Биыл зейнетақы екі рет өсті

Биыл зейнетақы екі рет өсті

Биыл зейнетақы екі рет өсті
ашық дереккөзі
Қарапайым халыққа жақын министрліктердің бірі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Аталмыш ведомство басшысы маусым айының соңында халық алдында есеп берді. Мәдина Әбілқасымованың бұл қызметке кіріскеніне ұзақ уақыт болмаса да, министрдің көңілді күпті етер жаңалығы көп болды. Тек сол бастамалар іс жүзінде қолға алынса, игі.

Зейнетақы жүйесі қайта қаралды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі баяндамасын жаңа зейнетақы жүйесінен бастады. Халыққа есеп беру кездесуінде министр Мәдина Әбілқасымова осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 8 пайызға, ал базалық зейнетақы 6 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Содан кейін 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы көлемі 67 пайызға өсетініне тоқталды. Бұдан былай зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне сай көтеріледі. Бұған дейін барлық зейнеткерлер ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы немесе 15 274 теңгені құрайтын базалық зейнетақы алып жүрсе, 1 шілдеден бастап мұндай зейнетақыны еңбек өтілі 10 жылдан төмен немесе мүлде жұмыс жасамаған зейнеткерлер алатын болады. Егер азаматтың еңбек өтілі 33 жылды құрайтын болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызы немесе 28 284 теңгені құрайтын болады. Зейнеткердің жалпы еңбек өтілі 15 жыл болса, базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 64 пайызы немесе 18 102 теңге болады. Ал 20 жылдық еңбек өтілі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызы, яғни, 20 930 теңге көлемінде зейнетақы төленетін болады. Жаңа зейнетақы жүйесіне 386 млрд теңге қарастырылған. Ал зейнетақымен қамсыздандыруға кеткен жалпы шығын 1,9 триллион теңгені құрады. Зейнетақы жүйесін қайта қараған министрлік толыққанды еңбек өтілін анықтау үшін 2 миллионға жуық қазақстандықтың құжатын толық тексеріп шыққан. Оның ішінде 1 млн-ға жуық адам жоғарғы мөлшерде зейнетақы алатын болады. Ал 930 мың адам үшін зейнетақы мөлшері 37 пайыздан 81 пайызға дейін өспек. «Зейнет жасындағы азаматтарға берілетін сома көлемі еңбек өтіліне қарай 54-100 пайыз аралығын құрап отыр. Бұл өзгеріс 2 миллион адамды қамтиды. Жаңа зейнетақы жүйесін енгізу кезінде ең бастысы, зейнеткерлерде қандай да бір құжат талап етілген жоқ. Министрлік тарапынан зейнетақыны қайта есептеудегі барлық дайындықтар аяқталды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.

 Жаңа форматтағы Атаулы әлеуметтік көмек енгізілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері мен жәрдемақыларды да назардан тыс қалдырмады. 2018 жылы жаңа форматтағы Атаулы әлеуметтік көмек енгізіліп, аз қамтылған отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінің жұмысқа орналасуына айтарлықтай көмек болуда. Биылғы жылдың алғашқы 5 айында шамамен 72 мың отбасына Атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Атаулы әлеуметтік көмек алған еңбекке қабілеті бар азаматтардың 70 пайызы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларымен қамтылып, олардың 22 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. «Жалпы есептік кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болды, бұл тәуелсіздік алған жылдардағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Халықты әлеуметтік қолдау шараларымен 3,5 млн-нан астам адам қамтылды. 2017 жылы қазақстандықтардың зейнетақысының көлемі екі есе өсті, ана мен баланы қолдау жөніндегі шаралар кеңейтілді, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа стандарттары енгізілді, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жүйесінде айтарлықтай өзгерістер енгізілді», – деді Мәдина Әбілқасымова. Биыл ана мен баланы қолдау шараларына шамамен 275 млрд теңге бөлініп, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артып отыр. Биыл ерекше қажеттілігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілетінін атап өткен жөн: 1 шілдеден бастап бала кезінен І топтағы ересек мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жаңа жәрдемақы енгізіледі. Бұл 14 мың отбасына айына шамамен 30 мың теңге ақшалай көмек алуға мүмкіндік береді. Ведомствоның қазіргі бағыты әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру болып табылады. Осылайша, Министрлік 2018 жылдың соңына дейін азаматтарға мемлекеттік органдарға, оның ішінде мүгедектерге өтініш бермей-ақ, белсенді қызметтерді жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның ішінде мүгедектікке қатысты 8 қызмет белсенді режімге көшеді.

Көші-қон мәселесі  ретке келтірілмек

Халыққа есеп беру кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі елімізге оралатын қандастырымыздың мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Оның айтуынша, жыл сайын Қазақстанға 20 мыңға жуық отандастарымыз келеді. Алайда заңдық тұрғыда көбіне елде жұмыс істейтін шетелдіктерге жағдай жасалған. Іс жүзінде демографияны көтеріп, елге оралатын азаматтардың бейімделуіне ешбір қолдау жоқ. Осыған орай, аталмыш ведомство ағымдағы жылы көші-қон мәселесін ретке келтіретін қадамдарды қолға алмақшы. Енді елімізге келген отандастар үшін әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелде тұратын этникалық қазақтарды атажұртына қайтару үшін азаматтық алу тәртібін жылдамдату және жеңілдетуді жоспарлап отыр. Министр этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру немесе тарихи отанына қайтару демографияға оң әсер ететінін атап өтті. «Шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанға қоныс аудару үшін жағдай жасау мақсатында азаматтық алудың жеделдетілген (жеңілдетілген) тәртібін енгізу қарастырылып отыр. Сондай-ақ, оларға қандай да бір рұқсатсыз және оралман мәртебесінің бар-жоғына қарамастан жұмысқа орналасу құқығы ұсынылады», – деді есеп беру жиынында министр ханым. Ведомство басшысының сөзінше, қолданыстағы көші-қон заңнамасы еліміздің экономикалық, әлеуметтік, демографиялық дамуындағы қажеттіліктер мен жұмыс берушілердің мүддесіне оншалықты сәйкес келмейді. Заң шетелден уақытша жұмыс күшін тартуға бағытталған және онда еңбек мигранттары мен оралмандарды ортаға бейімдеу шаралары көзделмеген. Министр оралмандарға жаңа ортаға бейімделуіне жәрдемдесу мақсатында мигранттарды ақпараттық және құқықтық қолдау орталықтары құрылатынын атап өтті. Ал еңбек ресурстары тапшы өңірлерде тіл үйрену курстары ұйымдастырылмақ. Одан бөлек ел ішінде жұмыс іздеп жүрген жандардың мәселесі де қараусыз қалмады. Қазіргі уақытта шетелден жұмыс іздеп жүрген жандар министрге базынасын жеткізді. Олардың айтуынша, екі қолға бір күрек іздеген отандастырымыз шетелде кеден мен құжаттық қиындықтарға жиі тап болады екен. Мәселен, Қазақстан азаматтары үшін Корея республикасына барып, жұмыс істеу қиын болып отыр. Корея мен Қазақстан арасында еңбек шарты жоқ. «Бірқатар елдермен екі ел арасында еңбек шарттарға қол қойдық. Бірақ та дұрыс айтасыз, бірқатар елдермен әлі ондай шарттар жоқ. Бұл жұмысты біз жасап жатырмыз», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.