Ескертуге елең етпейтіндер

Ескертуге елең етпейтіндер

Ескертуге елең етпейтіндер
ашық дереккөзі
Күннің ыстығынан қорғанғысы келген жұртшылық өзендер мен көлдерді жағалап жүр. Бірақ суға түсушілердің бәрі бірдей қауіпсіздік талаптарына бағына бермейді. Соның салдарынан, суға түсу маусымы ашылысымен, төтеншеліктер үшін қызу жұмыс басталады. Өткен демалыс күндері республика бойынша 20 адам суға батқан. Белгіленбеген жерде шомылып, судың зардабын көргендер әсіресе, Шығыс Қазақстан облысында көп. Қызылорда мен Қарағанды облысында да 6 адам суға кеткен. Ал ауа температурасы 40 градустан жоғарылаған Түркістан облысында да қайғылы жағдай жаз мезгілі басталғалы орын алып отыр. Өңірде 16 адам шомылып жүріп қайтыс болған. Шығыс Қазақстан облысында өткен демалыс күндері 6 адам суға батып кетті. Шомылу маусымы басталғалы бері бұл өңірде 18 адам көз жұмды. Ал демалыс күндері суға батқандардың тең жартысы – ата-ана қарауынсыз суға шомылуға шыққан балалар. Мәселен, Жарма ауданындағы Шар өзенінен сол маңдағы тұрғындардың көмегімен 11 және 7 жастағы екі баланың денесі шығарылды. Ересектердің де ережеге көз салып жүргені шамалы. Семейде құтқарушылар суға батып кеткен 33 және 45 жастағы екі азаматтың денесін алып шықты. Демалыс кезінде құтқарушылар 100-ден астам рейд жұмыстарын ұйымдастырып, 4 мыңға тарта адамға қауіпсіздік ережесін түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізген. Бірақ одан шығар нәтиже болмай тұрғаны жанды қинайды. Солтүстік Қазақстан облысында да демалыс күндері екі ер адам қаза тапты. Екеуі де рұқсат етілмеген жерде шомылған. Бірі Имантау көліне, ал екіншісі Есіл өзеніне батып кеткен. Өңірде мереке күндері күн ысып, тұрғындар жаппай суға түскен. Төтенше жағдайлар қызметкерлері батып бара жатқан тағы 3 адамды құтқарып қалды. Оның екеуі – бала. Мамандардың айтуынша, адамдар суға түсерде, қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемейді. Әсіресе, ата-аналар балаларына немқұрайлы қарайды. Түркістан облысында шомылу маусымы мамыр айында басталды. Сол уақыттан бері бірқатар белгіленбеген жерге суға түскендердің соңы қайғылы жағдаймен аяқталуда. Өзен-көлдерде, каналдарда суға кеткендердің дені – ересектер мен әке-шешесінің қарауынсыз қалған жас балалар. Шомылу маусымының басынан бері судағы қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтамай, жазатайым оқиғаларға ұшырағандар саны азаймай отыр. Қазірге дейін өңірде суға кеткен 16 адам қайтыс болды. Шымкент қаласында суға кетіп қайтыс болған 2 адамның біреуі – бала. Негізінен, адамдардың қайғылы жағдайларға ұшырауының басты себебі – су айдындарында қарапайым қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауынан. Ата-аналардың балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдыруынан олардың суға кетуі өте өзекті мәселе болып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларын су арналарына жақын жерлерде қараусыз қалдырмауға шақырады. Бірақ бұған ата-аналардың барлығы бірдей назар сала бермейтіндігі өкінішті-ақ. Негізінен суға шомылу маусымы кезеңінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суда жаппай демалу орындарында патрульдеу және профилактикалық жұмыстар, рейдтер жүргізіледі. Су айдындарының қауіпті аймақтарында арнайы тыйым салынған белгілер орнатылады. Одан да еш нәтиже болмағандықтан, жаза қатаңдатылмақ. Мәселен, Каспийдің өмірге қатерлі жағалауында шомылғандар енді 16 мыңнан бастап 144 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Ақтауда шомылуға мүлдем тыйым салынған екі жағажай бар. Олар – Шора су арнасы мен 4 шағынаудандағы жартасты жағалау. Бұл жерлердің түбі терең әрі өткір тастарға толы. Ескерту жазылған қалқаншалар тұрғанымен, оған құлақ асып жатқан жан жоқ. Нәтижесінде жыл басынан бері 4 адам суға кеткен. Қазір осы жағажайларды ұшқыр катерлерге мінген құтқарушылар мен полицейлер бақылауға алды.