Абай даңғылы абаттанбақ
Абай даңғылы абаттанбақ
Даңғыл бойынша Достық көшесінен Есентай өзеніне дейін 6 шақырым жер қайта жөнделеді. Қазір бұл жердегі асфальттар алынып жатыр, себеп – жауын кезінде судың арыққа сыймай тасып, жүру жолын көлге айналдырып жіберуі. Сондықтан ойылған асфальт орнына қырланған кеспе тастар салынады. Ал веложүргіншілер жолындағы асфальт сақталады. Сонымен бірге, суару желісі қайта құрылып, арық ені едәуір кеңеймек.
Суару ағыны бойындағы орындықтар бір стильде салынғанымен, түр жағынан өзгеше болады. Жаңа ағаштар, негізінен алма ағаштары отырғызылмақ. Нәтижесінде, Абай даңғылы қала тұрғындарын көктемде гүлімен, күзде жемісімен қуантады. Қайта жөндеу барысында, тұрғындар тілегі де ескерілген. Аналар мүгедектер арбасына арналған кең тротуарлардың қажет екенін айтқан. Жобада бұл тілекті орындау да көзделіпті.
Сондай-ақ, Абай даңғылы бойындағы көп пәтерлі үйлер, әкімшілік ғимараттар мен оқу орындары түрлі түске боялады. Ал жаңа салынатын шамдар көшені одан да жарқырата түспек. Абай даңғылының қайта жөндеу құрылысы қыркүйек айында аяқталады, ал ескі орталықты жаңғырту бойынша жұмыстар 2020 жылға дейін жүргізілмек.