Педофил 15 жылға сотталды
Педофил 15 жылға сотталды
Алматы қаласында 10 жасар қызға зорлық көрсеткен педофил 15 жылға сотталды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешіметке сілтеме жасап «Kazinform.kz» ақпараттық порталы хабарлады.
Бұл оқиға үстіміздегі жылдың мамыр айында орын алған еді. Алып шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінде 10 жасар қыз балаға зорлық әрекет жасаған Владимир Осинский бейнебақылау камерасына түсіп қалған еді. ғаламторда жарияланған бейнеролик жұрттың ашу-ызасын тудырды. Алматы қалалық полициясы педофилді тез арада қолға түсірген болатын.
Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Қуандық Ешіметтің айтуынша, 50 жастағы Владимир Осинский ҚР ҚК 24 бабының 3 тармағы, 121 бабының 4 тармағы бойынша айыпты деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейтін болды. Сондай-ақ, оған енді өмір бойы бала тәрбиелеу мен педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сондай-ақ, сот шешімі бойынша, сотталушы мәжбүрлі түрде ішімдіктен емделеді. Мұндай әрекетке барған азаматқа қатысты сот үкімін Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының судьясы Қасым Қалмағамбетов шығарды.