Президент Денис Теннің отбасына қоңырау шалып, көңіл айтты
Президент Денис Теннің отбасына қоңырау шалып, көңіл айтты
Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ҚазАқпарат тілшісіне белгілі спортшы Денис Теннің қазасын Елбасының қалай қабылдағаны туралы айтып берді.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев дереу Бас прокурор мен Ішкі істер министріне спортшының қазасы туралы қылмыстық істі ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын. «Мемлекет басшысы жас әрі талантты, Қазақстан мен әлемнің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген, болашағынан зор үміт күттірген Денис Теннің бақилық болуын ауыр қайғымен және зор күйзеліспен қабылдады. Президент Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың негізін қалаған және еліміздегі спорттың дамуына зор үлес қосқан Денистің жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жіберді», - деді Айдос Үкібай. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев жастарға үлгі бола білген тамаша ұлды, өз елінің нағыз патриотын тәрбиелеп өсірген Денис Теннің ата-анасына қоңырау шалып, көңіл айтқан. «Мемлекет басшысы Денистің мезгілсіз дүниеден өтуі - жақындары мен туыстары үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін орны толмас қаза екенін жеткізді. Мәнерлеп сырғанаушының ата-анасына көңіл айта отырып, Президент қылмыскерлердің жазасыз қалмайтынын баса айтты», - деді Елбасының Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай. Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.