Қоңырқожа Қожықов туралы сөз
Қоңырқожа Қожықов туралы сөз
Қызылорда қаласында «Қожықовтар қолтаңбасы» атты ғылыми-танымдық конференция өткен болатын. Бұл конференцияда қазақ мәдениеті мен өнерінің тарихында ерекше орны бар Қожықовтар әулеті жайында жан-жақты әңгіме қозғалғаны түсінікті. Осы орайда әулет басында тұрған ағартушы, қоғам қайраткері, ғалым Қоңырқожа Қожықов хақында бірер сөз айтпақпыз. Өйткені ол қазақ мемлекеттілігін жаңғыртуды көздеген ұлт қайраткерлерінің алғашқы легінде күрескен өте белгілі тұлға. Біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атайтын Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсенді түрде қатысқан көрнекті қайраткерлердің бірі. Міне, осындай тарихи қайраткер Қожықов пен оның тамаша әулеті атқарған істерді танып-білу, шындап келгенде, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған елеулі қадам болары сөзсіз.
Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы бұрынғы Ақмешіт, Перовск, қазіргі Қызылорда қаласы түбіндегі Қоғалыкөлде туған. Ауыл молдасынан сауат ашқан, қаладағы қазақ-орыс мектебінде оқып, Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясына түскен. Түркістан мұғалімдер семинариясын империядағы миссионерлік-ағартушылық жүйені жасаған әйгілі Ильминскийдің шәкірті, белгілі миссионер және ғалым Николай Остроумов басқарып жүргенде, семинарияда білім алуға жергілікті ұлт өкілдерінен ілуде-шалу, империя мақсатына қызмет етеді-ау деген бірлі-жарым ғана шәкірт қабылданатын. Бірақ Қоңырқожа Қожықов отаршылдардың санасыз қолшоқпары болған жоқ. Осы орыс оқуын 1900 жылы бітіріп, шын мәніндегі ағартушылық қызметпен шұғылдануға кірісті. Перовскіде теміржол жұмысшылары мектебінде сабақ берді. Тыңдаушыларына Бірінші орыс революциясы оқиғалары жөнінде еркін пікір айтам деп, полиция қадағалауына ілікті. Біраз уақыт Қоғалыкөлде ашылған жеке мектепте бала оқытты. Сосын Түркістан қаласы түбіндегі Қарнақта, одан қазіргі Өзбекстандағы Әндіжанда империя мүддесі үшін ашылған орыс-түзем оқу орындарында мұғалім, мектеп меңгерушісі болған. Педагогикалық қызметті Ақпан революциясына дейін атқарды, әрі оған үлкен жауапкершілікпен қарады.
Алыс Қырымдағы Бақшасарайдан «Тәржіман» газеті арқылы жетіп жатқан оқушыларды жаңа әдіспен оқыту мәселесі ХХ ғасырдың басында түркістандықтарды да жайбарақат қалдырмаған еді. Мұсылмандық діни білім беру ісіндегі революциялық бағыт, яғни мектептер мен медреселерде зайырлы ғылым негіздерін де оқыту мәселесі Қоңырқожаға үлкен ой салады. Содан ол өлкеде өрістеген жәдидшілер қозғалысын жақтайды. Соған орай бірінші кезекте мектеп-медреселерде, ауылдардағы мешіттер мен мектептерде Құранды үйретуге негізделген бағдарламаны қарастырып, қазақ балаларының сауат ашу тәжірибесін зерттейді. Зерттей келе, ағарту ісіндегі көп кемістіктің қазақ тілінде арнайы жазылған сауат ашу кітабы жоқтығына байланысты екеніне көзі әбден жетеді. Қазақ балаларының мектепте екі-үш жыл, тіпті одан да ұзағырақ оқығанмен, әрең хат танып, зорға жаза алатын болып шығатынының себебі қазақтың өз тілінде жазылған әліппе кітабының болмағандығынан деп табады. Молдалардың да балаларға қазақша жазуды үйрете алмауы қолдарында сауат ашуға лайықталған қазақша кітаптары болмағандықтан деп түйеді. Сондықтан да хал-қадерінше, сол жоқтың орнын толтыруға тырысады. Сол мақсатта алғашқы қазақ әліппесін жасайды. Бұл Қоңырқожа Қожықұлының патшалық Ресей заманында өзін жаңашыл педагог ретінде танытуы еді. Ол өзінің «Әліппе» кітабында араб-парсы әліпбиіндегі әріптермен әр қазақы дыбысты жеке әріппен белгілеу жолын ұсынады. Бір дыбысты бір әріппен таңбалау әдістерін мысалдармен, жүйелеп көрсетеді. Өзі ұсынып отырған осы «қазақ әліппесінен соң, Құран әліппесін оқыса», балалардың «басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі артатынын айтады. Әліппенің хрестоматиялық бөліміне әркім білуге тиіс түрлі мағлұматтар, әңгімелер, өлеңдерді топтап, оқуға лайықтап береді. Жасаған әліппесі алғашқы тәжірибе болуы себепті, сын-ескертпелер тыңдауға әзір екенін ескертеді. «Егер де біздің алашқа ұсынған жәдидіміздің не артық, не жетпеген жерлері болса», ой-пікірлерін тікелей, не хат арқылы білдіргендерге «көптен көп алғыс айтамыз» дейді.
