Жаңалықтар

Қысқы туризм қарқын алмақ

ашық дереккөзі

Қысқы туризм қарқын алмақ

Елімізде Түркия, Тайландтағыдай теңіздер болмағанымен, Швейцариядағыдай көздің жауын алатын таулар баршылық. Бұл – қысқы туризм арқылы туристерді тартуға мүмкіндік мол деген сөз. Оның бірден-бір дәлелі – Алматы «Шымбұлағы». Ол  көпшілікке танымал боп та, өз атын шығарып та үлгерді. Елімізде осы іспеттес тағы бір нысан пайда болды. Ол –  жаңадан ашылған Щучинск шаңғы базасы. «Шаңғы базасы» – шартты түрдегі атауы. Мұнда биатлон, шаңғы және трамплиннен секіру секілді қысқы спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Кешеннің жалпы аумағы – 125 гектар. Мұнда 2 тұғыр бар. Біреуі – 90 метр, екіншісінің биіктігі – 125 метр. Ал нысанның өзі теңіз деңгейінен 430 метр биіктікте орналасқан. Ал күні кеше мұнда «Бурабай» атты жаңа трамплиннің ашылу салтанаты өтіп, оған Елбасы арнайы қатысты. Шаңғы базасы жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін болады. Қазір Бурабайды дамытуға арналған кешенді бағдарламаның үшінші кезеңі жүзеге асып жатыр. 2023 жылға дейін жоспарланған істерге 61,4 миллиард теңге қарастырылған. Ауқымды жобаның бірі – «Promenade Burabay». Курортты аймақтағы шағын қалашық десе де болады. Тұрғын үйлерден бастап, дүкендер, сауда жасайтын орындар, конференция өткізуге арналған залдар мен мешіттің құрылысы тоқтаусыз жүргізіліп отыр. Мақсат бір – ол туристерге жайлы әрі пайдалы демалыс ұйымдастыру. Былтыр Бурабай-Щучинск курортты аймағы 850 мың демалушыны, ал жыл басынан бері 400 мың саяхатшыны қабылдаған. Биылғы меже – 1,2 млн адам. Саф ауаны жұтып, көрікті жерлерді тамашалауға келетіндердің дені – Астанаға жолы түскен шетелдіктер мен ел тұрғындары. – Туризм саласына білікті кадрларды даярлау үшін Астанада халықаралық туризм және қонақжайлылыққа баулитын университет ашу жоспарда бар. Білім ордасы әлемнің үздік іргелі оқу орындарымен байланыста болады. Біз Австрия, АҚШ, Швейцария тәжірибесін зерттедік. Гонконгтің туризм саласындағы оқу орнымен меморандумға қол қойдық, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ең бастысы, министр Бурабайдың әсем табиғатын Голливудте түсірілетін туындылар арқылы әлемге таныту идеясын да ұсынды. Әзірге бұл мәселеге қатысты нақты шешім жоқ. Бір анығы, шетелдіктер тарапынан қызығушылық жоғары.