«Алтын белгі» алсаң да министрлік тегін оқуға кепілдік бермейді. Неге?

«Алтын белгі» алсаң да министрлік тегін оқуға кепілдік бермейді. Неге?

«Алтын белгі» алсаң да министрлік тегін оқуға кепілдік бермейді. Неге?
ашық дереккөзі

Биылғы жылы елімізде мемлекеттік білім гранттары төңірегінде үлкен дау шыққаны барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. 39 «Алтын белгі» иегері мен халықаралық олимпиада жеңімпаздарының тегін оқу құқығынан айрылуы қазақстандықтардың наразылығын туғызды. Ал Білім және ғылым министрлігі бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып бақты. Дегенмен, биылғы мемлекеттік білім гранты төңірегіндегі дау бұл ғана емес.

125 балл түкке жарамай тұр

Биылғы жылы гранттан құр қалғандар қатарында 39 «Алтын белгі» иегері ғана емес, 8 халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері, 92 ғылыми байқау жеңімпаздары, 293 шығармашылық және спорттық сайыстардың жүлдегерлері де бар. Әрине, «Алтын белгі» иегерлерінің мемлекеттік білім грантына ие бола алмай қалуы мүмкін екендігін ешкім де ойлаған жоқ. Өйткені мектепте «Алтын белгіге» қол жеткізген оқушының еш қиындықсыз тегін білім алатындығын жиі айтады. Алайда білім грантына ие болғандар тізімінен өздерінің аты-жөндерін таба алмаған түлектер мен олардың ата-аналары абдырап қалды. Балалары үшін уайымдаған ата-аналар тез арада министрліктен түсініктеме талап етті. Білім және ғылым министрлігі де жауап беруден бас тартқан жоқ.

Ресми мәлімдеме жасаған ведомство өкілдерінің сөзіне сүйенсек, гранттан қағылған «Алтын белгі» иегерлерінің көпшілігі мемлекеттік грант аз бөлінетін мамандықтарға құжат тапсырыпты. Экономика, құқық, медицина, халықаралық және шет тілдері мамандықтарына құжат тапсыратын талапкерлер қатары тым көп. Осының кесірінен мектепті үздік аяқтап, жоғары балл жинақтаған түлектердің біразы бюджет есебінен оқу мүмкіндігінен айрылып отыр. Министрлік өкілдерінің айтуынша, биылғы жылы мектеп бітірген «Алтын белгі» иегерлерінің саны бір мамандыққа бөлінген гранттың санынан артып кетіпті. «Алтын белгілер» мен халықаралық түрлі олимпиада жеңімпаздарының оқуға түспей қалуы жылда қайталанатын жайт. Бұған қабылдау комиссиясы да кінәлі. Олар қай мамандыққа қанша грант бөлінгенін айтып, түлектерге барлығын дұрыс түсіндіруі керек еді», – дейді Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Серік Өмірбаев.

Елімізде жыл сайын экономика, заң саласына бөлінетін гранттар саны азайып келеді. Есесіне, техникалық, медициналық мамандықтарға тегін оқу мүмкіндігі артқан. Биыл жоғары оқу орнына түскендер техникалық, экономикалық, гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми бағыттағы мамандықтарға таңдау жасаған. Ең үлкен бәсеке радиотехника, электроника, телекоммуникациялар, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру және басқару, халықаралық қатынастар, аударма ісі, құқықтану, қаржы, экономика мамандықтары арасында орын алды.

Құзырлы министрлік бұл мәселені шешуге тырысатындықтарын айтқанымен, оқуға түсе алмағандардың енді тек ақылы бөлімге барудан басқа амалы жоқ екендігін де ескертіп өтті.  Десек те, министрлік оқу орындарының басшыларымен тиісті келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде, еліміздің бірнеше жоғары оқу орындары грантқа қол жеткізе алмаған үздік талапкерлерге ректорлық грант ұсынды.