Ағартушы Қоңырқожа Қожықовтың қазақ мектептеріне арналған «Әліппе» кітабы Түркістан генерал-губернаторлығының оқу бөлімінде қаралып, бастыруға рұқсат берілді. Содан ол «Әліппе» кітабының қолжазбасын Орынборға алып барды да, сондағы белгілі қаламгер, саяси қайраткер және баспагер Фатих Каримидің баспасынан шығарды. Бұл 1912 жыл еді. Каримов содан екі жыл бұрын Қожықовтың жәдид үлгісімен жазылған «Романов нәсілінен хұкімранлық қылған падишаһлардың тарихлары һәм Ақтабан шұбырынды заманынан бері қарай қазақ халқының ахуалы» деген рисәләсін бастырып берген болатын. Ол алғашқы орыс революциясы жылдары Петербург пен Төменгі Новгородта өткен мұсылман съездеріне қатысушы, сонда ұйысқан жалпыресейлік мұсылман саяси партиясы орталық комитетінің мүшесі, Орынбор мұсылмандары губерниялық жиналыстарының тұрақты төрағасы ретінде халық мұң-мұқтажын терең білетіндігімен және баспагерлігімен, әрі «Құсайыния» медресесіндегі ұстаздық қызметімен қоса, «Уақыт» атты татар тіліндегі қоғамдық-саяси газеттің редакторы лауазымымен отар елді оятып, рухани жаңғыртуға елеулі үлес қосуы арқылы кең танылған тұлға болатын. Оның баспасынан Қоңырқожа Қожықұлының қазақ мектептеріне жәдидтік оқу тәсілін енгізуге шешуші ықпал етуі тиіс «Әліппе» оқулығымен қатар, Романовтар әулетінің патшалық құруының 300 жылдығы қарсаңында тағы екі автор – Шәді Жәңгірұлы және Қалиасқар Қасымовпен бірігіп жазған «Русие патшалығында Романов нәсілінен хукимранлик қылған патшалардың тарихлары» («Историческая поэма царствования Дома Романовых на киргизском языке») атты дастаны жарық көрді.
Фатих Каримовтың баспасынан кітап шығару шаруасымен Орынборға арнайы келген Қоңырқожа Қожықов сол баспадан ұзамай жарық көрмек «Оқу құралының» авторы, болашақ «Қазақ» газетінің редакторы және ірі лингвист-ғалым, сол шақта Орынборда тұрып, газет шығару үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Олар жақын танысып, ел болашағы хақында көп пікірлеседі.
Қоңырқожа Түркістан өлкесінің қазақтары мен өзге де жергілікті халықтарының Мемлекеттік дума жұмысынан шеттетілуін нағыз әділетсіздік деп бағалап, патшаның әділетсіз жарлығының күшін жою жолында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып жүретін. Осы реттегі оның пікірі Дала өлкесінің күрескер өкілі Ахмет Байтұрсыновтың тарапынан да қолдау тапты. Содан олар екеулеп қорытқан ойларын сондағы өзге де қандастарымен пысықтады, сосын Орынбор губерниясындағы мұсылман қауымының сайлаушыларына арнап қазақтар атынан ашық хат жазды. Сөйтіп екеуі қазақ қауымы атынан Фатих Каримиге өтінішпен келді.
