Атақты Маралды мұңайған күн

Атақты Маралды мұңайған күн

Атақты Маралды мұңайған күн
ашық дереккөзі
Қазақстанның халық жазушысы, балалар әдебиетінің біртуар өкілі Мұзафар Әлімбаевтың өлеңдерімен сусындамаған ұрпақ жоқ шығар, сірә! Әсіресе, туған елін әспеттеп, әнге қосқан ақынның «О, Маралдым, Маралдым, сенің үшін жаралдым!» деп басталатын өлеңі жұрттың әлі есінде. О, Маралдым, Маралдым! Сенің үшін жаралдым, Топырағыңнан нәр алдым, Көзіндейсің сен маған Атам менен анамның... Міне, осы өлеңнің жарық көргеніне ширек ғасыр өтсе де, әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Тіпті, бұл Баянауыл сынды табиғаты сұлу өңірдегі Маралды көлін танытатын жарнамаға бергісіз өлең емес пе?! Алайда талай қаламгердің қаламына арқау болған Маралды көлін ел-жұрт қаншалықты біледі? Біз табиғат-ананың сыйын өз деңгейінде пайдалана алдық па? Жаз маусымы басталған кезде Павлодар облысында тағы бір демалыс орны ашылатыны белгілі болған. Тіпті, жергілікті әкімдік сайтындағы: «Егер сіз жаздың келгеніне әлі күмәнданатын болсаңыз, онда өңіріміздің ең әйгілі демалыс орнына келіп, көз жеткізетін уақыт келді. Маралдыда әрдайым тамаша. Жыл сайын мұнда мыңдаған туристер демалуға келіп, қызықты оқиғаларды бастарынан өткереді. Жаз кезінде Маралдыдағы тірлік бір минутқа да тоқтамайды. Шуақты күн мен шетсіз-шексіз теңіз... көптеген концерттер, фестивальдер. Өзіміздің  Маралды тұрғанда алыс теңіздерге барудың қажеті қанша?!», – деген ақпаратты оқығандардың қуанышы қойнына сыймаған. Биыл «Маралды» демалыс орнына инвестор миллиардқа жуық теңге жұмсауды жоспарласа, оның 300 миллион теңгесі – аквапаркті жабдықтауға, дәмхана, мейрамхана, сауна мен бассейннің құрылысына жұмсалатын көрінеді. Алдағы уақытта демалушылар үшін балаларға арналған бассейн және кеңейтілген жағажай, жаңа пирс, балалар аттракционы мен ойын алаңдары, арқалығы бар орындықтар және төсектер жасалса, таяу арада емделу орны мен қонақүйдің құрылысы  қолға алынбақшы. Естай ақын әнге қосқан, атақты қыз Қорланның туған жері Маралды көлінің жағасындағы демалыс орны Павлодар облысының ғана емес, көршілес Алтай өлкесінің туристерін де қызықтырып отыр. Жергілікті халық қалжың ретінде «Маралдивы» деп атап кеткен Маралды курорты алдағы жаздың ішінде жетпіс мыңға дейін туристі күтіп алуға дайын екенін ресми мәлімдеуде. «Маралды» курорты» ЖШС-ның өкілі Жанар Жақанова демалыс орнының даму жоспары туралы айтып берді. – Біз туристерге ұлттық тағамдар ұсынып, киіз үйлерде демалуға жағдай жасаймыз. Демалыс орнын ұлттық нышанда безендіру үшін арнайы дизайнер шақырдық. Көлдің жағажайына екі мыңға жуық жатын орын, киіз үй тәріздес алып шатыр және этноауыл құрудамыз. Біздің компания демалыс орнын дамытуға 100 млн теңге қаражат бөлді, – деді ол. Ал облыс әкімінің орынбасары Жайық Серікқалиев Маралды қазақстандықтар үшін ғана емес, Ресей Федерациясының  көршілес жатқан Алтай өлкесі, Новосібір, Омбы облыстарының тұрғындарының арасында да өте танымал екенін айта келе: «Маралды көлінің суы көптеген дертке ем. Көбінесе халық мұнда ревматизм, буын ауруларын емдеу үшін ағылып келеді. Өңірде туризмді дамыту бағдарламасына сәйкес, Маралды көлін абаттандырып, демалушылар үшін жайлы жағдай жасау бойынша қызу жұмыстар жүргізілуде. Курортты аймақтағы құрылыс жұмыстары жергілікті халық үшін де аса тиімді. Олар демалыс аймағында жұмыс істеп, қосымша қаражат табуда, – деді. Иә, осылайша демалыс аймағының жарнамасын асырған жергілікті әкімдік өкілдерінің сөзіне қарағанда, Маралдыға келетін туристерде есеп болмайтын көрінеді. Әзірге мұның бәрі болжам ғана. Көріпкелдік қасиетті іске қосып, алдын ала ауызбен орақ орған да жақсы шығар. Алайда талай жылдан бері енді ғана қолға алынған