Жаңалықтар

«Қазақ елі» анимациясы қашан көрсетіледі?

ашық дереккөзі

«Қазақ елі» анимациясы қашан көрсетіледі?

Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильм жасалуда. Анимациялық туындыны 15 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар «Сақ» киностудиясы қолға алған. Бұл туралы «Сақ» киностудиясының  шығармашылық ұжымы Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында хабарлады.

Керей мен Жәнібек хандардың балалық шағынан бастап, қазақ хандығының құрылуына дейінгі аралықты қамтыған мультфильм желтоқсан айында көрерменге жол тартады. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалуда. «Балаларға өмірдегі жақсылықпен қатар жамандықтың да қатар жүретінін АҚ пен ҚАРА күресі арқылы көрсету оңай емес. Фильмнің қазіргі заман балалары арқылы тарих қойнауына өтуі ұрпақтар сабақтастығының үндестігін айқын байқатады», – дейді анимациялық фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков. Сондай-ақ, мультфильмде қазақ жерінің көркем табиғаты, сол замандағы Жібек Жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сығанақ сынды ірі қалалар, зәулім хан сарайлары да көрсетіледі. Өткен тарихтың бүгінгі жалғасы ретінде қазақ мемлекетінің бүгінгі елордасы Астананың да әсем көріністері анимациялық фильмде тарихи сабақтастық ретінде көрініс табады.

[playlist artists="false" ids="6639,6638,6637"]

Анимациялық туындының тәрбиелік маңызы зор. Фильмнің басты кейіпкерлері Жәнібек пен Керей ұстазы Қарт батырдан тәлім алып, садақ ату, қылыштасу, атқа шабу, тағы да басқа далалық жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйренуі кеңінен көрсетіледі. Тарихи тағылымы мол туынды кішкентай көрерменді жалықтырмас үшін, фильмде Керей мен Жәнібектің балалық шақтағы қызықты оқиғалары, әсіресе, жас сұлтандардың асау таймен алысып жүріп, жапан далада қарақшыларға тап болуы сәтті көрсетіледі. Дәл осы  эпизодқа арнайы жазылған «Қарақшылар» әнін әнші Нұрлан Абдуллин мен Сәкен Майғазиев, әзілкеш Нұржан Төлендиев («Алдараспан» театры), Берік Тұрсынбеков («Шымкент-шоу» театры) сынды елге танылған азаматтар орындайды.

Фильмге тарих ғалымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбай, жазушы, драматург Дулат Исабеков кеңесшілік жасаған. Фильм сценариін Сағаділдә Үсіпәлиев жазған. Жоба продюссері Сәбит Әбдіхалықов. «САҚ» киностудиясының басты мақсаты – ұлттық құндылықтардан бастау ала отырып, қазақ анимациясын әлемдік деңгейге көтеру. Бұған дейін студиямыз жасаған «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық - Зарлық», «Сапа олимпиядасы», «Қанатты барыс туралы аңыз» анимациялық фильмдерімен, «Томпақ» анимациялық сериалымен көпшілікке танылған киностудияның бұл туындысы да көрермендердің жоғары бағасына ие болады деген сенімдемін», – дейді «Сақ» киностудиясының директоры Нұридин Пәттеев.

2001 жылы құрылған шағын студия бүгінде қазақ анимациясының қоржынын 50-ге жуық мультфильммен толықтырған. «Сақ» студиясы бірнеше халықаралық фестивальдердің марапаттарын, яғни, Белоруссияда өткен Халықаралық анимациялық фестивальдің І жүлдесін, Қытайдың Хонжу қаласында өткен анимациялық фестивальде «Қошқар мен теке» мультфильмі «Отан сүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» сынды екі бірдей аталымдағы жүлдесін иеленді. Ал елімізде «Шәкен жұлдыздары» Халықаралық кинофестивалінде «Қазақстан киномотографистер одағының» арнайы жүлдесін алып, 2007 жылы алғаш рет республикалық «Алтын жебе» халықаралық анимациялық кинофестивальді ұйымдастырды.

[caption id="attachment_6545" align="alignnone" width="1500"] Нұридин Пәттеев, "Сақ" киностудиясының директоры[/caption] [caption id="attachment_6559" align="alignnone" width="1500"] "Қазақ елі" анимациясының шығармашылық құрамы[/caption]