Жол мұраты – жету

Жол мұраты – жету

Жол мұраты – жету
ашық дереккөзі
Сандаған ғасырлар бойы шетсіз-шексіз сары даланы салт атпен кезген халқымыз жол азабын өзгеден артық білеріне күмән жоқ. Жол азабы – жан азабы! Сондықтан да пәлсапашыл қазақ халқы «Жол мұраты – жету» деп нақыл еткен. Әсілі, тіршіліктің, экономиканың күретамыры саналатын жол  кез келген мемлекеттің әлеуметтік жағдайының көрсеткіші бола алады. Сондықтан өзге елмен байланысын арттырып, қарым-қатынас орнатқысы келген мемлекет ең бірінші жолдың сапасына назар аударуға тиіс. Тәуелсіз ел атанғалы бері Қазақстан үшін де жол инфрақұрылымын дамыту – маңызды міндет. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек», – деп атап өткен болатын. Елбасы тапсырмасына сай елімізде автожолдардың сапасын жақсарту мақсатында көптеген жаңа жобалар қолға алынып, тиімді жұмыстар атқарылуда. 2018 жылы жол салу және жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 85 млрд теңгені құрады. Биылғы жылдың бюджетін нақтылау кезінде Инвестициялар және даму министрлігі қосымша 30 млрд теңге бөлді. Облыс әкімдіктері де жергілікті бюджеттен қаржы қарастырды. Жалпы, қаржыландыру көлемі 145 млрд теңгені құрайды. Қазақстан халыққа керекті инфрақұрылымды дамыту үшін 2014-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдаған болатын. Биыл республикалық маңызы бар жерлерге салынатын және жөнделетін жолдың ұзындығы 4 мың 200 шақырымға жетеді деп жоспарлануда. Барлық облыстар қамтылған 23 жоба аталған бағдарлама аясында жүзеге асады. Осының нәтижесінде 2020 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 90 пайызы жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұдан бөлек, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салу мәселесіне баса назар аударылып отыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес бүгінде жергілікті жерлердегі жол сапасын 50 пайызға жақсарту қолға алынуда. Жергілікті жердегі жолдарды жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі жылына 150 млрд теңгеге дейін жеткізілмек. Оның жартысын облыс әкімдіктері көтерсе, қалғанын республикалық бюджет бөледі. Соның арқасында шамамен 5 мың шақырым жолды жөндеп отыруға мүмкіндік бар. Ал 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 85 пайызын жақсартуға мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ, алдағы жарты жылда 468 шақырым жол ақылы болады. Олар: Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас тасжолдары. Мемлекет басшысы таяуда туризм әлеуетін арттыру мәселесі бойынша сөз қозғап, жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне кезекті рет тоқталған. «Инфрақұрылымға қордан 9 миллиард доллар бөлдім. 5,5 мың шақырым жол – қазақтар мұндай жолды ешқашан көрген емес. Біз бес жылда 4,5 мың шақырым жол салдық, тағы 5 мың шақырым жол саламыз. Барлық қаржы институты бізге сенеді және бізге сол ақшаларды береді. Павлодардан Астанаға баратын жол салдық, енді әрі қарай Баянауылға дейін жол саламыз», – деген еді Елбасы. Қазіргі уақытта Павлодар облысының Баянауыл ауданында автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Жыл соңына дейін аудан бойынша 550 шақырым жол жөнделуі қажет. Баянауылдағы жазғы туризм орны болып саналатын Жасыбай көліне ендігі жерде аудан орталығы арқылы емес, орталыққа дейін орналасқан Торайғыр ауылы арқылы жетуге болады. Торайғыр ауылы мен Жасыбай демалыс аймағының арасындағы 12 шақырым жол жөндеуден өтіп, алдағы уақытта туристер Жасыбай көліне осы жол арқылы қатынайтын болады. Баянауылдағы аудандық маңызы бар 70 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстарына ағымдағы жылы 1,5 миллиард теңге бөлінген.