Сондай-ақ, қолдарына «125 балл» деген сертификат алған халықаралық олимпиада жеңімпаздары да тегін оқу құқығынан айрылды. Ешқандай байқаусыз-ақ мемлекеттік білім грантына қол жеткізуі тиіс болған түлектердің де бұл жолы сағы сынды. Грузияда өткен математика пәні бойынша халықаралық сайыста оза шауып, жүлделі оралған Жұлдыз Оспан мен Арай Нұржанованың қолына министрлік 125 баллдық сертификат берген. Алайда екеуі де мемлекеттік білім грантынан тыс қалды. Ал ата-аналар Білім министрлігінің мұндай әрекетіне ашулы. «Менің қызым мектепте 11 жыл бойы үздік оқыды. Егер мектепте үздік оқыған бала мемлекеттік грантпен оқуға түсе алмаса, Білім және ғылым министрлігінің жүзеге асырып отырған жүйесінің қажеті қанша?», – деп наразылығын білдіріп отыр ата-аналардың бірі Қайрат Оспанов. Ал Арай Нұржанова болса, өзінің тізімде болмағандығына аң-таң. «Еуразия ұлттық университетіне тапсырған бір түлек 89 баллмен грантқа ие болған. Ал мен 100 баллмен өте алмадым. Білім министрлігінің жанындағы байқауға жауапты комиссия да мардымды ештеңе айтар емес», – дейді қамыққан талапкер.

Ал Білім және ғылым министрлігі департамент директоры Серім Өмірбаев республикалық олимпиадалар мен халықаралық жобалардың жеңімпаздары байқауға «Алтын белгі» иегерлерінен кейін ғана түсе алатындығын айтты. Жалпы, министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдай елімізде жыл сайын кездеседі екен. Тіпті, олар осыдан 5-6 жыл бұрын 100-ден астам «Алтын белгі» иегерінің мемлекеттік білім грантына ие бола алмай қалғанын да жасырмайды. Тек биылғы жылы бұл мәселе үлкен шуға айналып кетіпті. Десек те, министрлік өкілдері алдыңғы жылдардың тәжірибесіне сүйеніп, бұл мәселенің шешімін табатындығына сенімді. Рас, гранттан қағылған үздіктер ректорлық гранттарға ие болып, тегін оқуға мүмкіндік алды.

Бірақ жауапты мамандар мұндай жағдайдың орын алуы мүмкін екендігін білген болса, неге алдын ала шара қолданбаған? Бұл тағы да министрліктің жауапсыздығынан болғаны ма? Осындай сәтсіздіктің кесірінен қаншама шәкірттің сағы сынып, қаншасының өзіне деген сенімі жоғалды. Ал бұған алаңдап отырған шенділер бар ма екен? Егер үздік түлектер мен түрлі олимпиада жеңімпаздарын мемлекеттік білім грантымен қамтамасыз ете алмайтын болса, оларға уәде берудің қажеті не? Уәделерінде тұра алмайтынын білсе, сайыстан оралған оқушыларға ҰБТ тапсырып, бағын сынауға жол ашсын. Сонда ешқандай сертификат берудің де, жауапкершілікті алудың да қажеті болмайды. Барлық түлектер бір деңгейде ұлттық бірыңғай тест тапсырып, өз білімдерінің нәтижесін көргені әділетті шешім болмай ма? Мынадай жағдайдан кейін оқушылар тегін білім алу үшін үздік болудың да аздық ететінін түсінгендей болды.

Далада қалған талапкерлер

2015-2016 оқу жылына мемлекет тарапынан 32 мыңнан астам грант бөлінді. Гранттың 500-і жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне берілсе, 29 668 грант 1 курсқа студенттер қабылдауға арналды. Соның ішінде күндізгі оқу бөліміне – 29 168, сырттай бөлім үшін 500 грант берілді. Білім гранттарын қабылдау құқығын конкурс жолымен анықталған 60 жоғары оқу орны жеңіп алды. Көрсетілген басымдықтар есебімен 12 600 грант техникалық және технологиялық, 6000-ға жуық грант  педагогикалық, 2 690 грант ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы мамандықтарына бөлінді.

