Жаңалықтар

Қаржыны тиімді  пайдалану  маңызды

ашық дереккөзі

Қаржыны тиімді  пайдалану  маңызды

Үкімет отырысында биылғы жылдың бес айындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы министрлер кабинетінің есебі тыңдалып, елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті цифрландыру мәселелері талқыланды. Әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы туралы Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов пен Қаржы министрі Б.Сұлтанов баяндады. Осы аз уақыттың ішінде ел экономикасына тартылған инвестиция артқан. Ал жыл басынан бері табиғи газ өндіру көлемінің – 6 пайызға, шикі мұнайдың 6 жарым пайызға, темір рудасының – 6 пайызға артуы жалпы өндірістік саланың дамуын көрсетеді. Бұған қоса, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде қағаз өнімдері өндірісі – 14,4 пайызға, химия өнеркәсібі – 11,2 пайызға, темекі өнімдері – 10, 5 пайызға, сусындар – 8 пайызға, азық-түлік өнімдері – 6,3 пайызға өскен. Сондай-ақ, машина жасау саласының көрсеткіштері – 12,2 пайызға артып, жиһаз өндірісі – 6,6 пайызға ұлғайған. «Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар – 25,3 пайызға ұлғайды. Бұл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға және Теңіз кен орнында болашақта кеңейту жобасын іске асыруға негізделген. Сыртқы сауда айналымы айтарлықтай өсім көрсетіп, 21 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорт көрсеткіштері – 27 пайызға артты. Бұл орайда, шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі – 11,2 пайызды құрады. Сонымен қатар еңбек нарығы көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалды. Биыл жыл басынан бері 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылды», – деді Т.Сүлейменов. Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша экономиканы ұзақ мерзімге несиелендіруді қамтамасыз ету мен ипотекалық несиелендіруді дамыту арқылы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру жайында баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «Ұзақ мерзімді несиелендіруді дамыту мақсатында банктерге «7–20–25» бағдарламасы аясында 200 млрд теңге бөлініп, ол қаражат ипотекалық несиелендіруге бағытталады. Болашақта бұл сома 1 трлн теңгеге артып, банктердің ипотекалық портфелінің қазіргі көлемін 2 трлн теңгеге дейін жеткізу көзделген», – деді Д.Ақышев. Алғашқы бес айда мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындысы туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеп, жергілікті бюджет табыстары 120 млрд теңге сомасына артығымен орындалып, 957 млрд теңгені құрағанын айтты. «Республикалық бюджет шығыстары 3 684,5 млрд теңгеге игерілді. Игерілмеген қаражат  58,4 млрд теңгені құрады», – дейді Бақыт Сұлтанов. Жалпы мемлекеттен игерілмеген қаржы – қорғаныс министрлігінде – 17,2 млрд теңгені, Ауыл шаруашылығы министрлiгiнде – 8,5 млрд теңгені, ал ішкi iстер министрлiгiнде – 5,4 млрд теңгені құрап отыр. Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігінің үлесі – 7,8 млрд теңге болса, Қаржы министрлiгiнің үлесі – 3,3 млрд теңге, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің игерілмеген сомасы – 3,4 млрд теңген болса, Жоғарғы соттың үлесі – 1,8 млрд теңгені құраған. Бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысымен танысқан Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев, бес айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында өсім байқалатынан атап өтті. Сонымен қатар, республикалық объектілердің құрылысына бюджеттен бөлінген 275,5 млрд теңгенің 15 пайызы ғана игерілгендігін сынға алып, жыл соңына дейін қалған – 233,3 млрд теңгені тиімді жұмсауды тапсырды. Жеңіс Қасымбек ауылды елді мекендерді ауыз сумен қамтудың жаңа механизмдерін ұсынып, биыл бекітілген Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары жайында кеңірек таныстырды. Онда аталған мерзімге дейін халықты орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда 100 пайызға, ауылдарды жерлерде 80 пайызға дейін өсуін қамтамасыз ету көзделген. Елбасының халыққа Жолдауында Үкіметке ауылдарды ауыз сумен қамту үшін жыл сайын 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу