Түркияның жаңа кезеңі
Түркияның жаңа кезеңі
Дүйсенбі күні Түркия астанасы – Анкара қаласында президент Режеп Тайып Ердоғанның инаугурациясы салтанатты жағдайда өтті. Түркия президентінің ант қабылдау рәсіміне 22 елдің басшылары мен 28 мемлекеттің премьер-министрлері және парламент спикерлері қатысты.
Түркияның қайта сайланған президентінің ант қабылдау рәсімі Анкарадағы республика парламентінің ғимаратында орын алды. Салтанатты рәсімге жұбайы Эмине ханыммен бірге келген Ердоған арнайы кілем үстімен жүріп өтіп, сахнаға көтерілген соң, Түркияның мемлекеттік гимні орындалды. Осыдан кейін сөз алған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Бүгін еліміздің тарихындағы маңызды күндердің бірі. Маған дауыс берген, жауапты қызметімді жалғастыруға мүмкіндік берген азаматтардың бәріне алғыс білдіремін. Біз 40 жылдан бері саясат әлеміндеміз. Осы уақыт ішінде тек халқымызға қызмет еттік. Күндіз-түні жұмыс істедік. Біз президенттік жүйеге көше отырып, осы жерден тарихымыздың жаңа дәуірін бастадық. Бұл – Түркияның жаңа кезеңі», – деді. Режеп Тайып Ердоған өз сөзінде «мықты Түркияны мықты үкімет пен парламент басқаратынына» уәде берді.
Инаугурациядан кейін Түркия ресми түрде президенттік басқару жүйесіне көшті. Айта кетейік, 2017 жылы Түркияда мемлекетті парламенттік республикадан президенттікке ауыстыратын конституциялық реформа жүргізілген. Конституциялық реформа елдегі президент және парламент сайлауынан кейін күшіне енуі тиіс болған. Сондықтан 9 шілде күнгі инаугурациядан кейін Түркияда президент билігін күшейткен жаңа конституция жұмысын бастады. Жаңа конституция ережелеріне сай, Түркияда президенттің өкілеттілігі артты: енді президент вице-президентті өзі таңдайды, ал парламент президент жұмысына араласу құқығынан шеттетіледі. Мемлекет басшысы қажет деп тапқан уақытта парламентті таратып, елде төтенше жағдай жариялауға да құқылы.
Ердоған ант қабылдау рәсімінен кейін Түркия республикасының негізін қалаушы саналатын Мұстафа Кемаль Ататүрктің бейітіне барды. Сол жерде сөз сөйлеген Режеп Тайып Ердоған: «Түркия екі маңызды сайлауды табыспен аяқтады. Республика мен демократиямыздың бұл маңызды тоғысында Президенттік үкімет жүйесінің бірінші президенті ретінде ұлтымыздың бірлігін қамтамасыз етіп, бауырластығын күшейтуге, елімізді жетілдіруге, мемлекетімізді дамытуды жалғастыруға уәде береміз», – деді.
Сондай-ақ, инаугурацияға байланысты өтетін мерекелік шаралардың көпшілігі таяуда орын алған теміржол апатына байланысты тоқтатылды. Айта кетейік, бұл апаттан 24 адам қаза тапқан болатын. «Бүгінгі күнге бірқатар мерекелік шаралар әзірлеген едік. Бірақ теміржол апатынан 24 адамның қаза табуына байланысты мұндай шаралардың бәрін тоқтаттық. Қаза тапқандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілекшімін», – деді Түркия көшбасшысы.
Режеп Тайып Ердоған өзінің президент ретіндегі жаңа өкілеттіліктеріне қол жеткізгеннен кейін үкімет мүшелерінің тізімін жариялады. Бұған дейін Ердоған үкіметке өз партиясының мүшелерін шақырмауға уәде еткен. Алайда жаңа министрлер кабинетінде Қаржы министрі лауазымын Ердоғанның күйеу баласы Берат Албайрак иемденген. Бұл туралы шетелдік ақпарат құралдары жарыса жазуда.
Инаугурация барысында Түркия президенті жаңа үкіметтің алғашқы отырысы 13 шілдеге жоспарланғанын атап өтті. Айта кетейік, ведомстволар біріккен соң министрлер саны 21-ден 16-ға кеміді.
Айта кетейік, Режеп Тайып Ердоған Түркия билігіне 2002 жылы келген. Әуелде премьер-министр қызметінде болған Ердоған 2014 жылы президент болып сайланды. Стамбұл қаласының мэрі қызметін атқарған Ердоған Неджметдин Ербакан басқаратын исламдық партияға тыйым салынғаннан кейін өзінің Әділет пен даму партиясын құрған болатын. Ал президенттік таққа қайта жайғасқан Режеп Тайып Ердоған 24 маусымда өткен президент сайлауында 52,59 пайыз (26 миллион 330 мың 823) дауыс жинап, жеңіске жеткен еді. Ол алдағы 5 жыл бойы Түркия республикасын басқаратын болады.