Баланы тоқпақтап, береке таппайсың

Баланы тоқпақтап, береке таппайсың

Баланы тоқпақтап, береке таппайсың
ашық дереккөзі
Бала тәрбиесі қазақ халқы үшін әлімсақтан маңызды міндет саналған. Халқымыздың салтында аналар баланы дүниеге әкелгеннен кейін ұл-қызы есейіп-бойжеткенше бала тәрбиесімен айналысқан. Бірақ ол уақыт келмеске кетті. Бүгінгі заман басқа, соған сай әдет-ғұрып, салт-санамыз да өзгерді. Қазіргідей қым- қуыт уақытта аналардың ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесімен үйде отыруға мүмкіндігі жоқ. Бала 2-3 жасқа толысымен балабақшаға беріп, ұрпағының тәрбиесін балабақшадағы тәлімгерлерге сеніп тапсырады. Ал тәрбиешілер ата-ананың сенімін ақтай ала ма? Жауапты мамандар өзгенің баласына қаншалықты мұқият қарайды? Атадан балаға жалғасқан бала тәрбиесіне бүгінгі ата-аналардың да бейжай қарамайтыны белгілі. Десек те, қазіргі уақытта ата-аналардың көбі жұмысбасты болғандықтан, балаларын балабақшаға беруге асығады. Бірақ бұл күнде балабақшаларға қатысты шешімін таппай жатқан мәселе көп. Соның бірі – білікті әрі жауапты мамандардың тапшылығы. Ал мамандардың жетіспеуіне тәрбиешілердің өте төмен жалақы алатындығы себеп. Ақиқатына келсек, бүгінде тәрбиешінің болмашы айлығына жаны қысылған, тек уақытша жан бағуды күйттегендер баратыны баршаға белгілі. Тәрбиешілердің маман ретіндегі сапалық көрсеткішіне мән беру бір арман. Оның үстіне, балапандарын «білікті мамандарға сеніп тапсырдық» деп сенім артқан көптеген ата-аналардың бүгінгі күні көңілдеріне күдік ұялай бастағаны анық. Өйткені балабақшадағы балалар тәрбиешілердің назарынан тыс қалып, жазатайым жағдайға тап болып жатқаны жиі айтылып та, жазылып та жүр. Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігін бірінші орынға қоятынын ескерсек, кішкентайларын балабақшаға беруге асығатын ата-аналар қатары күрт азаюы мүмкін.

Жуан жұдырық тәрбиешілер неге көбейді?

Соңғы бірнеше жылда балабақшадан басталатын былықтардың беті жиі ашылатын болды. Әсіресе, салғырттықтың салдарынан балалардың зардап шегуі қоғамға сын. Бүгінде балабақшадағы балалар қауіпсіздігіне қатысты жиі көтерілетін мәселе – балаларды ұрып-соғатын тәрбиешілердің көбейгендігі. Әсіресе, балабақшада титімдей балаларды аямай соққыға жығатын қатыгез жандар тіпті көбейіп кеткен сияқты. Оның бір дәлелі – Астанадағы №84 балабақшада орын алған оқиға. Балабақша қызметкерінің бүлдіршіндерді оңды-солды ұрып жүргені бақылау камерасына түсіп қалыпты. Содан дау өршіді. Ал балабақша басшылығы әлгі тәрбиешіні дереу жұмыстан шығарып үлгерген. Енді ата-аналар кішкентайларын ол мекемеге апарудан қорқып жүр. Баласының тәрбиешіден таяқ жегенін білген Кәмила Серғалиева – үш жасар ұлы Нәбиді жалпы балабақшаға апаруға жүрексініп жүргендердің бірі. Тілі енді шыққан балақай тәрбиешіден қалай таяқ жегенін ымдап қана көрсетеді. Бейнебақылау жазбасына сүйенсек, тәрбиеші түскі астан кейін ұйықтап жатқан балақайлардың бірін жолай ұрып, екіншісін түрткілеп, шапалақтың көмегімен қатаң тәртіп орнатып жүргенге ұқсайды. Ал Кәмила  мұндай жағдайды баласынан біліпті. Видеоның басты кейіпкері Жадыра Ермекбаева өткен желтоқсан айында тәрбиешінің көмекшісі болып қабылданған екен. Шілде  айында тәрбиеші штатына өткен. Қазір ол қан қысымы көтеріліп, үйінде  жатыр. Кінәсін мойындамайды.  Ал дау болған №84 балабақша – осыдан 3  жыл бұрын «ақылды үй» жобасымен салынған Астанадағы ерекше ғимараттардың бірі. Содан бері ата-аналардың ешбірінен шағым түскен емес. «Ол тәрбиешінің көмекшісі болып жүрген кезде оның үстінен ешқандай ата-аналардан шағым, балаға дауыс көтерді, ұрды деген сөз болған емес. Барлық құжаттары бойынша біз оны қабылдадық. Арнайы  емханалардан психикалық, физикалық жағдайы туралы барлық құжаттары  бар», – дейді №84 «Кәусар» балабақшасының меңгерушісі Динара Базарбай. Десе де, шу шыққан соң басшылық Жадыра Ермекбаеваны жұмыстан шығарды. Сондай-ақ, оны жұмысқа қабылдаған балабақша әдіскеріне қатаң сөгіс жарияланып, меңгерушіге қалалық білім басқармасы ескерту жасаған. Ал үш жасар Нәбидің анасы тәрбиешінің үстінен полицияға арыз түсірді. Полиция бүгінде тәрбиешіден жауап алып, тексеру жүргізіп жатыр. Соңғы сөз енді сотта айтылады. Бұл биыл еліміздегі балабақшаларда тіркелген алғашқы оқыс оқиға емес. Маусым айында Тараздағы балабақшалардың бірінде де осындай жағдай орын алып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Тараздағы балабақшалардың  бірінде  2 жасар  бөбекті «ойнама» деп  ұрған тәрбиешінің тұрпайы қылығын ата-аналардың бірі бейнетаспаға түсіріп алған. Бөбек бақырып  жыласа  да, ұруын қоймаған тәрбиешінің ерсі қылығы жәй қатыгездіктен де асып түскен дейді анасы. Бір таңғаларлығы, Аяжанның анасы жағдайды 2 күннен соң, желіден көріп біледі, баласын бейнеден бірден таныған. Жағдайды анықтамақ болып, балабақшаға барғанда тәрбиеші ұрмағанын айтып, жай ғана ұрыстым депті. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған балабақшадағы осындай оқиғалардың бірі ақпан айында Өскеменде орын алды. Жаға ұстатарлық видеоны көру ата-аналар үшін оңай болмағаны хақ. Тіпті, «бала күтушінің менің жалғыз ұлымды ғана емес, бірнеше баланы бірінен соң бірін сабағанын көргенде, өзімді әрең ұстадым», – дейді ата-аналардың бірі. Видеода тәрбиеші бір сәбиді жерге лақтырса, екіншісін ойыншықпен ұрып жатқанын байқауға болады. «Ұйықтар алдында ұлымды шомылдырып жатып, оның денесінде жарақаттарды байқадым. Баламнан не болды деп сұрадым. Ол маған «апай» деп жауап қайтарды. Балабақшаға барып, видеоны талап еттім. Әрине, барлық видеоны қолыма түсіру оңай болмады. Әрең дегенде алдым», – дейді қала тұрғыны Айя. Перзентіне алаңдаған ана мекеме меңгерушісінің жауабына ашынады. Айтуынша, олар бала  күтушісін жауапқа тартудың орнына, ешқандай шара қолданбапты.  Керісінше «бізде әзір дұрыс маман жоқ, сондықтан да оны жұмыстан шығара алмаймыз» деп жауап қайтарған. Павлодарда да сәуір айында балаларды ұрып, жұлқылаған балабақша қызметкерінің әрекеті бейне бақылауға түсіп қалған.  Юлия Спирина 3 ай бұрын қызын осы балабақшаға ауыстырған екен. Алғашында бәрі жақсы болғанымен, соңғы кезде қызы қатты өзгеріп, балабақшаға барарда жылауды шығарған. Мұның бәрі қалыпты жағдай деп қабылдаған Юлия қызының балабақша тәрбиешісінен қорқып қалғанын кейін аңғарыпты. «Менің қызыма тимесе де топтағы өзге балаларды ұратын көрінеді. Тіпті, жұлқылап, итеріп, айғайлайды екен», – дейді Юлия Спирина.  Осыдан кейін топтың ата-аналары жиналып, бейне бақылауды жіті қарайды. Осы кезде тәрбиешінің теріс қылығына толықтай көз жеткізеді. «Балаларды ұрады екен. Менің қызымды ұрып, жылатып қойыпты. Қазір денесі тексеріліп, сараптамаға жіберілді. Егер тәрбиешінің ұрғаны дәлелденсе, ісім сонымен болсын», – дейді осы балабақша қызметін пайдаланатын екінші ата-ана Татьяна Харченко.  Жиырмаға жуық ата-ана балабақша қызметкері үстінен шағым түсірген. Балабақша басшылығы қызметкерді бірден жұмыстан қуып жіберіпті. Мұндай оқиғалар еліміздегі тағы қанша балабақшада орын алып жатқаны бізге беймәлім. Десек те, бұл бүгінгі қоғамда кездесіп отырған мәселе. Балаға қол жұмсаған тәрбиешіні жұмыстан шеттету мәселені шеше алар ма екен? Міне, гәп қайда?! Айдауына көнбеген баланың барлығын таяқпен сабасына түсіреміз дегендері болар. Ал біреудің баласына қол көтеруге тәрбиешінің қандай құқығы бар? Үлкендердің балаларға әлімжеттік көрсетуі күнделікті оқиғалардың біріне айналып кеткендігіне жаныңыз ауырғанмен, оған нүкте қоюға ешкімнің қауқары жетпей тұр. Баланы қауіпсіз жерге қалдырдым деп сенген ата-аналар енді балабақшадан да келетін қауіп көп екеніне илана бастаған іспетті.

