды жаулайтын атақты қолбасшы туралы хадиске қаныққан мұсылман әскері де талай мәрте бұл шаһарды қоршап, тауы шағылды. Расында, қаланың келешек тағдырын баяндаған хадис айтылғаннан кейін сегіз ғасыр бойы оның қақпасының алдында талай мұсылман әскердің сүйегі қалды. Ақыры, 1453 жылы 29 мамырда бір жарым айдан асқан үздіксіз шабуылдан соң ғана айтылған хабардың орындалар сәті соғып, Константинополь мұсылмандар құзырына көшті. Бұл – осы шаһардың өз тарихында 29-рет шабуылға ұшырауы екен. Әлі күнге христиан әлемі Константинопольды қимайды, оны Станбұл деп атамай, 1930 жылға дейін халықаралық құжаттарда, еларалық қатынастарда бұрынғы атымен атайтын болған. 15 ғасырда бұл көне шаһардан айырылып қалу – тізгінді қолдан берумен тең еді. Осылайша, ол – Исламның Еуропа құрлығына сынамалап енуіне ашылған қақпа еді. Қала Осман империясының билігіне өткен соң, оны «Исламбол» деп атады, тек 1930 жылғы 28 наурызда түрік үкіметінің арнайы қаулысымен ресми түрде ағылшын тіліндегі нұсқасы Istanbul деп жазыла бастады, ал орысша нұсқасында Стамбул деген атау қалыптасты. Исламбол аттай 470 жыл Осман империясының астанасы болған. Ал 1923 жылы Түрік Республикасын жариялаған Мұстафа Кемаль Ататүрік астананы Анкараға көшірді.

Бақуаттылар мен қайыршылар тұрағы

Түркияның әрбір бесінші тұрғыны Станбұлда тұрады деген сөз бар. Алтыншы ғасырдың өзінде бұл шаһар халқының саны жарты миллионға жеткен екен. Сол кезде әлемдегі ең халық саны көп қала саналған. Қазір бұл – Еуропадағы тұрғын халқы ең тығыз орналасқан қала. Бұл шаһардың тұрғын халқының саны ресми деректерде 2017 жылы 15 миллионнан асты делінетін. Қазір Станбұлдықтардың өзі қала халқының саны 18 миллион шамасында деп айтып жүр. Келімді-кетімді туристер үзілмейтін әрі ішкі мигранттар мен Сириядан келген босқындардың үздіксіз ағылуының арқасында қала бір қарағанда-ақ кемерінен төгілгелі тұрғандай елестейді. Көшеде, алаңдарда, тарихи орындарда, жағажайларда, қоғамдық көлікте – тәуліктің қай мезгілі болмасын, адам ығы-жығы. Қоғамдық орындар, яғни дәмхана, мейрамхана, кофеханалардың іші құжынаған араның ұясындай екені онсыз да түсінікті. Космополит Лондонның өзінде мұндай қара құрым халық бар деп сезіле қоймас. Мұның себебі – шаһар аумағының салыстырмалы түрде тарлығы болса керек. Кей деректерге қарағанда, Станбұл – халық санының көптігі бойынша әлемде 4-орында тұрғанымен, қала территориясының көлемі бойынша – 24-орында тұр. Ұзындығы 150 шақырымға созылып жатса, ені 50 шақырымнан аспайды. Құжынаған халықтың үстіне сырттан келген туристер де көп. Мысалы, осыдан он шақты жыл бұрын бұл қалаға жылына 2,5 миллион туристер келетін болса, соңғы төрт-бес жылдағы дерек бойынша, сырттан келетін қонақтардың саны жылына 11 миллионнан асады. Бұл 11 миллионның бәрі тек шетелдік туристер екенін баса айту керек. Станбұлдағы ірі халықаралық Ататүрік әуежайының өзі жылына 40 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді екен. Сонда тек қонақтарының өзі алып шаһарды толтыруға жететін қаладағы қыз-қыз қайнаған күнделікті тіршілікті елестетіп көріңіз. Түркиядағы экономикалық жағдайдың әркелкілігін бір ғана Станбұлдың мысалымен түсіндіруге болар. Мысалы, елдегі бар салықтың 40 пайызы осы қалада жиналады және елдің ЖІӨ-нің төрттен бірін осы шаһар беріп отыр. Есесіне, басқа аймақтарға қарағанда, бай-бағылан осында көбірек шоғырланған, кей деректерге қарағанда, бұл қалада 30 шақты миллиардер тұрады. Осы орайда, британдық журналистің былтыр Түркия туралы жасаған арнайы хабары еске түсіп отыр, онда Саймон Рив Станбұлда тұратын шіріген байдың үйінде қонақта болады. Сонда 12 Rolls Royce көлігі бар екенін, басқа да дүние-мүлкінің көптігімен мақтанған түрік миллиардері өзінің Станбұлдағы резиденциясын Катар принцессасы сатып алмақ болғанын, бірақ оған бермей қойғанын айтады. «Барсын да, Темза жағасынан алсын үйді», – дейді ол. Мұнда Станбұл қор биржасы жұмыс істейді. Бұл қор өз бастауын сонау Осман империясының кезінен алатын көрінеді. Оның үстіне, Қара теңіз бен Жерорта теңізін жалғап жатқан Босфор бұғазы арқылы өтетін жүк тасымалынан түсетін табыс мол. Бірақ шаһарда қайыр тілеген тіленші де көп. Оны  Сириядан келген 3 миллионнан аса босқындармен байланыстырады. Жергілікті тұрғындар бұл елде жүрген сириялықтардың саны 4 миллионға жетті деп айтып жүр. Олардың 30 мыңы Түркия азаматтығын алған екен. Оның үстіне, Түркиядағы орташа жалақы 1500 лира болса, сириялық босқындар үкіметтен 1800 лира жәрдем­ақы алады. Жергілікті азаматтар наразылығының күшеюінің бір себебі осы. Яғни, жұмыс істемей-ақ, салық төлеушілер үстінен күн көріп отыр деп налиды. Оның үстіне, соңғы жылдары Түркияда қылмыс түрлерінің көбейіп кеткенін де солардан көреді. «Тепсе темір үзетін еңгезердей жігіттер өз мемлекеттері үшін соғыспай, басқа елде пана іздеп жүр» деседі. Исламбол, яғни Станбұл туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Бірақ бір сапардың кезінде шаһардың мыңжылдықтарға созылған тарихын, сан халықтардан сіңген рухани дүниесін, өткен дәуірлерден жеткен жауһарларын түгел көріп-түйсіну мүмкін емес. Біз бұл жолы қазіргі саяси ахуалға, елдегі өзгерістерге әдейі тоқталған жоқпыз, тек Станбұлдың қайталанбас өзгеше тынысын беруге талпындық. Расында, егер тоғыз мәдениеттің тоғысқан жерін көрем десеңіз, Исламболға барыңыз.

Ньюкасл – Станбұл – Ньюкасл