Диірмен мықты болса, нан тәтті болмақ
Диірмен мықты болса, нан тәтті болмақ
Қостанайда астықты өңдейтін диірмен кешені іске қосылды. Кешен 1300 тонна астықты сақтап, бір күнде 250 тонна ұн шығаруға қауқарлы. Шаруашылық басшылары жылдық өнім көлемін 60 мың тоннадан асыруды жоспарлап отыр.
Жаңа нысанда жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн шығарылады. Диірмен кешеніне орналастырылған қондырғылардың бәрі Түркиядан әкелінген. Сапасы жоғары құрылғылар бидайды жуып, тазалап, оны үгуді де мінсіз атқарады. Бұл жерде шығарылған ұнның 95 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Әзірбайжан елдеріне экспортталады. Қалғаны республика аумағында саудалануда.
Енді ғана жұмысын бастаған диірмен кешені толығымен жоғары деңгейлі мульти басқару жүйесімен автоматтандырылған. Тіпті, өнімдердің сапасын арттыру мақсатында Түркиядан қысқа мерзімге арнайы мамандар шақыртылған. Олар жергілікті диірменшілерге жаңа технологияның қыр-сырын үйретеді.