Талапкерлерге арналған мемлекеттік грантты өзара бөліскен түлектер арасында да оқу жылы басталар тұста шикілік шықты. Алматы технологиялық университетінің «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандығы бойынша грант жеңіп алған талапкер Асылбек Алдашты оқу орны қабылдамай қойған. Қазақ қатынас жолдары университетінің колледжін аяқтағаннан кейін кешенді тестілеу тапсырып, 65 балл жинақтаған Асылбек мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімінде бар. Алайда қазақ бөліміне бөлінген 10 гранттың бірін иеленген талапкерді Алматы технологиялық университеті қабылдаудан бас тартып отырғаны түсініксіз. Олардың да айтар өз уәждері бар. Университет мамандарының сөзіне сенсек, талапкердің колледжді бітіргендегі мамандығы мен грант иеленген мамандығы сәйкес келмейді екен. Ал жоғары оқу орнына грантқа қабылдау ережесі бойынша талапкердің бастапқы мамандығы мен университеттегі таңдаған мамандығы бірдей болуы тиіс. Университет мамандары мұны тек Білім және ғылым министрлігінің ғана шеше алатындығын ескертіп, ат-тондарын ала қашуда. Сондықтан, мұның барлығын тек құзырлы министрлік қана ретке келтіре алатын көрінеді. Ал кеше ғана грант иеленіп қуанған Асылбек енді қандай амал жасайтындығын білмей дал. Әзірге өзі колледжін тәмамдаған Қазақ қатынас жолдары университеті талапкерді оқуға қабылдаймыз деген уәде берді. Бірақ бұл уәденің де қашан орындалатыны беймәлім. Бізге бір түсініксіз болып отырғаны – талапкерге оқуға қабылдау ережесі алдын-ала неге түсіндірілмеген? Құжат тапсыруға келген талапкердің колледждегі мамандығы басқа болғанына қабылдау комиссиясының қызметкерлер назар аудармағаны ма? Биылғы оқу жылында мұндай жайтқа ұрынғандар жалғыз Асылбекпен шектелмейді.

Білім гранты тағайындалғанын растайтын сертификаты бар талапкерлердің бірі Ерсін Абдолла да оқу жылының қарсаңында тегін оқу мүмкіндігінен қағылып отыр. Семейлік Ерсін Абдолла есімді талапкер ғаламтор арқылы «Викторина.кз» бірлестігі ұйымдастырған «ҰБТ-ға дайындық» жобасына қатысады. Сайыстың нәтижесінде Ерсін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің білім грантын жеңіп алған. Тіпті, 12 маусымда Қазақ ұлттық техникалық университетінде өткен салтанатты марапаттау рәсімінде проректорлар талапкерге сертификат табыстапты. Енді оқуға барлық құжаттарын алып келген талапкердің ҰБТ-дан жинаған баллы жеткіліксіз деп, оқуға қабылдаудан бас тартуда. «ҰБТ-ға дайындық» жобасы аясында «Викторина.кз» сайты 20 мың қатысушының арасынан үздік нәтиже көрсеткен талапкерлерді іріктеген. Жобаның ұйымдастырушылары жеңімпаздардың құжаттарын университетке тапсырып, өз жауапкершілігімізден құтылдық, талапкер мен оқу орны арасындағы жағдайға біздің қатысымыз жоқ дегеннен қайтпай отыр. Ал баласын сонау Семейден оқуға жетелеп әкелген ата-ана не істерін, кімге шағымданарын білмей дал. «Мамырдың аяғында бізді марапаттауға шақырды. Баламыз білім сайысында аз уақыттың ішінде жоғары балл жинап, грант иеленді. Алған сертификатымызды енді жарамсыз дейді. Алматыға қаншама шығын шығарып келдік. Басында сертификатты бермеу керек еді, енді далада қалдық», – деп ашынады Ерсіннің әкесі Асхат Абдолла.

Жоғары оқу орны мамандарының айтуынша, университет жобаны ұйымдастырушылармен келісімшарт жасасқан. Келісімшартқа сәйкес, грант иеленетін талапкер ҰБТ-дан кемінде 70 балл жинауы тиіс. Ал Ерсін Абдолла ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 68 балл жинапты. Сондай-ақ, талапкер таңдаған «Ғарыш техникасы және технологиясы» мамандығына грант бөлінбейді екен. Десек те, оқу орны талапкерді физика пәні боынша кәсіби білім беру мамандығына оқуға қабылдайтындықтарын айтты. Бұл мамандық әуелде Ерсін таңдаған мамандықтан мүлдем бөлек болып тұр. Бір жобаның кесірінен осындай жағдайға тап болған ата-ана енді Білім және ғылым министрінің атына хат жолдамақ ниетте.

