Түркістан туралы ойлар
Түркістан туралы ойлар
Құрметті «Түркістан» газеті!
Ұлтымыздың ұлағатты ұлы Қалтай Мұхамеджанов іргесін қалап, осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын дүниеге халықаралық «Түркістан» газеті келіп, алғашқы нөмірі қолымызға тигенде алақайлап шаттанған едік. Енді биыл Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы құрылғанына жүрегіміз жарыла қуанып жүрміз. Сіздер мен біздерді туыстас, бауырлас ететін Түркістан атауы барша қазақ үшін киелі ұғым. Айтылар сөз, жеткізер пікір шексіз. Ең бастысы, жаңа облыс – текті төріміз Түркістанның гүлденуі, жаңаша түрленуі бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда өзіндік ұсыныстарым және кейбір қолайсыздықтарды жою жөніндегі ойларымды сіздерге арнайы жолдап отырмын.
Құлахмет Байжігітов,
биология ғылымдарының докторы
Қаратаудың теріскей беткейіне орналасқан Созақпен, күнгейіндегі Түркістан малының өрісі мен базары ортақ, Күмісті асуы арқылы қатынасып, біте қайнасып жатқан тұтас бір ел. Түркістаннан таңертең шыққан аттылы жолаушы кешке түнеп, ертеңгісін түсте Созаққа барған. Келешекте Түркістан – Қарнақ – Серт –Үкіашата – Үшөзен – Созақ жолын салып, электр жүйесін жүргізсе, экономикалық маңызы бар күрделі түйткілдер толық шешіледі. Қаратауға ел қоныстанып, мал басы тез өседі. Қожа Ахмет Ясауи-Үкіша ата –Жылағаната-Балықшы-Созақ-Бабата-Домалақ ана жаңа туризм маршруты ашылады. Қаратаудың табиғаты сұлу Жоны Түркістан мен Созақ халқының жазғы демалыс орнына айналады. Түркістан бұл жерден 60-70 шақырым ғана ал «Жон», қысқы демалыс орнына қолайлы, қар қалың жауады, шаңғы, тағы басқа спорт түрлерін ұйымдастыруға болады. Бұл мәселені Түркістан облысының басшылығы мықтап қолға алса, тамаша шешім болмақ. Түркістанда жоғары, арнайы орта оқу орындарының студенттері, жастар, қала халқының саны жыл сайын көбейіп келеді, ал бүгінгі күні олардың не жазда, не қыста демалатын орындары жоқ. Түркістан мен Созақты ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі, мәдениеті мен туризмі өркендеген экономикалық бір аймақ жасау пайдалы. Қаратаудың теріскей мен күнгей беткейін ертеден-ақ тарихы бір халық мекендеген. Экологиялық-экономикалық аудандардың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес ғылыми даму жоспарын жасап, бұл өңірде егін шаруашылығының барлық салаларын өркендетуге, жеміс пен жидек, қауын мен көкөністің сапасын жақсартып, экологиялық таза өнім өндіруге болады. Бау-бақша өнімдерін өңдейтін кіші өндіріс орындарын салып, солтүстік аймақтарды жеміс шырыны және өрік қағымен қамтамасыз етуге болады. Күмісті асуы арқылы Түркістан-Созақ жолы салынса, теріскейге баратын жол екі есе қысқарады, Түркістанның экономикасы көтеріледі, туризмі дамиды. Қаратаудың сұлу табиғаты жазғы, қысқы демалыс орындарына айналады, халықтың денсаулығы түзеледі. Түркістан-Созақ-Қарағанды тас жолын салуды ойластыру керек, ондай жағдайда Түркістан облысының аудандары солтүстіктің өндіріс орындарына тікелей шығады, Созақ және іргелес аудандардың экономикасы тез жанданады.Түркістан қаласы