Даланың сәні – төрт түлік

Даланың сәні – төрт түлік

Даланың сәні – төрт түлік
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары Қазақстан ауыл шаруашылығы саласына жіті көңіл бөлмей, шалғайдағы елді мекендердің де, халықтың да әл-ауқаты артпайтынын түсінді. Сол себепті «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасын» бекітіп, атакәсіпті серік еткен шаруалардың кең құлаш сермеуіне мүмкіндік беріп отыр. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мал шаруашылығын қарқынды дамыту бойынша алдағы 5 жылда еліміздегі жайылым жерлердің көлемі артатынын тілге тиек етті. Вице-премьердің айтуынша, бағдарлама негізінен пайызы төмен несиелер арқылы жүзеге асады. Сондықтан да мемлекетке көп салмақ түспейді. Жалпы, елімізде  ірі қара мал шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам шаруашылық болса, фермерлер саны 16 мыңнан асады екен. Оған инвестиция құйып, мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Ал бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес-алты жылда шаруа қожалықтары санын 100-ге, ал фермерлерді 100 мыңға жеткізуді межелегенін жеткізді. Бұл ауыл шаруашылығы саласында 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. «Бізге табиғи ерекшелігімізді, мүмкіндігімізді пайдалану керек. Қазақстан жайылым жер бойынша әлемде бесінші орында. Алайда жайылым жер дұрыс пайдаланылып жатқан жоқ. Құжаттың негізгі мақсаты – саладағы еңбек өнімділігі мен экспортты арттыру. «Қарқынды мал шаруашылығы» бағдарламасы бойынша  сүт, доңыз және құс еті өндірісін арттыру көзделмек. Бүгінде Ресей ет экспортын 1 млн 200 мың тоннаға, ал осыдан бес-алты жыл бұрын 50 мың тонна ғана ет экспорттайтын Қытай бүгінде 2 миллионнан асырды», – деді Ө.Шөкеев. Ал Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниевтің айтуынша, талдау жүргізу нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыт анықталды. – Біздің негізгі артықшылықтарымыз сол, кең байтақ жайылым алқаптарымыз, суармалы жерлер бар, ал мал шаруашылығымен айналысу қанмен дарыған кәсіп түрі деуге болады. Осы саланы дамытуға бүгінде барлық ресурс жеткілікті. Біріншіден, Қазақстанда жайылым жер көлемі – 180 млн гектар. Біз әлем бойынша жайылым жер ауқымы бойынша 5-орындамыз. Мал басы санын екі есеге арттыруға жайылым жеткілікті. Екіншіден, 110 млн гектар жайылым алқабы жерасты және жерүсті су көздерімен қамтылған, соңғы 5 жылда 6 млн гектар жайылым алқабы суландырылды. 2 млн гектар жер алқабын суландыруға су көздері бар, – деді бірінші вице-министр. Үшіншіден, ел тұрғындарының 45 пайызға жуығы ауылда өмір сүреді. Яғни, ауылдықтардың басым көпшілігін осы бағдарлама аясында жұмыспен қамту мүмкіндігі тумақ. Бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші фермерлер класын құруға мүмкіндік береді. Фермерлік шаруашылықтар санының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуіне, ауылдықтар үшін жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ, ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 млн басқа дейін көбейтуге, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 миллион тоннаға дейін арттыруға, экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд долларға дейін ұлғайтуға, бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігін 1000 доллардан 8000 долларға дейін өсіруге жол ашылады. Әрине, мұның бәрі болжам ғана. Десек те, аталмыш бағдарламаның іске қосылуы – шаруалар үшін қуаныш. Етті мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер қандай қиындыққа тап болуда? Олар мемлекет тарапынан бөлінетін атаулы көмекке қол жеткізе ме? Біз бұл сауалдарды Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев мырза мен осы кәсіптің басы-қасында жүрген білікті маман, «Қалмақ малдары» республикалық палатасының бас директоры Думан Нағашыбекұлынан сұрадық. Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі: Ескі стереотипті санадан шығару керек  width= – Арман Қайратұлы, бүгінде шаруа қожалықтарының бетпе-бет кездесетін басты мәселесі – жайылымдық жердің аздығы. Бұл жөнінде қандай шаралар қолға алынуда? Жаңадан өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Жер кодексі мұны реттей ала ма? – Қазір 58 млн гектар жайылым жер бар. Біз ауылшаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін 58 млн гектар жайылым жерді 100 млн гектарға жеткізуді қолға алдық. Осы тұрғыда «елімізде ірі көлемдегі жайылым жерлер кімнің меншігінде?», «Оны тиімді пайдаланып отыр ма, жоқ па?» деген сауалдарға жауап іздеп, толыққанды тексеріп жатырмыз. Бірнеше облыс жағдайына талдау жасадық, оның нәтижесі бойынша жеке шаруашылықтардың жүздеген, тіпті, миллионнан астам гектар жайылымы бар екені анықталды. Алайда оларда малдың жеткілікті саны жоқ екені анық. Бұл жерді тиімсіз пайдаланумен теңестіріледі және олар қайтарып алынады. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сүйенсек, егер бекітілген норматив орындалмаса, «жер тиімсіз пайдаланылды» деген мәртебе беріледі. Бұдан кейінгі жұмыс тиісті мамандарға тапсырылады. Яғни, олар тікелей іс-әрекетке көшудің нәтижесінде айыппұл төлетіп, үкіметке қайтаруға дейінгі шараларды жүзеге асырады. Екіншіден, 2014 жылдан бері ауыл шаруашылығындағы жерлерді дұрыс пайдаланбаса, салықты он есеге дейін көбейту тетігі қарастырылған. Бұл құзыреттілік жергілікті әкімдіктерге де берілді. Демек, пәленбай гектар жерге иелік етіп, оны іс жүзінде тиімді пайдаланбаса, қандай шара қолдануға болады? Тіпті, жерді айналымға салып, тірлік істемесе, ол ол ма, жер салығын төлеуге қиналса, мемлекет меншігіне қайтарып бермегенде қайтеді?! Ал егер мал шаруашылығымен немесе егін шаруашылығымен шұғылдануға ниет білдірсе, ешқандай қысастық жоқ. Үшіншіден, бұрын Жер кодексі бойынша меншігінде ірі көлемде жайылым жері бар қожайынға 5 жыл уақыт берілетін. Яғни, осы уақыт ішінде жерді тиімсіз пайдаланса, арнайы заңнамалық құжат негізінде қайтарып алуға күш салынатын. Енді, бұдан былай оған 2 жыл ғана уақыт беріледі. 2 жылда жер иесі не жұмыс істеуі керек, не мемлекетке қайтаратын әрекетке көшуі тиіс. Тағы бір құрал – цифрландыру мен автоматтандыруды енгізу. Біз цифрландыру, автоматтандыру заманында өмір сүріп жатырмыз, келешекте конкурстар да электронды форматқа көшірілуі ықтимал. Яғни, үйден шықпай-ақ, электронды жүйе арқылы өтінім беріп, конкурстарға қатысып, нәтижелерді сол жерден көруге болады. Бұл да жер телімдерін беру рәсімдерін жеңілдетеді. Қазір қолданыста бар жердің 100 пайызын цифрландырудан өткізуге кірістік. Әр фермер электронды кабинет арқылы порталға тіркеліп, меншігіндегі жерін көрсетеді. Бұдан бөлек жыл аяғына дейін жайылымдық жерлерге тексеру жүргіземіз. Жайылым жерлер кімнің атында? Қазірдің өзінде әр облыстан былықтар шығып жатыр. Соған қарамастан бәрі картаға салынып, кадастр нөмірі, құжаты заңды ма, бәрі тексеріледі. Мұның бәрін жыл соңына дейін толық реттейміз. – Демек, жақын арада бір отбасылық фермер 500 гектар жерге ие болуы мүмкін бе? – Біздің жандәрмен боп, кірісіп жатқанымыз да сол. Елімізде ауыл шаруашылығын, соның ішінде етті мал өсіру ісін жандандыру үшін қолдан келетін әрекеттің бәрін жасап бағамыз. Иә, қарапайым шаруа жерге қалай қол жеткізе алады? Егер ол ет бағдарламасымен айналысуға ниет білдірсе, біз нендей көмек ұсынамыз? Яғни, қазір бір отбасылық