демалыс аймағын дамыту неге ертерек ойға келмеген? Кім кедергі жасады? Жақында Павлодар облысына арнайы сапармен барған Елбасыға облыс әкімі Болат Бақауов өңірдің экономикалық жетістіктері туралы және туризм саласының сәтті дамып жатқанын айта отырып, Маралды демалыс орнын таныстырған-ды. Жаңадан салынып жатқан курорттың суреттері әу бастан-ақ Президенттің көңілін қалдырды. «Маралды көлінің фотосын ешкімге көрсетпе – бұл масқара: адамдар жалаңаш жүр, не инфраструктура, не күннен қорғайтын шатыр жоқ. Қонақүй түгілі, тіпті отыратын жер де жоқ. Не деген масқара!» деген Елбасының осы сөзі Маралды көлінің атын аспандатып жіберді. Әрине, жақсы қырынан емес. Бұл осы көлге баруды армандап жүрген қаншама адамның көңілін су сепкендей басты десек, артық болмас. Қазақстанның туризм әлеуеті мен болашағы жайында сөз қозғаған Президент ең әуелі демалыс орнында инфрақұрылымды дамытып, ондағы адамдарға жағдай жасау керектігін айтып өтті. «Қазақстан бойынша неліктен инфрақұрылымды дамытып жатырмыз? Еріккеннен деп ойлайсыздар ма? Инфрақұрылымға қордан 9 миллиард доллар бөлгіздім. 5,5 мың шақырым жол – қазақтар мұндай жолды ешқашан көрген емес. Біз бес жылда 4,5 мың шақырым жол салдық, тағы 5 мың шақырым жол саламыз. Барлық қаржы институты бізге сенеді және бізге сол ақшаларды береді. Павлодардан Астанаға баратын жол салдық, қазір 3 сағатта жетіп барасың. Әрі қарай Баянауылға жеңіл жететіндей жол салынады», – деді Елбасы Н.Назарбаев. Президенттің ашынатындай жөні бар. Осындай таңдаулы демалыс орнын жандандыруға қатысты жобаны жұрт назарына ұсынар алдында жан-жақты пысықтауға болмас па еді?! Бір қайнауы ішінде, шикі жобаны ұсыну қанға сіңген бе, әлде алдын ала мақтан үшін көрсету дәстүрге айналғаны ма?  Басқа басқа, қазір арнайы жобаларды компью­тер арқылы өңдеп, әрлеп, безендіретін бағдарлама да, маман да жеткілікті ғой. Жұрт көзін тігіп, көрші мемлекеттердің азаматтары келуге асық болған Маралды көлі демалыс аймағын көркейту жобасын дайындау соншалықты қиын ба еді?! Жасыратын несі бар, елімізде дәл мұндай шикі жобаның талайының тұсауы кесілді. Көзбояушылық пен немкеттілік дендеп алғандарға  дауа жоқ. Бәрін қағазда көрінуі, алдамшы есеп үшін ғана істейтін сияқты. Алайда оның астарындағы былықтар да көп ұзамай әшкере болып жатады. Соған қарамастан еш шімірікпейтін, намыстанбайтындар қазақта неге көп?

Тұсауы кесілген  жоба неге жабылды?

Айтпақшы, жыл сайын Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде  сандаған инновациялық-индустриялық жобаның тұсауы кесіледі. Бірақ сол жобаның кейбірі көп ұзамай жабылып қалады. Қазақстанда 2000 жылдан бергі уақытта өндіріс орындары көптеп ашылды. Оларға қыруар ақша бөлінгені былай тұрсын, сапалы отандық өнім шығарады, инновациялық дамуды тездетеді деген сенім артылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біршама жаңа жобаның тұсауын өзі кесті. Алайда соның кейбірі үмітті ақтамады. Тіпті, базбір зауыттар ештеңе өндірместен шығынға батып, банкрот болып үлгерді. Мәселен, «Caspiy Еlectronics» инновациялық жобасы 2011 жылы Ақтау қаласында жалпыхалықтық телекөпір барысында Мемлекет басшысының қатысуымен ашылған. Зауыт планшет пен плазмалық телевизорлар өндірісімен айналысуы керек болды. Жобаны жүзеге асыруға мемлекеттен  800 млн теңге бөлінген. Мұнда жылына 67 мың планшетті компьютер, 40 мың теледидар және 43 мың монитор шығарылады деп жоспарланған еді. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған кәсіпорынның шығыны көбейіп, 2013 жылы жабылды. Кейін тергеу кезінде зауыттың құрал-жабдығына барлығы 600 млн теңге бөлінгені, ал негізінде оның шын мәніндегі бағасы 20 млн теңге болғаны анықталған. Сорақысы сол, бұл кәсіпорында бірде-бір планшетті компьютер жасалмағаны тергеу кезінде дәлелденді. Барлық планшет Қытайдан әкелініп, өзіміздің өнім ретінде сатылған. Алаяқтық жасалмаған жағдайда бұл зауыт 30 жылда бүкіл Қазақстанды планшетпен қамтамасыз ете алатындай еді. Ақырында,  Ақтау қалалық соты  «Caspiy Еlectronics»  ЖШС-ның экс-жетекшісі Александр Павленконы ҚР ҚК бойынша бас бостандығынан айырды. 2016 жылы кәсіпорынның мүлкін алып-сату туралы келісімшарт жасалып, қазіргі уақытта «Экотек» ЖШС  «Caspiy Еlectronics»   ғимаратын сатып алған. Екінші, «Тұлпар» автокөлік зауыты. Оңтүстіккореялық Kia Motors пен LG International компаниялары Қазақстанға автокөлік құрылысын ұйымдастыруды ұсынады. 1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен LG International компаниялары біріккен өндіріс құру туралы келісімшартқа қол қояды. Жобаның іске асырылуы «Тұлпар» аталатын «Киа Спортаж» автокөлігінің алғашқы қазақстандық нұсқасын шығарумен басталды. Жоспар бойынша бұл зауыттан жыл сайын 40 мыңға жуық көлік құрастырылып шығуы   керек еді. «Тұлпар» атымен шығарылған алғашқы көлік Қазақстан президентіне сыйға тартылады. Алайда зауыт 1998 жылы жұмысын тоқтатты. Үшінші, 2003 жылы ашылған Балқаш-мырыш зауытында 100 мың тонна мырыш шығару көзделген. «Қазақмыс» корпорациясының басты жобасы болған оның құрылысына 120 миллион АҚШ доллары бөлінген болатын, небәрі алты жылдан соң зауыт директоры кәсіпорынның жабылғанын хабарлады. Төртінші, 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан өңірінде ашылған мақтаны қайта өңдеуге арналған «Ютекс» кешенінің ашылу салтанатында Елбасы: «Мұндай фабрика Қазақстан тарихында болмаған» деген еді. Өкініштісі, бұл кәсіпорынның да ғұмыры келте болды. Жобаға 19,3 млн доллар кеткен. 2006 жылы Солтүстік Қазақстан облысында Елбасының қатысуымен «Биохим» зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. «ТМД елдерінде баламасы жоқ» деп дәріптелген кәсіпорынға 88,6 миллион доллар жұмсалған. Бұл кәсіпорынға жүктелген міндеттер көп еді. Біріншіден, жыл сайын 57 мың тонна биоэтанол, 24 мың тонна ашытқы, 25600 тонна көмірқышқыл газы, 58 мың тонна ұн өндіріледі делінген. Екіншіден, кәсіпорын 300 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін еді. Алайда 2012 жылы сот зауыттың банкротқа ұшырағанын хабарлады. Солтүстік Қазақстан облысындағы «ҚАЗТЕХМАШ» ЖШС 2015 жылы Президенттің қатысуымен өткен жалпыхалықтық телекөпір кезінде қолданылуға берілген. Көлік құрылысымен айналысатын зауыт 2016 жылы 28  астық жинау комбайндарын шығару керек деп жоспарлаған еді. Алайда арада бірнеше жыл өткен соң, ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр Петропавлдағы зауыт туралы «Қазіргі уақытта зауыт өнім өндірмейді» деген мәлімдеме жасады. Міне, санамалай берсек, Елбасыға мақтанып, дабырайтып көрсетіп, іле-шала жұмысын тоқтатқан өндіріс орындары аз емес. Біз бір парасына ғана тоқталдық. Сонда мұның бәрі кім үшін керек болды? Мақтангершілік пе, ысырапшылдық па? Әрине, бұл жобаларға қаншама қыруар қаржы құйылғаны белгілі. Ал оның сұрауы кімнен?  P.S. Мақаламыздың басында Маралды көліне сөзбен ескерткіш орнатып кеткен Мұзафар Әлімбаевтың өлеңін бекер келтірген жоқпыз. «...Көзіндейсің сен маған, Атам менен анамның...» деген өлең жолдары қаншама адамның жүрегіне жылылық септі. Ал осындай суреттеу мен бейнелеуге сұранып тұрған Маралды көлінің тұнығын неге толық пайдаланбасқа? Қолда бар дүниені неге бейшара етіп көрсетті екен жауапты адамдар? Әрі-беріден соң, болашағы жоқ, шикі жобаны Елбасының алдында көрсетіп, тұсауын кесуден неге ұялмады ұлықтар? Былай қарағанда, күрделі сауал емес. Әркімнің миы жетіп, мықтап жауап бере алады. Бірақ неге екені белгісіз, дәл осындай сәтте күмілжіп қалатын сәтіміз көп.