Мүгедек баланы да аяған жоқ

Тіпті, бұл күнде тәрбиешілер жарымжан жандарды да аямайтын болыпты. Мүгедек балалардың да тәрбиешілерінен таяқ жеп, ұрыс естіп жүргені талай тақырыпқа тұздық болған. Мәселен, маусым айында Алматы облысында «мүгедек баланы тұншықтырып өлтірді» деген интернат тәрбиелеушісіне қатысты сот отырысы өтті. Талғар қаласындағы мүгедек балаларға арналған интернатта туғанынан ауруға шалдыққан бала айуандықпен өлтірілді. Түнгі кезекке қалған күтуші жылай берген сегіз жасар баланы төсегінде тұншықтырып, артынша жуынатын бөлмеге сүйреп апарып, буындырып өлтірген деген күдікке ілінген болатын. Бұл сорақылықтың басы ғана. Осы мекеме басшылығы баланың ата-анасынан болған жайтты жасырғысы келді ме, әйтеуір «баланың жүрегі тоқтап қайтыс болды» деп алдапты. Алайда жүйке жүйесінің ауытқуымен дүниеге келген баласының көкала қойдай болған денесін көрген ата-ана өз көздеріне өздері сенбей, дереу полицияға хабар берген.  8 жасар Мұхамеджанның кісі қолынан мерт болғанын сот-медициналық сараптама көрсеткен. Сараптамаға сәйкес, мүгедектер үйінде ем қабылдаған 8 жасар Мұхамеджан азаптап өлтірілген. Құлағын сындырып, көгала қойдай етіп ұрған. Онымен қоймай, жуан жіппен буындырыпты. Бала содан ауа жетпей көз жұмған деп қорытынды шығарған-ды мамандар. Жантүршігерлік жайт тағы тоқсаннан астам бала тұрып жатқан жатақханада болған. Мүгедек баланы күтуші өлтірген. Оны әйел тергеушілер алдында мойындап, жіпке тізіп айтып берген. Ал Ақтөбедегі ақыл-есінің дамуында кемістігі бар балаларға арналған интернатта кішкентай баланы тәрбиелеуші ұрып-соққан. Бұл оқиға биыл ақпан айында орын алыпты. Тәрбиеші 15 жастағы баланы ішкі тәртіпті бұзғаны үшін аямай сабаған. Бұған дейін жәбірленуші Жайсаңдағы арнаулы мектеп-интернаттың өзге тәрбиеленушісімен шекісіп қалған екен. «Балаға қатыгездік танытты» делінген тәрбиеші жұмыстан шығарылып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол Мәртөк ауданы, Жайсаң ауылының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Қылмыстық іс наурыз айында облыстық кәмелетке толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Кейін Мәртөк аудандық сотында қаралды. Сот үкімімен тәрбиеші Қылмыстық Кодекстің 140-бабының 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамау) кінәлі деп танылды. Ол 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылып, үш жылға педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Қалай десек те, қоғамда балаларға қатысты жазатайым оқиғалар да, қылмыстық істер мен зорлық-зомбылық әрекеттер де жиі орын алуда. Көп жағдайда жазықтыларды жұмыстан қуумен шектеліп қаламыз. Жазықтылардың жауапсыз қалуы мұндай жағдайлардың қайталануына әсер етіп отырған жоқ па деген күдік те жоқ емес. Елдің ертеңі, болашағы бүгінгі балдырғандарымыздың қолында. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі ата-ана үшін де, тәрбиеші мен ұстаз үшін де, күллі қоғам мүшелері үшін де әркез басты назарда болуы тиіс.