фермерге 500 гектар жер беру алгоритмін жасадық. Бұл арқылы шаруа әрі кетсе бір айдың ішінде жерді ресми түрде бекітіп, кәсібін бастай алады. Біз болашақта осы алгоритмді жергілікті әкімдіктерге де ұсынамыз. – Жер-жердегі шаруа қожалықтары «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасынан» да мол үміт күтуде. Бұл сала бойынша қай облыс көш басында? – Бұл – үлкен кластерлік бағдарлама. Яғни, мұнда барлық элемент қарастырылған. Он жыл ішінде ең кем дегенде 100 шаруашылық құрылу керек. Мәселен, шағын шаруашылық кем дегенде 50 бас ірі қара мал өсіруді қолға алды делік. Ал бұзауы 8 айға толғанда бордақылау алаңына нарықтық бағамен сатады. Оны 400-450 келі ет беретін уақытқа дейін бордақылап, ет комбинатына өткізеді. Осы баспалдақпен етті жоғары бағамен сатуға болады. Бұл конвейер толыққанды жұмыс істеу үшін әр фермерге 500 гектар жер беріп, әрқайсысына 15 жылға 2 жыл жеңілдік арқылы 4 пайызбен несие беріледі. Атап өту керек, етті мал шаруашылығымен айналысуға бет бұрған өңірдің ішінде Ақтөбе, Павлодар, Ақмола облысы көш басында. Таяуда ғана Ақмола облысы бизнес субъектілерімен кездесіп, арнайы семинар өткіздік. Онда ауыл шаруашылығына қатысты біраз мәселенің түйіні тарқатылды. Бұған дейін дәл осындай басқосуды Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында ұйымдастырып, шаруа қожалықтарының мәселесімен бетпе-бет таныстық. Мұндай отырыс нәтижесін беріп те жатыр. – Елімізге шетелден қанша бас мал әкелінді? Жалпы, сырттан асыл тұқымды ірі қара мал әкелу тиімді ме? – Шетелден 70 мың бас ірі қара жеткізілді. Қазір сол ірі қара малдыңбасы көбеюде. Әрине, сырттан келген асыл тұқымды ірі қараның бағасы да қымбат. Сондықтан бізге «суррогат ана» технологиясын енгізу керек. Яғни, жақсы бұқа арқылы жасанды жолмен көбейту ісі қолға алынбақ. Ал шетелден бұқадан гөрі аналықты жеткізу әжептәуір арзанға түседі. Шын мәнінде, шетелден ірі қара әкелмесек, еліміздегі шаруа қожалықтары өсіріп жатқан малын бір-біріне сатқанмен, мал саны көбеймейді. Бәрі арифметика ғой. Соның есебінен бағдарлама басталған 2018 жылдан 2027 жылға дейін қанша аналық бас болады, ол қанша төл береді, бордақылау алаңына, ет комбинатына қанша ірі қара жеткізіледі, бәрі-бәрі есептеледі. Қысқасы, он жыл ішінде ет өндірісін 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Оның ішінде сиыр, жылқы малы ғана емес, ұсақ мал да бар. Қазір әр облыс әкімдігімен жұмыс істеуге кірісіп кеттік. – Шаруа қожалықтары иелері жиі айтатын тағы бір мәселе – жайылым жерден бөлек, жұмыс күшінің тапшылығы. Сіздіңше, жастарды атакәсіпке баулу үшін не істеу керек? – Осы мәселе мені де алаңдатады. Негізі мұны әр отбасы қолға алуы керек. Тіпті, балабақша, мектептен бастап психологияны өзгерту керек. Кез келген қазақ ата-аналары туған баласын: «Бүгін сабақ оқымасаң, ертең азып-тозып мал бағасың, бітті шаруаң!» деп үрейлендіреді. Бұл дұрыс емес. Біз мал бағу да үлкен кәсіп екенін баланың санасына сіңіруіміз керек. Жалпы, қоғам, еңбек адамдары «мал бағушы – ең төменгі топтағы адам» деген пікірді өзгертуге атсалысуы қажет. Білесіз бе, шетелде фермерлер – қоғамда беделі жоғары мамандық иесі. Олар олжалы кәсіптің құлағын ұстап отырғанын жақсы біледі. Тіпті, бұл кәсіп атадан балаға мирас ретінде қалдырылады. Міне, осы түсінікті біздің қоғамға әкелу керек. Сонда ғана жастар мал бағу, өсіру – еңбекке сүйіспеншіліктен туған кәсіп екенін түйсінеді. Мал бағу да – өнер. Қазақ жеріндегі негізгі шаруашылық – мал бағу мен егін егу. Бізді атакәсіптен ешкім ажырата алмайды. Сондықтан да қоғамның әрбір мүшесі осы сала мамандарына ерекше құрметпен қарағаны жөн. – Әңгімеңізге рахмет!