керектігін тапсырған болатын. Аталған міндеттерді орындау үшін министр, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына мынадай өзгерістерді енгізу қажет деп есептейді. «Секторды одан ары дамытудың жаңа бағыттары мен жобаларды қаржыландырудың жаңа механизмдерін қарастыру қажет. Сондай-ақ, индикаторларды өзектендіру, сонымен қатар, су арналарының өндірістік процестеріне кешенді технолоиялық жаңғырту жүргізу керек. Бұған қоса, сумен жабдықтау жүйелерін толық автоматтандыру және де бюджет шығындарын азайту мақсатында заманауи технологияларды қолдану керек», – дейді министр. Оның айтуынша, сумен жабдықтау жүйелерін толық құралдандырып, автоматтандыру – бұл өндірістік ысырапты 15 пайызға дейін, судың пайдасыз ағып кетуін 2 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Осының есебінен жыл сайын 35,7 млрд теңге үнемделмек. Сумен жабдықтау және су тарту секторын коммерцияландыру бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасында басталған қайтарымды қаржыландыру механизмдерін одан әрі қолдану алдағы уақытта да жалғасады. Сол сияқты Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкімен (ЕҚДБ) әріптестік аясында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту бойынша жалпы құны 24,4 млрд теңге болатын 13 жоба іске асырылуда. Үкімет отырысында қаралған үшінші мәселе – шағын және орта кәсіпкерлікті цифрландыру. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын орындау барысы туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Оның айтуынша, egov.kz порталында бизнеске және халыққа ұсынылатын 746 мемлекеттік қызметтің 452-сі автоматтандырылған, онда 6,8 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген, олар 190 млн-нан астам қызмет алған. Бұған қоса, мобильдік қосымшаны пайдаланған 3,3 млн-нан астам қолданушыға10 млн-нан астам қызмет көрсетілген. «Бизнес үшін ашық цифрлық платформаны құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – кассалық және бухгалтерлік есеп жүргізу, персоналды басқару, тауарлар мен қызметтер қозғалысын бақылау, ресурстарды шығындау мониторингі, электронды құжаттар айналымы сынды қызметтерді жүзеге асырады. Біздің болжамдарымызға сәйкес, 2022 жылға қарай 100-ден астам IТ компания сервистерін платформада жариялайды», – деді министр. Айта кету керек, ауылдық жерлерде қызметін жүргізетін кәсіпкерлердің құзыреттілігін көтеру үшін биылдан бастап цифрлық сауаттылықты арттыруға оқыту бағдарламасы іске қосылмақ. Жыл сайын оқытумен 15 мыңнан астам кәсіпкер қамтылатын болады, бүгінгі таңда бұл бағдарлама бойынша 7 мыңнан астам адам оқытылды. Сонымен қатар, биылғы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап пилоттық режимде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астана және Алматы қалаларындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының жұмысын толық электронды форматқа көшіруді жоспарлап отыр. Бұл қағазбастылықтан арылуға, бизнесті тексеруді 30 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Цифрлы жүйе қолданысқа енген соң, 2022 жылға қарай кәсіпкерлік саладағы шығындар 8,4 млрд теңгеге қысқармақ. Министрлердің баяндамасын тыңдаған Бақытжан Сағынтаев: «5 айдың ішінде 42 млрд теңгенің ғана жұмысын атқарғанбыз. Ал уақыт өтіп бара жатыр. Қазан айынан бастап күн суытып, жол салу мәселесі, басқа да құрылыстар мәселесінің бәрінде өте ауыр жағдай қалыптасады. Сонда қалай мұны игереміз?», – деген Үкімет басшысы шын мәнінде қаржы игерілмесе, алты айдың қорытындысы бойынша ақшаның бәрін кері қайтару керектігін атап өтті. «Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қаржыны бөлді. Парламент қолдады. Бюджет қабылданды. Бірақ қаржы игерілмейді. Қашанғы күтіп отырамыз? Не экономикада өсім жоқ, не халықтың алдында айтатын сөз жоқ. Есеп берілген кезде бәрін де қатырып жатырмыз деп айтамыз. Одан кейін бәрі ұмыт қалады. Айтпады демеңіздер, құрметті әріптестер! Соңғы сөз – жарты жылдың қорытындысынан кейін бөлінген, алайда игерілмеген қаржы басқа салаға жұмсалатын болады. Халық пен Елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіздер», – деді Бақытжан Сағынтаев.