Халықаралық резервтер 89,9 млрд доллар

Халықаралық резервтер 89,9 млрд доллар

Халықаралық резервтер 89,9 млрд доллар
ашық дереккөзі
Үкімет отырысы еліміздің жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады. Қай салада ілгерілеу бар? Бюджет бөлінісі кезінде неден мүлт кеттік? Жұмыспен қамту жайы, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасының орындалуы қай деңгейде? ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің айтуынша, 2018 жылғы қаңтар-маусымда экономикамыздың барлық дерлік сегменттерінде оң серпін байқалады. «Жылдың алғашқы бөлігінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсуі 4,1 пайызды құрады. Ал экономиканың көтерілуі инфляциялық процестердің одан әрі бәсеңдеуі және жоғары инвестициялық белсенділік аясында өрбуде. Инфляция біртіндеп азайып, жыл басынан бері 2,6 пайыз ғана болды. Бұл ретте жылдық инфляция – 5,9 пайыз», – деді ол. Ел Үкіметі мен Ұлттық банк биыл инфляцияны 6-8 пайыз дәлізінде ұстауға тиіс. Ал кейінгі жылдары бұл көрсеткішті 4 пайызға дейін түсірмек ниетте. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар өсу үрдісін сақтауда. Оның өсімі 25,8 пайызға жетті. 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанның халық­аралық резервтері 0,9 пайызға ұлғайып, 89,9 млрд долларды құрады. Ал өнеркәсіп өндірісі алты айда 5,2 пайызға артқан. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі 5,5 пайызға ұлғайды. Бұл өсім негізінен «Қашаған» кен орнында мұнай өндіру ісінде байқалуда. Нақты айтсақ, жақында ғана «құрықталған» Қашағанда жоспарланған 4,9 млн орнына 6,2 млн тонна қара алтын өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі де серпінді түрде ілгерілеп келеді. Мұнда өсу қарқыны 5,2 пайызды құрады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында өнім шығару көлемі 4 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы Атырау, Қызылорда, Алматы, БҚО, Қарағанды, Ақмола, СҚО-да 2,5 пайыздан 3,6 пайыз аралығында өскен. Алты ай қорытындысы бойынша Маңғыстау мен Павлодар облыстары 6 пайыз және 2 пайыздық көрсеткіштерімен «плюстік аймаққа» қосылды. Үкімет елге сырттан қанша табыс құйылғанын да саралай кетті. Жаһандық нарықтағы санкциялық теке-тірестерге қарамастан, қазақ елінің сыртқы сауда айналымы тұрақты түрде жоғары өсу траекториясын сақтап келеді. Ол 2018 жылдың І тоқсанында төрттен бірге, яғни 24,3 пайызға ұлғайды. Нәтижесінде еліміздің өзге елдермен үш айдағы алыс-берісі 21 млрд доллар межесін бағындырған. Соның ішінде мемлекетіміздің экспорты 27 пайызға артты. Бір қуантарлығы сол, шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 11,2 пайызды немесе 3,8 млрд долларды құрады. Шеттен тасыған импорт 19,4 пайызға өсті және 7,2 млрд долларға жете-ғабыл. Ол негізінен импортталған инвестициялық тауарлар (машиналар мен құрылғылар) есебінен өсті. «Тұтастай алғанда, бірінші жартыжылдықтың тұрақты және сапалы болғанын ескере отырып, ЖІӨ-нің 4 пайызға өсу әлеуеті бар екенін атап өткім келеді. Бұл үшін біз осы үшінші тоқсанда экономиканың дамуын 3,9 пайыз және кейінгі төртінші тоқсанда 4 пайыз деңгейінде ұстап тұруымыз керек», – деді Тимур Сүлейменов.

Бюджетке кіріс артығымен құйылды

Ал еліміздің бас қаржыгері Б.Сұлтанов салықтардың өсу қарқынын ұлғайту шараларын жалғастырып жатқандарын хабарлады. «Барлық бюджеттер деңгейлерінде кірістердің өсуі байқалады. Өткен жылы дәл осы мерзіммен салыстырғанда, мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны 112 пайызға жетіп, ел бюджетіне кіріс 407 млрд теңгеге артық құйылды. Республикалық бюджет былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда, биыл 114 пайызға немесе 329 млрд теңгеге артты», – деді Қаржы министрі. Оның мәліметінше, бюджеттің шығыс бөлігі де жоғары қарқынмен игерілуде. Шығыстардың жартысынан астамы әлеуметтік салаларға бөлінген. Бұл бағытқа мемлекеттік бюджеттің 58 пайызы шығындалуда. «Жалпы алғанда, шығыстардың игерілу пайызы өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда, жақсарды. Мемлекеттік бюджет – 99 пайызға, республикалық бюджет – 99 пайызға, жергілікті бюджет 99,6 пайызға игерілді. Игерілмеген сомаларды қайта бөлу бойынша берілген тапсырманы орындау үшін биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша қабылданбаған міндеттемелері бар бюджеттік бағдарламаларға талдау жүргізілді. Нәтижесінде, конкурстары өткізілмеген бюджеттік бағдарламаларды жылдық жоспарынан 10 пайызға дейін қысқарту механизмін қолдануды ұсынамыз», – деді Бақыт Сұлтанов Үкімет басшысына қарата. Нәтижесінде конкурстарын уақтылы өткізбеген органдардан және жергілікті әкімдіктерден жалпы сомасы 16 млрд теңге алып қойылатын болады. Бас қаржыгер ол сомадан кімдердің айырылатынын таратып айта кетті. Мәселен, соның ішінде ең көп қаражат – 12,3 млрд теңге Қорғаныс министрлігіне, 1,9 млрд теңге – Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 116,9 млн теңге Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Бұл министрліктер биылғы көктемде «Бюджет – 2018»-ді нақтылау кезінде қосымша бөлінген шығыстар бойынша әлі күнге тендерлер ұйымдастырмаған. Бұдан басқа, Қаржы министрлігі игерілмей қалу қаупі бар шығыстардың 46 млрд теңгесін де алып қойып, алдағы күзге жоспарланған бюджетті келесі нақтылау кезінде қайта бөлмек. Бұл миллиардтардың қайда бағытталатынын ведомство қыркүйек айында қосымша баяндайтынын мәлім етті. Биылғы жарты жыл ішінде игерілмей қалған қаражат сомасы 1 маусымға қарай 50 пайызға азайып, 36,2 млрд теңгені құрады. Оның негізгі сомасы – 6 мемлекеттік органдар еншісінде. Өңірлерді қолдауға биылғы жылы 743 млрд теңге қарастырылған. 1 шілдеде оларға 273 млрд теңге бөлінді. 270 млрд теңгесі игерілді, яғни 99 пайыз. Игерілмеу сомасы былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 6,7 есеге азайып, 2,3 млрд теңгені құрады. Биыл Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында өңірлерге 115,4 млрд теңге көзделген. Оның 54 млрд теңгесі – кәсіпкерлікті қолдауға, 61,4 млрд теңгесі мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге қарастырылған. Жарты жылда осы бағыттарға 55,4 млрд теңге бөлініп, ол 99,9 пайызға игерілді, – деді Бақыт Сұлтанов. Министрдің айтуынша, жылдың соңына дейінгі ең басты мақсат – бюджет қаражатының тиімді және уақытында игерілуіне жағдай жасау болмақ.