Трамптың ашуы һәм «арамтамақтар»
Трамптың ашуы һәм «арамтамақтар»
Кеше Брюссельдегі НАТО ұйымының саммиті күрделі мәселелерді қарастырды. Саммитке ұйымға мүше 29 елдің жоғары шенді делегациясы мен серіктес мемлекеттердің өкілдері қатысқан жиын әлемді алаңдатып отыр. НАТО саммиті аяқталғанша Бельгия астанасы бірнеше елдің полицейлері күзететін айтулы нысанға айналар түрі бар.
НАТО-ның кезекті саммиті ұйымның қауіпсіздігі үшін шешуші сәтте өтіп, ұйымның алдағы жылдардағы жолын айқындауға мүмкіндік бермек. Соңғы жылдары Балтық аймағындағы Солтүстікатлантикалық альянс топтарының күшейтілгені туралы ақпарат құралдары жиі жазып жүр. Белгілісі, НАТО әскерін Балтық елдері және Польша аумағына кіргізу туралы шешім ұйымның 2016 жылғы Варшавадағы саммитінде қабылданған. Ол кезде Ресей тарапынан аталған елдерге қауіп төнуі мүмкін екендігі айтылған-ды. Алайда Мәскеу Ресейдің ешқашан НАТО ұйымына мүше елдерге шабуыл жасамайтындығын бірнеше рет мәлімдеп үлгерді.
Брюссельдегі НАТО саммитінің тағы бір жаңалығы – АҚШ президенті Дональд Трамптың саммитке қатысуы. АҚШ пен Еуропалық одақ елдері арасындағы келіспеушіліктер НАТО-ның келешегін күңгірттендірген еді. Бет жыртысып, жағаға жармасу орын алмаса да, Альянс мүшелерінің арасына қара мысық жүгіріп өткендей көрінген. Шетелдік басылымдар Еуропа мен Америка арасындағы бұрын болмаған шиеленіске Дональд Трампты айыптайды. Трамп сайлауалды бағдарламасында НАТО-ның бүгінгі заманауи әлемде пайдасы бар екеніне күмән келтірген еді: одақтастар қорғанысқа аз ақша жұмсайды, барлық салмақ америкалықтардың мойнына түсуде деп дабыл қаққан. Онысы да рас, АҚШ одақтастарының қауіпсіздігі үшін орасан зор қаржы жұмсап келгені белгілі. Одан бөлек НАТО-ның бағдарламалары да ескіргенін жариялаған. Трамп тіпті Ақ үйге кіре сала-ақ НАТО-ны сынға алумен болды. Алғашқы соққы Ангела Меркельге бағытталды. Бір жыл ішінде ұйымның өзге мүшелері – Румыния, Грекия, Балтық жағалауы елдері тәртіпке шақырылды.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл жолы Украина мәселесін талқылауға ниетті. Бұл туралы саммит басталардан бұрын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының орынбасары Джон Салливан хабарлаған еді. «Қазір барлық жайтты ашып айта алмаймын. Бұл дипломатиялық ережелерге қайшы. Бірақ Украина мәселесі міндетті түрде Брюссельдегі саммитте талқыланатын болады», – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Джон Салливан. Мемлекеттік хатшы орынбасарының сөзінше, Вашингтон НАТО саммиті шеңберінде өз түйткілдерін тырналайтын және НАТО-ны өзге елдерге қысым көрсетудің тетігі ретінде қолданғысы келетін мемлекеттерді қолдамайды.
Вашингтонға еуропалық қауіпсіздіктің негізгі демеушісі болу ауыртпалық түсіріп отыр. Сондықтан Трамп әр сөзінде одақтастарды әскери шығындарды арттыруға үгіттеп әуре. Бірақ Еуропа альянсқа қаржы салуға асығар емес. Америкалық БАҚ келтірген деректерге сенсек, АҚШ президенті Германияға қаттырақ сес көрсетуде. Оның үстіне, Трамп Берлинге жеке үн қатқанды жөн көріп, твиттердегі парақшасында былай деп жазды: «Германия НАТО қазынасына ІЖӨ-нің бір пайызын әзер беріп отыр. Ал біз ІЖӨ-нің төрт пайызын төлейміз. Бұдан қандай қисын көріп тұрсыздар? Біз көп қаржымызды шығындап Еуропаны қорғаймыз, ал олар саудада біздің аяғымыздан шалады».
Трамп бұдан бұрын да Ангела Меркельді жиі мысқылдайтын, ал НАТО-ның өзге мүшелерін «арамтамақтар» деп атаған. Ақ үй басшысының бұл сөзіне бәрі өз реніштерін білдірді. Норвегияның Қорғаныс министрі Франк Бакке-Йенсен өз елінің әскери жабдықтарды сатып алуға шығындалып жатқанын, әсіресе, америкалық ұшақтардың НАТО келісімінде көрсетілгеннен де көп екенін мәлімдеді. Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель Трамптың мұндай мазмұндағы хаттарынан сескенбейтінін, өйткені оның үкіметі өз міндеттерін толық орындап отырғанын тілге тиек етті. Ал Испания Сыртқы істер министрі Жозеф Боррель Мадридтің «НАТО сұраған қаржыдан аз жұмсайтынын», есесіне ақшаның тиімді жұмсалатынын айтты. Сондықтан Испания Трамп сұрағандай қаржыландыруды арттыруға құлықты емес.
Айта кетейік, альянс мүшелері 2014 жылы қорғаныс саласы үшін ІЖӨ-нің екі пайызынан кем емес қаржы жұмсауға уағдаласқан. Бірақ НАТО-ға мүше 29 елдің ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Грекия және Эстония ғана бұл талапты толықтай орындап отыр. Ең үлкен шығын Вашингтонға тиесілі – ІЖӨ-нің 3,5 пайызы шамасында. Бұл сома АҚШ үшін айтарлықтай көп қаражат емес – жарты миллиард доллар шамасында. Бірақ бұдан бөлек те шығындар жетіп-артылады: НАТО-ның әскери және әскери емес операциялары, Еуропадағы америкалық әкери базалар мен әскери контингентті күтіп-асырау да АҚШ-тың мойнында. Альянстың шығыс шекарасын мықтап бекіту үшін зымыран, танк және сарбаздардың санын көбейту керек. Ал еуропалық көшбасшылар бұған шығынданғысы келмейді. Бұл тағы да Трамптың ашуын туғызады.
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ президенті сыни пікір білдіргенімен, Альянс жұмысын қолдайтынына сенімді. «Дональд Трамп президент атанғалы бері Еуропадағы америкалық әскерилерді қаржыландыру 40 пайызға артты. Әскери контингент те ұлғайды. Америка көбіне Еуропадағы әскери оқыту мен жабдықтауды инвестициялайды», – деп мәлімдеді Альянс бас хатшысы.
Деректерге сенсек, қазір бүкіл әлемде 200 мың америкалық әскерилер бар, оның 60 мыңы Еуропада. Олар Германия, Нидерландтар, Бельгия, Люксембург және Италияда орналастырылған.
Айта кетейік, Брюссельдегі НАТО-ның саммиті аяқталысымен АҚШ басшысы Дональд Трамп Хельсинкиге жол тартады. Онда Ақ үй басшысы Ресей федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесуі тиіс. Екі президент әуелі бетпе-бет кездесіп, кейін кеңейтілген келіссөз үстеліне отырмақ. Трамп пен Путиннің бұл кездесуі көпті алаңдатып отырғаны жасырын емес. Ал Дональд Трамп бұған дейін Ресей басшысымен кездесудің ойдағыдай өтетініне сенімді екенін жеткізген болатын.