Жаңалықтар

Баспаналы болмақшы талай қазақ...

ашық дереккөзі

Баспаналы болмақшы талай қазақ...

Мемлекет басшысының Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған 5 әлеуметтік бастамасы негізінде «Әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасының бірінші бастамасы 2 шілде күні ресми түрде тұсауын кесті. Ең алғашқы күндері-ақ, бағдарлама бойынша үй алғысы келетіндердің өтініші үш мыңнан асқан. Өтініштер үш күндік тексеруден өткеннен кейін, бағдарлама аясында Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында алғашқы 7 несие беріліп те үлгерген. Олардың арасында 25 жастағы Алматы тұрғыны да бар. Бағдарламаға тұрақты жалақысы бар, жеке баспанасы мен ипотекалық несиесі жоқ кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Ал, несие алу үшін серіктес банктің біріне барып, қажетті құжат тапсыру қажет. Егер банк келісім берсе, баспана бағасының  20 пайыз бастапқы жарнасы төленуі тиіс. Тек сол жағдайда ғана несиені жылына 7 пайызбен 25 жылға беру жөнінде келісімшарт жасалады. Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында ең жоғары ипотекалық несие 25 миллион теңгеге дейін, қалған қалаларда 15 миллион теңгеге дейін беріледі. Бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банктерді Ұлттық банкке еншілес «Баспана» ипотекалық ұйымы қаржыландырады. Бағдарлама бойынша болжамды ай сайынғы төлем:   Тұрғын үй құны, теңге   5 млн 10 млн 15 млн 20 млн 25 млн Бастапқы жарнаның мөлшері, теңге   1 млн 2 млн 3 млн 4 млн 5 млн Ай сайынғы төлем мөлшері, теңге   28 мың 57 мың 85 мың 113 мың 141 мың   Осы бойынша есептегенде, қосылатын үстеме пайызы (7%) бүгінгі күндегі ең арзан мөлшерлеме және 25 жылға дейін бөліп төлеу ең ұзақ мерзімді қайтару болып отыр. Мысалы, 10 млн теңге несие алу үшін қолыңызда өзіңіздің бастапқы жарна ретіндегі 2 млн теңгеңіз болуы шарт.  Бағдарлама пәтер жалдап жүрген азматтарға өте ыңғайлы. Себебі ай сайын 70-80 мың теңгені басқа біреудің қалтасына бергенше, кейін өзіңізге қалатын үйге төлеген әлде қайда артық. «7-20-25» бағдарламасының бұған дейінгі тұрғын үй бойынша жүргізілген бағдарламалардан ерекшелігі: - қарыз алушының жасы бойынша шектеулер көзделмейді; - бастапқы жарна тек ақшалай қаражатпен енгізіледі; - қарыз алушының тіркелген не тұрғылықты жері бойынша шектеулер қойылмайды, бұл дегеніміз, ауылдық жерде тіркелген адам өзі қалаған басқа қаладан баспана алуына мүмкіндігі бар; - қарыз алу үшін кезектілік көзделмеген, себебі Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшін Бағдарламаға қатысуға тең жағдайлар белгіленген; - қарызды бергені және оған қызмет көрсеткені үшін банктерге комиссия алуға тыйым салынған; - қарыз тек теңгемен ғана беріледі; - бағдарламаның жұмыс істеу мерзімі шектелмеген; - баспана алушының атында үй болмауы керек, бірақ бір немесе бес жыл ішінде болмауы керек деген мерзімдер бекітілмеген; - отбасы мүшелерінің бірінде баспана болса да, ипотека алуға өтініш берген адам пәтер ала алады.  Бағдарлама бойынша несие беру банктер тарапынан жүзеге асырыла бастағанымен, сатып алушыға үй табу оңайға соқпайтын көрінеді. Себебі құрылыс компаниялары «7-20-25» жаңа бағдарламасына сәйкес ипотекаға пәтер ұсынуға әлі жүз пайыз дайын емес. Әсіресе, Алматыда жаңа бағдарлама бойынша пәтер сатып алу қиынға соғайын деп тұр. Мұнда пәтер алатындар саны көп. Ең бастысы, аталмыш бағдарламаның шарты бойынша жаңа салынған үй пайдалануға берілуі керек. 1991 жылдан бері нарықта ең ірі құрылыс ұйымы болып табылатын «Базис А» компаниясы «7-20-25» бойынша ипотекаға өтінімдер қабылдауды бастады. Десе де, дәл бүгінгі таңда компания сатып алушыларға пәтерлердің аз ғана түрін ұсына алады. Аталған бағдарлама бойынша «Базис А» базасында Ақ-Бұлақ ауданы, Алматы аренаның жанында орналасқан «Алмалы» тұрғын үй кешенінің пәтерлері беріледі. Бір бөлмелі пәтерлер 9,5-10 млн теңге, екі бөлмелі пәтер бағасы 15 млн теңгені құрайды. Алайда сауда бөлімінде «Алматыдағы пәтерлер тез сатылып кетіп жатыр, ал Астанада «Базис А» - дан «7-20-25» бағдарламасына қолайлы тұрғын үй жоқ» ˗  деп, хабарлаған. Алматыдағы келесі тұрғын үй кешені "Apple Town"-да пәтер саны көп болғанымен, бағасы 40 млн теңгеден басталады. Бұл бағдарлама бекіткен шекті құннан өте жоғары. Аталған құрылыс компаниясы алматылықтарға 25 млн теңгеге пәтер ұсына алмаса да, астаналықтарды «Highvill» тұрғын үй кешенінен беріліп жатқан пәтерлерімен қуанта алады. Қазіргі кездің өзінде мұндағы пәтерлер толық әрлеуден өткен, тіпті, үйге қажетті тұрмыс заттарымен бірге сатылып жатыр. Ипотекалық несие аламын деуші кез келген азамат 7 банктің біріне барып өз ұсынысын қалдыра алады. Бағдарламаға серіктес банктер қатарына «Банкцентркредит», «Еуразиялық банк», «АТФ Банк», «Цеснабанк», «Халық банк», «RBK банк» және Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кіреді. «Сбербанк» пен «Форте банк» банктері де 2018 жылдың аяғына дейін бағдарламаны іске асыруға қосылуға ниетті.