Мемлекеттік білім грантын иеленгендер арасында орын алатын мұндай түсініксіз жайттар еліміздің білім саласында бұған дейін де тіркелді. Биыл тағы да қайталанды. Өткен жылы да жоғары балл жинап, тегін оқу мүмкіндігіне ие бола алмаған талапкерлер Білім және ғылым министрлігіне арыз-шағымдарын қалдырған болатын. Бірақ оқушылар мен ата-аналардың тілектері мен наразылықтарын ескеріп жатқан министрлікті байқай қоймады. Егер өткеннен сабақ алған болса, мұндай жайлар биыл қайталанбас еді. Демек, мәселенің бір ұшы тағы да жауапсыздыққа келіп тіреледі.

Қазақша оқығандар қамығып жүр

2015 жылы білім гранттарын алуға 67 377 түлек қатысты. Олардың 53 162-сі  қазақ, 14 215 орыс мектептерін бітірген. Биылғы оқу жылында мемлекеттік гранттың 75 пайыздан астамы қазақ бөліміне бөлінді. Мұны естіген қазақ мектептерінің түлектері қуанғанымен, грант иегерлерінің тізімі жарыққа шыққанда жағдайдың әлі де өзгермегенін байқағандай болдық. Қазақ және орыс бөлімдеріне грант бөлудегі баллдық айырмашылық биыл да жойылмады. Биылғы мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімінен қазақ және орыс бөліміне қабылданған талапкерлердің ең төменгі баллдарын салыстырып көрген едік. Мәселен, биылғы жылы «Педагогика және психология» мамандығының қазақ бөліміне талапкерлердің ең төмені 91 баллмен қабылданса, орыс бөліміне 83 баллмен түсіпті. «Дефектология» мамандығының қазақ бөліміне 87 балл, ал орыс бөліміне 78 баллмен грантқа қол жеткізген. «Музыкалық білім» мамандығының қазақ бөлімі 93 балл, ал орыс бөлімі 83 балл, «Физика» мамандығының қазақ бөліміне 84, орыс бөліміне 72 баллмен оқуға қабылданды. Ал «Информатика» мамандығы бойынша қазақ бөліміне 82 баллмен, орыс бөліміне 69 баллмен грант ұтып алған. «Тарих» мамандығының қазақ бөліміне кемінде 91 балл жинаған талапкерлер түсуге мүмкіндік алса, орыс бөліміне 81 балл алған түлектер оңай түсіпті. «Құқық және экономика» мамандығының қазақ және орыс бөлімдеріндегі айырмашылық 7 баллды құрайды, яғни,  қазақ бөліміне түскен түлектердің ең төменгі баллы 87 болса, орыс бөлімінде 80 балл. Ал «Шетел тілі» мамандығы бойынша қазақ бөліміне ең төмені 86 балл жинаған талапкерлер түссе, орыс бөліміне 68 балл жинаған түлектер түсуге мүмкіндік алыпты.

Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде білім гранттарын бөлуде жөнсіздік белең алды. Ең өкініштісі, бұған Білім және ғылым министрлігі онша бас қатыра қоймайтын сияқты. Бізде бір мамандық бойынша 100 балл жинақтаған бала грантта оқуы мүмкін, ал екінші бір мамандық бойынша 120 балл жинақтаған талапкер ақылы бөлімде оқиды. Ал дәл сол мамандықтың орыс бөліміне тапсырған талапкер төмен ұпаймен мемлекеттік білім грантына иеленген болып шығады. Осылайша еліміздегі талабы таудай балалардың мысы басылып, еңсесі түсуде. Талапты қазақ баласының жазығы не? Қазақ және орыс мектебін бітірген түлекке грант бөлгенде баллдық айырмашылық деген мүлдем болмауы қажет. Өйткені бір елде бір бағдарлама бойынша оқып жатқан шәкірттің біріне артықшылық беріп, екіншісін тұқырту орынсыз-ақ. Қоғам қазақ пен орыс балаларының баллдарындағы айырмашылықты министрдің алдына мәселе етіп қойып, әділетті шешімді талап етуі қажет. Әйтпесе, бұл жайттың жыл сайын қайталанып, дәстүрге айналып кететін сиқы бар.

Әсел ӘНУАРБЕК