Жаңалықтар

Жамбылда – егін жиыны

ашық дереккөзі

Жамбылда – егін жиыны

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов аудандарды аралап, масақты дәнді-дақылдарды жинау, жазғы дала жұмыстарының іске асу барысымен танысты. Өңір басшысы ең алдымен Т.Рысқұлов және Байзақ аудандарына ат басын бұрды. Жамбыл облысында биылғы жылы дәнді-дақылдардың өсу көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артып отыр. Шамамен 260 мың гектар дәнді-дақыл егілсе, оның 150 мың гектары – арпа, 100 мыңға жуығы – күздік бидай. Облыста дәнді-дақылдардың биылғы өнімділігі 750 мың тонна деп жоспарлануда. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 мың тоннаға жоғары. Техникаға келер болсақ, облыста егін оруға, себу жұмыстарына, бидай тасуға, жалпы ауылшаруашылығы жұмыстарына 2800-ге жуық техника тартылды. Биыл Т.Рысқұлов ауданында 36 мың гектар күздік бидай, 3 мың гектар жаздық бидай, 47 мың гектар жаздық арпа, 17 мың гектарға жуық мақсары дақылы  жиналады. Аудандағы «Ақбұлақ», «Нұрдәулет», «Раушанбектегі», «Құлбарақ», «Луговой жылқы зауыты» ЖШС сынды шаруа қожалықтары егін ору жұмыстарын бастап кетті. Дәл қазіргі уақытта 10 мың гектар орылып, орташа өнімділік 23-24 центнерден асты. Жалпы, ауданда 77 егін орағы комбайны жұмыс атқаруда. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Т.Рысқұлов ауданындағы «Шаушен» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруа қожалық иелігіндегі 26 мың гектардан астам жердің 11 мың гектарға жуығы егістік алқабы. Биыл алқапқа 4 мың гектар күздік, 4 мың гектар жаздық бидай егіліпті. Қожалық 175 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар орта есеппен 120 мың теңге көлемінде жалақы алады. Шаруа қожалықтың иелігінде техника да жеткілікті: 22 трактор, 12 жүк көлігі және 9 комбайн. Бүгінде шаруашылық иелігінде 52 мың бас қой мен 2620 жылқы бар. Шаруа қожалық басшылығы ет өндіретін база салу үшін жер қажет екендігін айта кетті. Ал өңір басшысы ауылшаруашылығы бойынша салалық орынбасары мен басқарма  басшысына таяу арада жер қарастырып, сойылған малды толығымен кәдеге жарату үшін комбинат соғудың тиімді жолдарын табуды тапсырды. Сонымен  қатар, облыстағы ет экспорты жұмысын одан әрі дамыту үшін етті уақытша  сақтау базасы мен ет мұздататын камераларды жаңарту қажеттігін атап өтті.