АЛТЫН АДАМ – ВВС ТЕЛЕАРНАСЫНДА
АЛТЫН АДАМ – ВВС ТЕЛЕАРНАСЫНДА
BBC World News редакциясы Астананың 20 жылдығына орай Қазақстан туралы деректі фильмді жарыққа шығарды. Шілденің 7-10 аралығында BBC Worlds News телеарнасында 23 минуттық «Legend of the Golden Man: Secrets of the Steppes» («Алтын Адам туралы аңыз: Дала құпиялары») атты деректі кино әлемнің түкпір-түкпіріндегі жарты миллиардқа жуық көрерменнің назарына ұсынылды. Төрт күн қатарынан тәуліктің әр мезгілінде көрсетілген фильм Есік қаласынан табылған Алтын Адам кешенінің мұрасымен ғана емес, көшпелі қазақ мәдениетімен таныстырады.
Фильмнің тұсаукесері 5 шілде күні Лондон қаласындағы Вестминстер үйінде өтті. Британ парламентіндегі Барлық партиялардың Қазақстанмен әріптестік тобының төрағасы Боб Стюарт тұсаукесер шымылдығын ашып, құттықтау сөз сөйледі. Жобаны таныстырған ВВС World News телеарнасының коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкиннен фильмнің мақсаты туралы сұрағанымызда, ол: «Бұл фильмді дайындауда ВВС World News редакциясы осы телеарнаның коммерциялық жобалар ретінде Қазақстанда түсірген материалдарын пайдаланды. Былтыр Лондонда Британ мұражайында Скиф алтындарына арналған көрме өтті. Біз 2017 жылдың соңында Алтын Адам туралы жарнамалық фильм түсірдік. Бұдан басқа, Айша бибі туралы және Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы фильмдер түсірілді. Осылайша, телеарна қоржынында Қазақстан тарихына қатысты мол дерек жиналды. Редактор аудитория сұранысына орай жұмыс істейді. «Алтын Адам туралы аңыз: Дала құпиялары» – ВВС World News телеарнасының редакциясының төл туындысы, бұл коммерциялық жоба емес. Бұл фильмнен кейін көрермендер Қазақстан туралы көбірек білуге ұмтылады деп ойлаймын», – деп өз пікірін білдірді.
https://www.bbc.co.uk сайтында жарияланған фильмнің аннотациясынан үзінді келтірсек, фильмнің мазмұнын былай сипаттайды: «Скифтер деген кімдер? Осыдан екі жарым мың жыл бұрын көшпелі халықтар Еуропа мен Қытайға дейінгі аумақты түгел жайлаған еді. Скифтер бұрынғыларды да тамсандыратын, енді Қазақстанда және Ұлы Даланың өне бойында жасалған тың археологиялық зерттеулер олардың өзгеше әлемі жайлы сыр шертеді. Бұл зерттеулер ауыр шайқастан зақым алған адамның бас сүйектерінен бастап Алтын Адамның киіміндегі алтынмен зерленген скиф жауынгерлерінің бейнелеріне дейін қамтиды. Тарихшы Беттани Хьюз олардың естен тандыратын ішімдіктерінен бастап батыр әйелдерге арналған адам құрбандықтары жайлы баяндап, өткеннің құпиясын ашады».
Осы шараға қатысқан Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
Ерлан ЫДЫРЫСОВ, Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі: