Жаңалықтар

Даланы кезген француз

ашық дереккөзі

Даланы кезген француз

Күн сәулесімен қуатталатын айрықша көлік мінген француз саяхатшысы Стэфан Бертрант Түркістан облысына атбасын бұрды. Төрткүл ауылы маңында жолыққан ол ә дегеннен-ақ: «Сіздерде күн қатты ыстық...» деп әңгімесін бастай жөнеліпті. Саяхатқа шыққанына 23 күн болған француз «The sun trip» жобасы аясында Лион қаласынан Қытайға жол тартқан. Сондай-ақ, алыс жолға жалғыз өзі емес, достарымен бірге шыққан. Стэфанның мақсаты – қос доңғалақты көлікпен ұзақ қашықтықты бағындыруға болатынын дәлелдеу. «Аталған жоба аясында біз 2013 жылы Астанаға саяхат жасадық. Қазіргі бағытымыз Лионнан Гонконгқа дейін. Жалпы, Қазақстанда бірнеше рет болғанмын. Соның арқасында Асқар дейтін дос таптым. Ал сіздердің өңірлеріңіз туралы айтар болсам, күн өте қатты ыстық екен», – деп ентікті елкезбе. Стэфан тізгіндеген көліктің салмағы кәдімгі велосипедке қарағанда 20 келіге артық. Алайда бұл еш кедергі келтірмейтін көрінеді. Себебі күн сәулесінен қуат алатын батареялардың көмегімен жылдамдықты 30 пайызға арттыруға болады. Ал саяхатшы күніне 150-200 шақырымды басып өтетін көрінеді. Қазіргі таңда «The sun trip» жобасында 30-дан астам қатысушы бар. Олардың арасында тәжірибелі кәсіби спортшылардан бастап, қарапайым әуесқойлар да кездеседі. Сондай-ақ, олар белгілі бір бағытпен қозғалмайды. Әр қатысушы өзі қалаған жолмен белгіленген межеге жол тарта береді. Аптап ыстық та, қақаған аяз да оларға кедергі емес.