Жаңалықтар

СҚО-да 2 мың тонналық көкөніс қоймасы салынады

ашық дереккөзі

СҚО-да 2 мың тонналық көкөніс қоймасы салынады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша қосымша шаралардың жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты бақша өсіруге тарту - алға қойылған маңызды міндеттердің бірі. «Бақша өсіруге 4,8 мың адамды тарту жоспарланған. Алайда көрсеткіш одан да жоғары болды. Бұл іске 5,4 мың тұрғынды жұмылдырдық. Негізгі 272 ауыл шаруашылық ұйымдары 1195 гектар жер бөлді. Орта есеппен 1 отбасыға 40 сотық жерден келеді», - деді А. Сақыпкереев. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімдері бұл мәселелермен жеке айналысуы керек деп есептейді. Тағы бір мәселе - жиналған өнімді сақтайтын жерді табу. Петропавлда көкөніс қоймасын ашу қажеттігі әкімдіктің отырысында бірнеше мәрте көтерілген еді. Биыл бұл мәселе жергілікті кәсіпкердің арқасында шешіледі. «Жұмыс өнім өсірумен ғана шектеліп қалмайды. Дайындаумен, қызмет көрсетумен айналысатын орталықтар арқылы сатып алу керек. Олар болса, қайда өткізу керек екенін түсінгендері абзал. Барлық жүйелер мен механизмдер іске қосылуы керек. Әкімдер халық сатып алған артық көкөністерді қайда сататынын білуі тиіс», - деді Қ. Ақсақалов. Облыс әкімі кәсіпкерлік және туризм басқармасына жиналған өнімді өткізу нарығын табу үшін көмек көрсетуді тапсырды.