Жаңалықтар

Трамп неге сынға қалды?

ашық дереккөзі

Трамп неге сынға қалды?

Америкалық саясаткерлер Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Дональд Трамптың америкалық барлау қызметінің шешімін қолдамай, «Путин 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласқанын табанды түрде жоққа шығарды» деген мәлімдемесін жаппай сынап жатыр. Хельсинкидегі саммиттен соң Путинмен баспасөз конференциясын өткізген Трамп арнаулы прокурор Роберт Мюллердің тергеуін Америка үшін «қасірет» деп атады. Америкалық республикашыл сенатор, қарулы күштер комитетінің мүшесі Линдси Грэм әдетте Трампты қолдайтын. Бірақ Трамптың дүйсенбі күнгі мәлімдемелерін АҚШ-тың «әлсіздігі» деп бағалады. Грэм Twitter парақшасына: «Президент Трамп Ресейді 2016 жылы сайлауға араласқаны үшін жауапқа тартып, алдағы сайлауға араласпау жайлы қатаң ескерту жасау мүмкіндігін жіберіп алды. Трамптың мұндай мәлімдемесін Ресей әлсіздік деп түсінеді. Мұның шешкенінен гөрі тудырған мәселесі көп» деп жазды. Республикашыл сенатор Джон Маккейн «Хельсинкидегі баспасөз конференциясы – Америка президентінің тарихтағы ең масқара болған кезі. Трамптың аңғалдығынан, өзімшілдігінен, шындықты бұрыс қабылдауы мен авторитарлы басшыларға сыңаржақтығынан келген залалды бағалау қиын» деді. АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері, республикашыл Пол Райан «Ресейдің біздің елдегі сайлауға араласқанында еш шүбә жоқ. Ол әлі осындағы (Американы айтады) және әлемдегі демократияны шайқалтуға тырысып жатыр. Құндылықтары мен идеалдары қарама-қайшы АҚШ пен Ресейдің арасында ешбір байланыс жоқ» деді.