Оның жұбайы Ләтипа Мұңайтпасқызы Лапина-Қожықова жастайынан қолөнер шебері ретінде танылған ісмер, әуезді дауысы бар әнші еді. 1921 жылы Ташкентте жиі өтіп тұрған Шығыс кештеріне қойылым әзірлеу барысында талантына куә болған Дінше Әділов 1925 жылы оны Қызылордада жаңадан құрылып жатқан Ұлт театрына жұмысқа шақырды. Содан Ләтипа кәсіби сахна өнерінің негізін қалаушылардың біріне айналды. Ол кейінірек, 1933 жылы музыка театрының да іргетасын қаласты. Опера театры өнерпаздарының құрамында 1936 жылы Қазақ Республикасының Мәскеудегі онкүндігіне қатысты. Қолданбалы өнердің майталман шебері ретінде ол әр кезде биік деңгейдегі құрметті қонақтарға сыйға тартылатын ұлттық көркем бұйымдарды мемлекеттік тапсырыс бойынша жасап жүрді. КСРО Суретшілер одағының мүшесі болды.
Қоңырқожа мен Ләтипа Қожықовтардың балалары да қазақ өнері тарихында өзіндік мәртебелі орындар иеленген белгілі тұлғалар болды. Қожахмет – қазақтың алғашқы кескіндемеші, карикатурашы, суретші-графигі, Құлахмет – тұңғыш театр және кино суретшісі, график, Нұрахмет – мүсінші-монументалист, Сұлтанахмет – атақты кинорежиссер ретінде мәлім. Қожықовтар әулеті, сөз жоқ, республиканың өнері мен мәдениеті тарихында өшпес із қалдырды, дегенмен әулет мүшелерінің қай-қайсысы да өздерінің мүмкіндіктерін мейлінше ашып көрсетті деп айта алмасақ керек. Өйткені саяси қуғын-сүргін науқаны оларды айналып өткен жоқ. Қоңырқожа Қожықұлы 1938 жылы Алматыда атылады. Артында төрт ұлымен қалған жары Ләтипа тағдырдың күллі тауқыметіне төтеп беріп, ошақ отын сөндірген жоқ. Сахна жасаулаушы және ұлттық киім-кешек үлгілерін жасап тігуші ретінде, өзі іргесін қаласқан бүгінгі Әуезов театрында – он бір жыл, одан, тап сол кәсіби мамандығымен Абай атындағы опера және балет театрында жиырма екі жыл бойы еңбек етті. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін әлемге танытқан өнерпаздар көшін бастап, алғашқы қарлығашы ретінде танылды. Балаларының төртеуі де қазақ өнеріне өзіндік бедер салған белгілі де қадірлі адамдар болды. Бірақ олардың өмір жолдары қиындықтармен астасып жатты. Әкесінің соңын ала Қожахмет Қоңырқожаұлы репрессияланды (сталиндік лагерьден ауыр науқасқа ұшырағандықтан ғана босатылды). Оның үш інісі Отанға адалдықтарын дәлелдеу мақсатымен Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды. Алайда ұлттық кадрларға мұқтаждық ескеріліп, Құлахмет Қоңырқожаұлы әскерден шақырып алынды да, орталықтан Алматыға көшіріп әкелінген киностудияға орналастырылды. Дегенмен «халық жауының» баласы деген таңба ұдайы оның да, майдангер інілерінің де өмірі мен шығармашылығына ауыр салмақ түсіріп тұрды. Соған қарамастан ағайынды Қожықовтар жоғарыда айтылған салаларда мақтаныш етерліктей жетістіктерге жете алды.
Басында ірі қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым Қоңырқожа Қожықұлы тұрған отбасы қазақ мәдениеті мен өнері тарихында өзіндік орны бар ерекше әулетке айналды. Осы әулеттің елге сіңірген еңбегін лайықты бағалай білу ләзім. Бұған қазіргі таңдағы жаңа һәм жасампаз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да міндеттейді. Қожықовтар әулетін ардақтау, әулет мүшелерінің қалдырған мұраларын жете танып, есімдерін есте қалдыру шараларын кеңейте түсуді ойластырған жөн. Осы ретте Қожықовтар әулеті атымен мәдениет институты секілді оқу орындарының бірін, жалпы білім беретін мектептерді атау, мұражайлардан арнайы залдар, бұрыштар ашу, қалалар мен елді мекендерден көше аттарын беру, басқа да ұлықтау жолдарын жүзеге асырған орынды болар еді. Мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне қажет. Қожықовтар әулетін мейлінше терең тану, сөз жоқ, бүгінде елімізде басымдыққа ие болып тұрған «Мәңгілік ел» идеясын баянды етуге де риясыз қызмет етеді.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты