Бюджетке кіріс артығымен құйылды
Ал еліміздің бас қаржыгері Б.Сұлтанов салықтардың өсу қарқынын ұлғайту шараларын жалғастырып жатқандарын хабарлады. «Барлық бюджеттер деңгейлерінде кірістердің өсуі байқалады. Өткен жылы дәл осы мерзіммен салыстырғанда, мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны 112 пайызға жетіп, ел бюджетіне кіріс 407 млрд теңгеге артық құйылды. Республикалық бюджет былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда, биыл 114 пайызға немесе 329 млрд теңгеге артты», – деді Қаржы министрі. Оның мәліметінше, бюджеттің шығыс бөлігі де жоғары қарқынмен игерілуде. Шығыстардың жартысынан астамы әлеуметтік салаларға бөлінген. Бұл бағытқа мемлекеттік бюджеттің 58 пайызы шығындалуда. «Жалпы алғанда, шығыстардың игерілу пайызы өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда, жақсарды. Мемлекеттік бюджет – 99 пайызға, республикалық бюджет – 99 пайызға, жергілікті бюджет 99,6 пайызға игерілді. Игерілмеген сомаларды қайта бөлу бойынша берілген тапсырманы орындау үшін биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша қабылданбаған міндеттемелері бар бюджеттік бағдарламаларға талдау жүргізілді. Нәтижесінде, конкурстары өткізілмеген бюджеттік бағдарламаларды жылдық жоспарынан 10 пайызға дейін қысқарту механизмін қолдануды ұсынамыз», – деді Бақыт Сұлтанов Үкімет басшысына қарата. Нәтижесінде конкурстарын уақтылы өткізбеген органдардан және жергілікті әкімдіктерден жалпы сомасы 16 млрд теңге алып қойылатын болады. Бас қаржыгер ол сомадан кімдердің айырылатынын таратып айта кетті. Мәселен, соның ішінде ең көп қаражат – 12,3 млрд теңге Қорғаныс министрлігіне, 1,9 млрд теңге – Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 116,9 млн теңге Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Бұл министрліктер биылғы көктемде «Бюджет – 2018»-ді нақтылау кезінде қосымша бөлінген шығыстар бойынша әлі күнге тендерлер ұйымдастырмаған. Бұдан басқа, Қаржы министрлігі игерілмей қалу қаупі бар шығыстардың 46 млрд теңгесін де алып қойып, алдағы күзге жоспарланған бюджетті келесі нақтылау кезінде қайта бөлмек. Бұл миллиардтардың қайда бағытталатынын ведомство қыркүйек айында қосымша баяндайтынын мәлім етті. Биылғы жарты жыл ішінде игерілмей қалған қаражат сомасы 1 маусымға қарай 50 пайызға азайып, 36,2 млрд теңгені құрады. Оның негізгі сомасы – 6 мемлекеттік органдар еншісінде. Өңірлерді қолдауға биылғы жылы 743 млрд теңге қарастырылған. 1 шілдеде оларға 273 млрд теңге бөлінді. 270 млрд теңгесі игерілді, яғни 99 пайыз. Игерілмеу сомасы былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 6,7 есеге азайып, 2,3 млрд теңгені құрады. Биыл Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында өңірлерге 115,4 млрд теңге көзделген. Оның 54 млрд теңгесі – кәсіпкерлікті қолдауға, 61,4 млрд теңгесі мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге қарастырылған. Жарты жылда осы бағыттарға 55,4 млрд теңге бөлініп, ол 99,9 пайызға игерілді, – деді Бақыт Сұлтанов. Министрдің айтуынша, жылдың соңына дейінгі ең басты мақсат – бюджет қаражатының тиімді және уақытында игерілуіне жағдай жасау болмақ.