Жаңалықтар

Даланың сәні – төрт түлік

ашық дереккөзі

Даланың сәні – төрт түлік

Соңғы жылдары Қазақстан ауыл шаруашылығы саласына жіті көңіл бөлмей, шалғайдағы елді мекендердің де, халықтың да әл-ауқаты артпайтынын түсінді. Сол себепті «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасын» бекітіп, атакәсіпті серік еткен шаруалардың кең құлаш сермеуіне мүмкіндік беріп отыр. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мал шаруашылығын қарқынды дамыту бойынша алдағы 5 жылда еліміздегі жайылым жерлердің көлемі артатынын тілге тиек етті. Вице-премьердің айтуынша, бағдарлама негізінен пайызы төмен несиелер арқылы жүзеге асады. Сондықтан да мемлекетке көп салмақ түспейді. Жалпы, елімізде  ірі қара мал шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам шаруашылық болса, фермерлер саны 16 мыңнан асады екен. Оған инвестиция құйып, мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Ал бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес-алты жылда шаруа қожалықтары санын 100-ге, ал фермерлерді 100 мыңға жеткізуді межелегенін жеткізді. Бұл ауыл шаруашылығы саласында 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. «Бізге табиғи ерекшелігімізді, мүмкіндігімізді пайдалану керек. Қазақстан жайылым жер бойынша әлемде бесінші орында. Алайда жайылым жер дұрыс пайдаланылып жатқан жоқ. Құжаттың негізгі мақсаты – саладағы еңбек өнімділігі мен экспортты арттыру. «Қарқынды мал шаруашылығы» бағдарламасы бойынша  сүт, доңыз және құс еті өндірісін арттыру көзделмек. Бүгінде Ресей ет экспортын 1 млн 200 мың тоннаға, ал осыдан бес-алты жыл бұрын 50 мың тонна ғана ет экспорттайтын Қытай бүгінде 2 миллионнан асырды», – деді Ө.Шөкеев. Ал Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниевтің айтуынша, талдау жүргізу нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыт анықталды. – Біздің негізгі артықшылықтарымыз сол, кең байтақ жайылым алқаптарымыз, суармалы жерлер бар, ал мал шаруашылығымен айналысу қанмен дарыған кәсіп түрі деуге болады. Осы саланы дамытуға бүгінде барлық ресурс жеткілікті. Біріншіден, Қазақстанда жайылым жер көлемі – 180 млн гектар. Біз әлем бойынша жайылым жер ауқымы бойынша 5-орындамыз. Мал басы санын екі есеге арттыруға жайылым жеткілікті. Екіншіден, 110 млн гектар жайылым алқабы жерасты және жерүсті су көздерімен қамтылған, соңғы 5 жылда 6 млн гектар жайылым алқабы суландырылды. 2 млн гектар жер алқабын суландыруға су көздері бар, – деді бірінші вице-министр. Үшіншіден, ел тұрғындарының 45 пайызға жуығы ауылда өмір сүреді. Яғни, ауылдықтардың басым көпшілігін осы бағдарлама аясында жұмыспен қамту мүмкіндігі тумақ. Бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші фермерлер класын құруға мүмкіндік береді. Фермерлік шаруашылықтар санының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуіне, ауылдықтар үшін жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ, ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 млн басқа дейін көбейтуге, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 миллион тоннаға дейін арттыруға, экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд долларға дейін ұлғайтуға, бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігін 1000 доллардан 8000 долларға дейін өсіруге жол ашылады. Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Десек те, аталмыш бағдарламаның іске қосылуы – шаруалар үшін қуаныш. Етті мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер қандай қиындыққа тап болуда? Олар мемлекет тарапынан бөлінетін атаулы көмекке қол жеткізе ме? Біз бұл сауалдарды Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев мырза мен осы кәсіптің басы-қасында жүрген білікті маман, «Қалмақ малдары» республикалық палатасының бас директоры Думан Нағашыбекұлынан сұрадық. Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі: Ескі стереотипті санадан шығару керек